Жаңалықтар

24 наурыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Финляндия Республикасына келді.
big-01.jpg

Финляндия Республикасы Президентінің сарайында өткен ресми қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияның Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.


Осыдан соң Қазақстан Президентін Финляндия Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – «Финляндияның Ақ Раушаны және Финляндия Арыстаны» орденімен марапаттау рәсімі болды. Мемлекет басшысы Финляндия Президенті Тарье Халоненге екіжақты қарым-қатынасты нығайту ісіне қосқан айрықша үлесі үшін «Алтын Қыран» орденін тапсырды.


Екі мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Кездесуде халықаралық саясат мәселелері, атап айтқанда еуропалық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылық мәселелері, Ауғанстандағы ахуал, энергетикалық қауіпсіздік және әлемдік қаржы дағдарысының зардаптарына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы қазақстан-финляндия қарым-қатынасының перспективасы қаралды.


2008 жылы Қазақстан мен Финляндия арасындағы тауар айналымы 1 млрд. 100 млн. доллардан асты, бұл 2007 жылғы көрсеткіштен 56 пайызға жоғары. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен 22 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.


Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасында бірқатар екіжақты құжаттарға, оның ішінде табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Финляндия Республикасы Білім министрлігі арасындағы білім саласындағы өзара түсіністік туралы келісімдерге қол қойылды.


Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан Финляндияны ЕҚЫҰ мен Еуропалық Одақтағы сенімді әріптес ретінде қарастырады. Мемлекет басшысы Финляндия мен Қазақстан арасындағы қатынастарды нығайту үшін саяси тұрғыдан алғанда, барлық қажетті жағдай жасалғанын атап көрсетті. Жоғары деңгейде өзара сенімге негізделген үнқатысу орнықты, өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтары белгіленді, Үкіметаралық комиссия мен екіжақты ынтымақтастықтың басқа да тетіктері іске қосылды.


- Біздің еліміз Финляндиямен Еуропалық Одақ аясындағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Біз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісімді бекітуде Финляндия белсенді рөл атқарады деп үміттенеміз. Тұтастай алғанда, бүгінгі келіссөздердің қорытындысы Қазақстан мен Финляндияның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдетуге деген ұмтылысын көрсетті, - деді Мемлекет басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар