Жаңалықтар

27 тамыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды.
big-02

Елбасы жұмыс сапарын аймақтың азық-түлік өнеркәсібінде іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Тай» компаниясының Қарағанды ет комбинатынан бастады.

Бұл жобаның құны 805 млн. теңгені құрайды. Ет комбинаты жылына 5 мың тонна ет өңдей алады және оған қоса, Қарағанды облысының ауылдық тауар өндірушілері жеткізетін шикізаттан 4,5 тонна шұжық өнімдерін шығара алады.

Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатын аралап көрді.

Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысына осы аймақта «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндап берді. Осы мақсатқа облыс бойынша 13 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген, соның нәтижесінде 24 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. 200 әлеуметтік сала нысандары толық жөндеуден өткізілді.

Мектеп ғимаратын жөндеу жұмыстарына 57 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа барлық сыныптарға, асхана мен акт залына жөндеу жүргізілді.

«Мұрагер» - оқушыларға сабақты үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытатын көптілдік тәжірибелік алаң болып табылатын бірегей білім ошағы.

Мемлекет басшысы мектеп тәрбиеленушілерімен және оқытушыларымен әңгімелесіп, мультимедиялық зертхананың жұмысымен және балаларды оқыту үдерісімен танысты.

Түстен кейін Президент Сарань қаласындағы «Қазорталықэлектрсымдары» зауытында болды. Бұл Қазақстандағы талшықты-оптикалық кабель өндіретін жалғыз зауыт болып табылады. Бұрындары мұндай кабель Қытайда, Ресейде, Германияда және басқа елдерде шығарылатын. Бүгінгі таңда отандық өнім Қазақстанның барлық қажеттілігінің 40 пайызын қанағаттандырып отыр.

Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне арнаған сөзінде аймақта «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысқанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстанда тұтастай алғанда, жағдай біршама жақсарды. Барлық өңірлерде жұмыспен қоса адамдардың бойында ертеңгі күнге деген сенімділік пайда болғаны сезіліп тұрады.

Президент сондай-ақ Қазақстанда жаңа өндіріс ошақтарының іске қосылып, егістік алқаптарының кеңейгеніне, жолдар мен коммуникация жүйелеріне жөндеу жүргізіліп жатқанына ерекше назар аударды.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Сарань қаласындағы стадионда Шахтерлер күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараларға қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының кеншілерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың елде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға қосқан зор үлесін атап өтті.

- Сіздер, кеншілер, үйлерімізге жылу мен электр энергиясын төгіп, маңызды өнеркәсіп салаларының, темір жолдардың жұмысын қамтамасыз етесіздер. Сіздер атқаратын еңбек ауыр, кей кезде тіпті қауіпті. Сондықтан да, бұдан әрі де қауіпсіздік техникасы талаптарын арттырып, шахталардың қазіргі заманға сай техникалық жабдықталуына мүмкіндік туғызатын боламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды алда келе жатқан Конституция күнімен және Кеншілер күнімен құттықтап, бақыт пен игіліктер тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар