Жаңалықтар

5 қазан 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары жалғасуда.

41.jpg

42.jpg

Президент Ақтау халықаралық теңіз сауда порты екінші кезегінің құрылысы барысымен танысты.

- Ақтау халықаралық теңіз сауда порты мен «Ақтау теңіз порты» арнаулы экономикалық аймағы (АЭА) Ақтау қаласы мен тұтастай алғанда Маңғыстау облысының экономикасын көтеру үшін зор маңызға ие болады. Қысқа ғана тарихи мерзімде Ақтау порты өзінің маңыздылығын көрсетті, сондықтан қазіргі кезде алдымызда оны кеңейту міндеттері тұр. Бізде көлікті дамытудың 2015 жылға дейінгі стратегиясы әзірленген, оны жүзеге асыру Қазақстанға өзінің барлық көліктік мүмкіндіктерін игеруге жағдай жасайды. Жуырда ғана Оралда Президент В. Путинмен кездесу кезінде біздің жүктеріміз паром арқылы Ақтаудан – Астраханьға, ол жерден – Махачкалаға, ал, одан әрі қарай теміржол арқылы тасымалданатыны туралы келісімге қол қойылды. 2010 жылға қарай Азиядан Еуропаға жүк тасымалдау 1 триллион долларды құрайтын болады, сондықтан біз де осы қаржыны игеруге қатысуға тиіспіз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Ақтау теңіз сауда портының негізі 1963 жылдың қазан айында қаланған.

Порттың өндірістік қуаты (12 айлақ) жылына 12 миллион тонна мұнай, 1,5 миллион тонна негізгі және сусымалы жүк тасымалын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Тасымалдау бағыты – Әзербайжан, Иран, Ресей, Украина.

2006 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның құны 32,2 миллиард теңгені құрайды. Ақтау теңіз портын кеңейту – порттық  инфрақұрылымы, бұғазды құрайтын төсемиіні мен толқынқайтарғышы бар төрт мұнайқұйғыш, төрт құрғақжүк жөнелткіш айлақтың құрылысын және порт акваториясында қажетті тереңдік жасау үшін теңіз табанын тереңдету жұмыстарын жүргізуді көздейді. Жобаны жүзеге асыру Ақтау порты арқылы жүк транзитінің жалпы көлемін 23 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар