Жаңалықтар

1 шілде 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды облысына келді.
big-01Eg.jpg

Қарағандыда Президент Бұқар жырау ескерткішінің ашылуына қатысты.


Мемлекет басшысы XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясының аса көрнекті тұлғасына арналған ескерткіштің ашылуы – бұл қарағандылықтардың ғана емес, сондай-ақ бүкіл елдің мәдени өміріндегі айрықша маңызды оқиға екендігін атап өтті.


- Қазақстан Бұқар жырау өз шығармаларында армандап өткен еркіндікке қол жеткізді, - деді Н.Назарбаев.


Содан кейін Мемлекет басшысының жұмыс сапары Теміртау қаласында жалғасты.


Елбасы өзінің жастық шағы өткен осы қалаға әрдайым ыстық ықыласпен келеді. Мұнда оның еңбек жолы, тұлғалық қалыптасуы, саяси өмірге араласу кезеңі басталды.


Бүгін Президент өзіне етене жақын металлургиялық комбинатқа ат басын тіреді. Мұнда ол сортты прокат цехының іске қосылуына қатысты.


Елбасы металлургтер алдында сөйлеген сөзінде қазіргі заман талаптарына сай жаңа цех – Қазақстан астанасының 10 жылдығына арналған тамаша тарту болғанын атап өтті. Бұл серпінді жоба «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасына еніп отыр.


- Бұл өндіріс осы өңірдің және бүкіл республиканың құрылыс саласын дамыту үшін зор маңызға ие, - деді Н.Ә.Назарбаев.


Президент жақын арада екінші желінің құрылысын салу мәселесі шешімін табатынына сенім білдірді. Оның нәтижесінде сортты прокат өндірісінің жалпы көлемі екі жарым есеге артып, шамамен бір миллион тоннаны құрайтын болады. Бұл қазақстандық құрылыс индустриясы кәсіпорындарын импорттық өнімдердерге деген тәуелділіктен арылтады. Сонымен қатар, отандық арматура шығару құрылыстағы бағаның төмендеуіне ықпал етуі тиіс.


«Арселор Миттал» АҚ басшылығы Мемлекет басшысына болат өндірісін жылына 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі металлургиялық комбинаттың даму жоспарын таныстырды.


Содан кейін Н.Назарбаев «Металлург» стадионына келіп, Теміртау қаласының тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде Қарағанды облысының қол жеткізген табыстарына Президент ретінде ғана емес, сондай-ақ осыдан үлкен өмірге еңбек жолдамасын алған адам ретінде де қуанатынын атап өтті.


Бүгінде Қазақстан Магниткасына 50 жыл толып отыр.


Осыдан жарты ғасыр бұрын ауылдан шыққан жас жігіт Н.Ә.Назарбаев «болат үндеуге», яғни металлургиялық мамандықтарды игеруге аттанған еді. Кәсіпорын ұлттық кадрларға зәру болатын. Орта білімді төрт жүз қазақ азаматы Урал мен Украинаның металлургиялық зауыттарына стажировкадан өтуге аттандырылды. Осылайша, 67 азамат, соның ішінде Қазақстанның болашақ елбасы білім алуға Днепродзержинск қаласына жол тартқан болатын. Бүгін солардың бірқатары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесуге келді.


Мемлекет басшысы қарағандылықтарға металлургиялық комбинатты дамыту, кәсіпорын жұмысшыларының әл-ауқатын жақсарту, тұрғын үй құрылысын салу жөніндегі жоспарлары туралы әңгімеледі.


Президент «Арселор Миттал» АҚ басшылығына «XXI ғасыр интеллектуалдық мектептерінің» қатарына енетін жаңа мектеп салуды тапсырды.


Н.Ә.Назарбаев жас қазақстандықтарды Отанға деген сүйіспеншіліктің, еңбекке деген жауапкершіліктің үлгісі болуға тұрарлық өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарындағы жастардың өнегесін үлгі тұтуға шақырды.


Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қарағанды облысының барлық тұрғындарына мықты денсаулық, жаңа табыстар мен жетістіктер тіледі!


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар