Жаңалықтар

30 қараша 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс бабындағы сапармен келген Әбу-Даби әмірлігінің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен кездесті.

Ақордада өткен әңгіме барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев және мұрагер ханзада Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың болашағын талқылады.


Президент Н.Назарбаев осы жылдың қарашасында Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағдаластыққа қанағаттанатынын білдірді. Сапар аясында тараптар мұнай-химия, металлургия және газ өнеркәсібі салалары бойынша бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласқаны мәлім. Осы мақсатта Қазақстан жарғылық қоры 4 миллиард долларды құрайтын, еліміздегі ірі жобаларды қаржыландыратын бірлескен инвестициялық қор құруды ұсынады.


Жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында Энергетика және минералдық ресурстар, Индустрия және сауда министрліктерінің, «Самұрық» ұлттық холдингінің және «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясының басшылары Әбу-Дабидің мұнай инвестициялары жөніндегі халықаралық компаниясының делегациясымен келіссөздер жүргізді.


Бүгінгі кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы қатынастар достық пен өзара құрметтестік негізде дамып келе жатқандығын атап өтті. Бұл экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді, оның аясында әмірліктердің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басталды. Оның ішінде Каспий теңізіндегі «Ақтау-Сити» мен Астана қаласындағы «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылыс жобалары бар.


Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығы Қазақстанға тәуелсіздік алған кезден бастап-ақ қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, Астанадағы әкімшілік ғимараттарының бірін салуға 15 миллион доллардың грантын бөлді. Ал биылғы жылғы Шымкенттегі кездесуде Әмірліктер басшылығы Шымкент қаласында мешіт пен әйелдер босанатын үй құрылысына тиісті қаржы бөлетіні туралы шешім қабылдады.


Екі елдің халықаралық және діни мәселелердегі ұстанымдарында алшақтық жоқ. БАӘ Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру бастамасын қолдайды. Сонымен қатар, Қазақстанның ТМД және ШЫҰ аясындағы қызметін жоғары бағалайды. Қазақстан да, Біріккен Араб Әмірліктері де екі мемлекет арасындағы Іскерлік кеңестің құрылуы ерекше маңызды деп есептейді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар