Жаңалықтар

18 маусым 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі.
01

Өз сөзінде Президент өткен жылдар ішінде Санкт-Петербургтегі форум аймақтық және жаһандық ауқымдағы әрекет етуші экономикалық стратегияны әзірлеуге көмек көрсеткен маңызды құралға айналғанын атап өтті. Форумның қазіргі тақырыбы да ешқандай күдік туғызбайды.

Мемлекет басшысы әлем дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл адамзат үшін күрделі, сынға толы кезең болады деп айтуға барлық негіз бар. Көп мәселе  жаһандық экономика мен саясаттың  барлық  субъектілері  үшін тиімді даму формуласының табылу, табылмауына байланысты. Біріншіден, әлемдік экономикалық және валюталық жүйеде түбегейлі өзгерістер бола ма, болмай ма? Ондай өзгерістердің қажеттілігі туралы бүгін көп айтылып жүр, бірақ бірде-бір тұшымды  шешім қабылданған жоқ. Екіншіден, ол өзгерістер әлем елдеріне, олардың қарапайым азаматтарына  қалай әсер етеді?

Бүкіл  әлемнің  келешегі жаһандық  проблемалардың себептерін түсіну  мен оларды шешудің  «кілттерін» табуға байланысты болады.

Нұрсұлтан Назарбаев Петербург форумында осынау бағытта маңызды қадам жасалатындығына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жаһандық  қаржылық-экономикалық дағдарыс терең  экономикалық сызат түсіргенін атап өтті. Және  қазір ол  сызаттар айналымға шығарылып  жатқан арзан ақшалардан жасақталған дағдарысқа қарсы ақша қорларымен «жамалуда». Бірақ, әлемдік экономиканың тұтастығының күйреуі бұдан жоғалып кетпейді, тек қана аздап бүркеулі болады. Мұндай шарамен оны еңсеру оңай емес. Әлі күнге дейін ақша салымдарының сақталуына және салыстырмалы түрде экономикалық тұрақтылыққа кепілдік беретін, не жаңа экономикалық қауіптерге қарсы тиімді тетіктің, не сенімді резервтік валюта немесе өңірлік валюталар топтары жоқ.

Президент жаһандық дағдарыстан әлемдік қоғамдастық жаңа әрі әділетті валюталық-қаржылық архитектураға өтуге қадам басу арқылы шығуға болатынын атап өтті. Бұл өркендеудің   тартушы күші, бірінші кезекте   жаңа   дәуірдің  жетекшілері  болады.   Әзірге    бір ғана   мәселе анық емес:  ол жаңа дәуірдің  қашан  басталатындығы.

-  Мүмкін ол үшін дағдарыстың аяқталғаны мен жаңа дәуірдің басталғанын білдіретін құбылыстар мен көрсеткіштер туралы біздің нақты түсінігіміз болуы керек шығар. Бұл түсініктерге мен бұдан екі жылдан астам уақыт бұрын өзімнің  «Дағдарыс кілті» атты еңбегімде тоқталып өткенмін. Әзірге оның бірде-бір қағидасын ешкім бекерге шығарған жоқ, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біріншіден, бұл заңдылық өлшемдері, яғни өз халықтарының мүддесі үшін әлемнің көптеген елдері қабылдаған және негізгі пайдаланушылар тарапынан әзірленген әлемдік валюта туралы әлемдік Заңның (немесе Келісім) болуы.

Екіншіден, бұл әлемдік валютаның эмиссиялық тетіктерін басқару және эмиссия рәсімдерінің демократиялығы мен ашықтығы өлшемдері.

Үшіншіден, бұл жалпы алғанда, әлемдік қоғамдастық пен пайдаланушылар тарапынан әлемдік валюта эмитетіне бақылау жасау өлшемдері.

Төртіншіден, бұл әлемдік валюта эмитетінің, яғни оның негізгі субъектілер – барлық әлемдік қоғамдастық, елдер, компаниялар мен азаматтардың алдындағы жауапкершілік өлшемдері.

Президент ескі батыстық даму парадигмасы іс жүзінде өз беделін түсіріп, әлемді жаһандық дағдарысқа әкеліп соққанын атап өтті. Оның орнына ХХI ғасырдың таяу онжылдығының мэйнстриміне айналатын жаңасы келеді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар өзекті аспектілерге назар аударды.

Бірінші. Жаһандық ығыттар шикізатқа тәуелділіктен кетіп, орнықты, инновациялық дамуға ауысу қажеттілігін анықтап отыр. Қазақстан жаһандық ығыттарға қарсы тұруға бағытталған өзіндік іс-қимыл бағдарламасын әзірледі.

Екінші. Кез келген ел жаһандық ығыттарды жекелей еңсеруге қабілетсіз және жаңа экономикалық сілкіністерсіз одан әрі дамитынына кепілдік жоқ. Сондықтан да Қазақстан әрдайым ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және өге бірлестіктер форматында интеграциялық үдерістерді жақтаушылар қатарынан көрініп келеді.

Үшінші. Бүгінде Кеден одағының құрылғанына қарамастан, Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу тиімді және стратегиялық маңызды екені шүбәсіз. Жаһандық экономиканың қазіргі заманғы жағдайын ескере отырып, Кеден  одағының елдері ДСҰ-ның тек базалық келісімдерінің шарттарын ғана ұстанулары керек, оның аясынан тыс жатқан ДСҰ-ПЛЮС шарттары  керек емес. Сондықтан да, Кеден одағының елдері ортақ кеден аумағының ішінде де, оның сыртында да жүзеге асырылатын бірыңғай (келісілген) сыртқы сауда саясатының қағидаларын талдап жасауы өте маңызды.

Төртінші. Бүгінде бүкіл әлем энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа ығыттарымен кездесіп отыр. Әлемдік энергетикалық ұйымды құру қажеттігі пісіп-жетілді. Бұл ұйым әлемдегі энергетикалық ресурстардың барлық түрін өндіруді және таратуды, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді үйлестіріп отыруы қажет.

- Мен форумдағы бүгінгі талқылаулар әлемге жаһандық экономиканы дағдарыстан кейінгі сенімді өсуіне бағытталған жаңа бастамаларға жол ашады деп сенемін. Форумға қатысушыларға табыс және жемісті еңбек тілеймін! - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар