Жаңалықтар

3 қазан 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Латвия Республикасының Президенті Валдис Затлерс тұңғыш рет елімізге ресми сапармен келді.
big-01EG.jpg

Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Валдис Затлерс шағын құрамдағы келіссөздер жүргізіп, қазақстан-латвия ынтымақтастығының негізгі бағыттарын тақылады.


Кездесу барысында В.Затлерс Қазақстан Президентіне Латвия Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – Үш жұлдыз орденін табыс етті.


Нұрсұлтан Назарбаев орденді қабыл ала отырып, бұл награданы шынайы достықтың белгісі және Қазақстан мен Латвия қарым-қатынасын жан-жақты нығайтудың ықыласы ретінде бағалайтынын атап өтті.


Қазақстан басшысы өз кезегінде Латвия Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.


Содан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізіліп, онда екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.


Тараптар ең алдымен, экономикалық өзара іс-қимыл мен екіжақты сауда-саттық арқылы өзара ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.


Қазақстан Латвияны Балтық өңіріндегі маңызды экономикалық әріптесі ретінде қарастырады. Алайда, екі ел ынтымақтастығының мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. 2007 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айналымы 9,5 пайызға өсіп, 200 млн долларды құрады. 2008 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда көлемі 173,7 млн. долларға жетті.


Сонымен қатар, өзара сауда-саттық көлемінің екі елдің экономикалық әлеуетіне сәйкес келмейтіндігі аталды.


Осыған орай Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жандандыруға айрықша маңыз берілді.


Қазақстан Латвияның дамыған порттық, темір және автомобиль жолдары бар көліктік әлеуетін транзиттік дәліз ретінде пайдалануға аса мүдделі.


Тараптар Қытай-Қазақстан-Ресей-Балтық көлік дәлізі бойынша теміржол тасымалын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты. Резекне – Алматы бағыты бойынша 2003 жылғы сәуірден бастап қатынайтын «Балтық транзит» контейнерлік маршрутын дамытуға ниет білдірілді.


2005 жылы пайдалануға берілген Вентспил портындағы қазақстан-латвия бірлескен астық терминалы Қазақстан-Латвия қарым-қатынасының оң үлгісі болып табылады.


Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Содан соң президенттер бірлескен баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Латвия бизнес-форумының ашылуына қатысты. Қазақстан басшысы форумға жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде латвиялық кәсіпкерлерді ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы жобаларға қатысуға шақырды. Мұндай инвестициялық ынтымақтастыққа Қазақстанның «Қазына» және «Самұрық» сияқты ұлттық даму институттары қолдау көрсетуге дайын.


Мемлекет басшылары бизнес-форумның өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.


Латвия Республикасының Президенті Валдис Затлерстің Қазақстан Республикасына ресми сапары жалғасуда.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар