Жаңалықтар

8 мамыр 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшылығымен және мүшелерімен жұмыс кеңесін өткізді, онда Денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Президент бүгінде Денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталғанын атап өтті. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2004 жылдан бері шамамен 2,5 есеге өсіп, 2007 жылы 310 миллиард теңгені құрады, жан басына шаққандағы шығын 2,3 есеге дейін көбейді, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге артты. Соңғы екі жылда 156 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді, оның 144 ауылды жерлерде салынды. 3200 бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына жөндеу жүргізілді.


- Алайда, айтарлықтай оң нәтижелер жоқ, - деп атап айтты Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент денсаулық сақтау мен білім саласын қаржыландыру ел экономикасының өсуіне тікелей ықпал ететінін, нақты айтқанда мемлекет болашағына салынған инвестиция болып табылатынын атап өтті.


- Халық денсаулығы – елдің басты байлығы, және де ол стратегиялық маңызды мәселелер қатарына жатады, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой осы кезең аралығында Қазақстанның денсаулық сақтау саласында едәуір реформалардың жүргізілгені жөнінде әңгімеледі. Екінші кезеңде, яғни 2008 жылдан 2010 жылға дейін денсаулық сақтау жүйесін реформалау алғашқы буынды, ауруханалық секторды жақсартуға, кадрлық және ғылыми әлеуетті күшейтуге, фармацевтикалық секторды кезең-кезеңмен халықаралық стандарттарға көшіруге, көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға, саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге бағытталатын болады.


Ел тұрғындарына жоғары технологиялық көмек көрсету үшін Астана қаласында медицина кластерінің алғашқы нысандары – Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы мен Республикалық балаларды оңалту орталығы пайдалануға берілді. Таяуда медициналық кластердің басқа да нысандары халық игілігіне берілмек.


Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі кодексінің жобасы әзірленді, медицина қызметкерлерінің еңбек ақысын дифференциалдық жүйе бойынша төлеу енгізілді, медицина кадрлары шет елдерде білім алуда.


- Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес аурулардың алдын алу және оларды болдырмауға көшу жүзеге асырылуда. Министрліктің таяу жылдарға межелеген міндеті бүгінде 23 пайызды құрайтын стационарлық көмек шығындарын қысқартып, бұл қаржыны алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бөлу болып табылады, - деді А.Дерновой.


Қазақстанда өлімнің 77 пайызының себебі жүрек-қан-тамыр, ісік аурулары мен тыныс алу жолдарының ауруларына байланысты болғандықтан, Елбасы қаржыны оңды-солды шығындағаннан гөрі, нақ осы аурулардың алдын алуға бағыттау қажеттігіне баса назар аударды.


Мемлекет басшысы Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жекелеген кемшін тұстарын атап өтті. Аталаған Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда қол жеткізген оң нәтижелермен қатар, бірқатар маңызды шаралар толық іске аспай отыр. Туберкулез, онкология тәрізді әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей келеді. Ана мен бала өлімін болдырмау жөніндегі шаралар толық көлемде жүзеге асырылмай отыр.


Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке денсаулық сақтау саласындағы жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалануды жандандыруды тапсырды, бұл өз кезегінде қаржылық ресурстар тартумен қатар, жеке сектордың білімі мен тәжірибесін кеңінен пайдалануға, қаражатты тиімді жұмсауды қамтамасыз етеді.


Адам денсаулығы 50 пайызға оның өмір салтына байланысты екендігін атап көрсеткен Президент, бүгінгі күнде тиісті деңгейде жүргізілмей отырған салауатты өмір салты құндылықтарын насихаттауды күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке және әкімдерге Темекі шегуді шектеу туралы заң нормаларының жүзеге асырылуына тиімді бақылауды қамтамасыз етуді, қоғамдық орындарда, мектептер мен басқа да оқу орындарының аумағында темекі шегуге тыйым салуды, аталған ұйымдар басшыларының осы мәселеге әкімшілік жауапкершілігін күшейту, кешкі және түнгі уақыттарды алкоголь өнімдерін сатуға заңды негізде шектеу қоюды тапсырды. Сонымен қатар, бұқаралық және балалар спортын дамытуға, дене шынықтыруға тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлу тапсырылды.


Содан кейін Президент Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың есебін тыңдады, министр Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарласының бірінші кезеңінің жүзеге асыру қорытындысы және 2009-2010 жылдарға арналған негізгі жұмыс бағыттары туралы әңгімеледі.


Мәселен, 2004 жылмен салыстырғанда, балалар бақшасының саны 422-ге, оларға баратын балалар саны 71-ге артқан. 36,5 мың балаға арналған 1427 кішігірім орталықтар ашылған. Жалпы білім беретін мектептер жүйесі дамуда, бүгінде олардың саны – 7879. 230 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, соның арқасында оқушылық орынға деген сұраныс 40 мың бірлікке қысқарып отыр.


Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның дарынды балаларын қолдау үшін халықаралық «ақылды мектеп» тұжырымдамасына сәйкес, 20 Интеллектуалдық мектеп құрылысының жобасы жасалуда.


Оқытушыларға жалақыны олардың біліктілігіне байланысты төлеу жоспарланып отыр. Жастарды ауыл мектептеріне ұстаздық етуге тарту мақсатында грант жүйесі әзірленуде.


Кәсіби және техникалық білім беру саласында 848 оқу орны кадрлар даярлаумен айналысады. Бүгінде осы оқу орындарында 605 мың адам білім алуда. Тұтастай алғанда, 2004 жылмен салыстырғанда оқу орындарының саны 81-ге артқан.


Техникалық және кәсіби білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 94 жаңа білім беру бағдарламасы енгізіліп, халықаралық сарапшылардың қатысуымен мамандықтар бойынша 72 стандарт әзірленетін болады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде мамандарды үш деңгейде даярлау жүйесі енгізілді, олар: бакалавр – магистр - Ph.D докторы.


Мемлекет басшысы жоғары білім беру саласында отандық жоғары білім беру сапасын халықаралық бағалау жүйесін енгізу міндетін қойды. Бұл үшін қазақстандық ЖОО-ларға жоғары білім берудің халықаралық рейтингтеріне қатысу қажет.


- Бүгінде қазақстандық бірде-бір университет таяуда Англияда есебі жарияланған әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына кірмейді. Бірде-бір қазақстандық университет тіпті сандық көрсеткіштерге негізделген 500 ең үздік университеттің Шанхай рейтингісінен орын алмады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Білім және ғылым министрінің есебінің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке және әкімдерге мектепке дейінгі мекемелердің құрылысын салуға инвестиция тарту жөнінде нақты шаралар қабылдауды, мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейтуді, ауыл мектептеріне баса назар аудара отырып, үш ауысымда оқуды жоюды, халықаралық стандарттарға бағытталған білім беру үдерістерінің сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.


- Министрлікке оқулықтардың, оқу бағдарламаларының мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін тексеруді тапсырамын. Оқушыларды жоғары сапалы оқулықтармен және оқу бағдарламаларымен қамтамасыз ету осы жұмыстың нәтижесі болуы тиіс, - деді Президент.


Мемлекет басшысы білім және ғылым министрлігіне қазіргі кезде көптеген сұрақтар тудырып жүрген Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) тетіктерін белгілеуді тапсырды.


Кеңестің қорытындысы бойынша Үкіметке қазақстандықтардың өмір сапасын түбегейлі өзгерту және жедел экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтаудың және білім берудің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілетті үлгісін әзірлеп, Мемлекет басшысының қарауына ұсыну жөнінде тапсырма берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар