Жаңалықтар

14 қаңтар 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Каспий жобасы бойынша мердігер компаниялардың өкілдерін қабылдады.

Ақордада өткен Президентпен кездесуге «Шелл», «Тоталь», «Эни», «Эксон Мобил», «Коноко Филипс» және «Инпекс» компанияларының өкілдері қатысты.


Кездесу барысында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев Мемлекет басшысын Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Үкіметінің Солтүстік Каспий жобасы өнімдерін бөлу туралы келісімге қол қойған компаниялар консорциумымен жүргізген келіссөздерінің қорытындылары жөнінде хабардар етті.


- Ең бастысы, бүкіл консорциум мүшелері, оның ішінде қазақстандық тарап аталған жобаның болашақта жақсы серпінге ие болатынына сенімді, - деді министр.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық тарап Солтүстік Каспий жобасы бойынша бекітілген шарттарды берік ұстанғанын атап өтті. Алайда, бірінші мұнай игеру мерзімінің кейінге шегерілуіне байланысты, республика бюджеті айтарлықтай қаражаттан айрылып отыр.


- Енді бұл әділдік теңдестігі қалпына келтірілді. Мен біздің тарапымызды да қабылданған шешім қанағаттандыруы тиіс деп ойлаймын. Сіздер өкілдік етіп отырған барлық компанияларға Қазақстан Үкіметі және жеке мен өзім үлкен құрметпен қараймыз. Осындай мәміленің нәтижесінде біздер достар әрі әріптестер болып қалдық, және де бірге жұмыс істейтін боламыз, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Кездесуге қатысушылар келіссөздердің және Қазақстан Президентімен болған бүгінгі кездесудің қорытындыларына қанағаттанғандық сезім білдірді.


- Бұл кездесу келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға оң бата болды. Бүгін өте маңызды күн, былайша айтқанда барлық тараптардың түсіністігінен басталған болашаққа бағдар болды. Мен Қашаған жобасы үлкен жоба болып табылатынын, оны игеруге қатысушы компаниялар аталған жобаны жүзеге асыру бойынша табысты жұмыс атқарып отырғанын атап өткім келеді, - деді «Шелл» компаниясының президенті Йеруен Ван дер Веер журналистерге арналған брифингте.


Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселеге қатысты бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасады:


- Қашаған әлемдегі ірі мұнай-газ кен орнының бірі болып табылады. Оны игеру үшін Қазақстан аса ірі трансұлттық компаниялармен Солтүстік Каспий жобасын бекітті. Алайда, осы компаниялардың бірінші мұнай алу мерзімін кешіктіруіне байланысты, Қазақстан табыстың өзіне тиесілі үлесінен айрылды.


Осыған байланысты, мен өткен жылдың жазында Үкіметке осы жобадағы Қазақстанның мүддесін орнықтыру үшін келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Бүкіл әлемдік қоғамдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіне аударған өте күрделі келіссөздер жүргізілді. Көп раундтық күрделі келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан тарапы өз мүдделерін қорғап қалды. «ҚазМұнайГаз» компаниясы жобадағы өз үлесін екі есеге ұлғайтатын болды, бұл болашақта табыстың еселеп артуына әкеледі.


Мен бұл біздің еліміз үшін жақсы жаңалық болды деп есептеймін. «ҚазМұнайГаз» әлемдік мұнай қауымдастығының өлшемдері бойынша ірі компанияға айналып отыр. Бұл өте маңызды. Бүгінгі кездесу біздің барлығымызыз ортақ шешімге тоқталғанымызды білдіреді. Біз байланыстарды үзген жоқпыз. Және инвестор компаниялар да, Қазақстан жағы да жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне риза, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


* * * *


«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес қазіргі кезде консорциумға қатысушылардың барлығы бүгін, яғни 2008 жылдың 14 қаңтарында жаңа Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар