Жаңалықтар

19 тамыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды.
big-01

Президенттің жұмыс сапары бидай, күнбағыс және жем-шөптік дақылдар егілген «Есіл-Агро» ЖШС-інің егістік алқаптарын аралаудан басталды. Серіктестіктің директоры Асылбек Ысмағамбетов Нұрсұлтан Назарбаевқа егіс алқабының ахуалы және дәнді дақылдарды өсіру шаруашылығында қолданылатын технологиялар жайлы әңгімелеп берді.

«Есіл-Агро» ЖШС-і 2005 жылдан бері дәнді дақылдар мен майлы дақылдар өндірумен және өңдеумен айналысады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ кәсіпорынның тауарлы сүт кешенінің бірінші кезегін аралап көрді.

2007 жылдың маусым айында Шучье қаласында қуаттылығы тәулігіне 10 тоннаны құрайтын сүт зауытының құрылысы басталды. Кәсіпорында 2009 жылдың қараша айынан бастап қатты және жұмсақ ыдыстағы қышқыл сүт өнімдерін, атап айтқанда сүт, ірімшік, айран, балмұздақ және йогурттың 32 түрін шығару жоспарланып отыр. «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы бұл жобаға 128 млн. теңге инвестиция салған.

Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы алғашқы алтыжолақты автобан – «Астана-Көкшетау» автомобиль трассасы құрылысының барысымен танысты.

Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Нұрсұлтан Назарбаевқа осы автожол құрылысының барысы туралы әңгімелеп берді.

- Ақмола облысындағы автокөлік жолына қатысты жобаны жүзеге асыру жөніндегі барлық жұмыстар жоспар бойынша, жұмыс кестесін қатаң сақтай отырып жүргізілуде, - деп атап өтті Ә.Құсайынов.

Содан соң Мемлекет басшысы Көкшетау қаласына келіп, «Бурабай» жаңа спорт кешенін аралап көрді.

Бұл спорт кешенінде мұз айдыны және 2 мың адамға арналған трибуна, екі тренажерлік фитнес-зал, күреспен шұғылдануға арналған мамандандырылған зал, 6 жолақты ұзындығы 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні жұмыс істейді.

Спорт ғимаратының жалпы ауданы 28 мың шаршы метрден асады. Бұл жобаны жүзеге асыруға 1 млрд. 850 млн. теңге бөлінген.

«Достық» мәдениет үйінде Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола мен Қарағанды облыстарының агроөнеркәсіптік кешендері өңдейтін өнімдер көрмесімен танысты.

Мұнда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдерімен Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

- Аграрлық кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мемлекеттің басты мақсаты болып отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев кеңестің ашылуында. Біз барлығымыз бірге маңызды міндет – ауыл шаруашылығын көтеру мәселесін шешуге тиіспіз. Біз астықтың, мал шаруашылығының өнімділігін қалай ұлғайту қажеттігін ойластыруымыз қажет. Бұл жұмыс төрт бағыт бойынша жүруі тиіс. Олар: ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны өңдеу, тасымалдау, сақтау, жеткізу.

Азық-түлік белдеуін құру жұмыстары аясында Ақмола облысы бойынша құны 25 миллиардтан астам теңгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылдың тек бірінші жартыжылдығында ақмолалықтар елорда нарығына 32 мың тонна ет-сүт өнімдерін жеткізген.

Осының арқасында Астана тұрғындарын азық-түлік тауарларымен тұрақты қамтамасыз ету міндеті тиімді шешіліп отыр. Сонымен бір мезгілде азық-түлік бағасының өсуі ұстап тұрылуда.

Көкшетау қаласына жұмыс сапарын қорыта келе, Президент бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өз ойларымен бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев облыста дағдарысқа қарсы шаралардың, «Жол картасының» калай жүзеге асырылып жатқанымен танысқанын әңгімелеп берді.

Осы өңірде 125 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оларға шамамен 2 миллиард теңге бөлінген. 61 әлеуметтік-мәдени нысанды жөндеу, 39 тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нысанын, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының 25 учаскесін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 6,8 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, 3,5 мың маман қайта даярлаудан өткізіледі.

Мемлекет басшысы Ақмола облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысына қанағаттанғандығын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда дағдарысқа қарсы іс-әрекет етудің алғашқы оң нәтижелеріне қол жеткізілгенін атап өтті. Мемлекеттің көмегі әрбір аудандар мен ауылдарға, әрбір қазақстандық жанұяға жетті. Сондай-ақ шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс саласы қолдау тапты. «Жол картасы» еліміздің барлық өңірлерінде орындалып отыр.

 

Мемлекет басшысы аймақ тұрғындарын Ақмола облысының мерейлі мерейтойымен және алдағы Конституция күнімен құттықтады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар