Жаңалықтар

19 ақпан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның VI-шы қорытынды мәжілісі өтті.

Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы мамырдағы Жарлығымен құрылған болатын. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, елімізде қызмет ететін барлық саяси партиялардың, ірі қоғамдық бірлестіктердің басшылары кірді.


Мемлекеттік комиссияның алты ашық отырысы болып, оның үшеуі – Мемлекет басшысының төрағалығымен өтті. Одан басқа Мемлекеттік комиссияның жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс тобының отырыстары, конференциялар, «дөңгелек үстелдер», қоғамдық тыңдаулар, барлығы 35 іс-шара жасалды. Олардың барысында саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми топтардың Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі реформалау туралы ұсыныстары кеңінен талқыланып, жинақталды.


Қазақстанда демократиялық үдерістерді дамыту жөнінде жүзеге асырылған бірқатар шаралар Мемлекеттік комиссия қызметінің елеулі нәтижесі болды.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазірдің өзінде елдің саяси жүйесінде нақты әрі сапалы өзгерістер жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өткізілді, Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленіп, Президент Жарлығымен бекітілді, Үкіметтің Қазақстан Республикасында демократиялық реформаларды тереңдету жөніндегі 2006 жылға арналған іс-қимыл жоспары жүзеге асырылды. Мемлекеттік комиссия бүгінде Қазақстан Республикасының Үкіметі ел Парламентінің қарауына ұсынған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын жетілдіруге қатысты.


Қазақстан Республикасында саяси реформалаудың бағыттары жөнінде ұсыныстар әзірлеу Мемлекеттік комиссия қызметінің негізгі нәтижесі болды. Олар ұжымдық күш-жігердің жемісі болып табылады және түрлі қоғамдық-саяси күштердің пікірін ескереді. Бұл құжатпен жұмыс істеуге жұртшылық кеңінен тартылды, оның ішінде Парламент және мәслихат депутаттары, сарапшылар, ғалымдар бар.


Нәтижесінде, саяси жаңартудың қағидаттық мәселелері бойынша саяси күштердің бірігуіне қол жетті, еліміздің одан әрі демократиялық дамытудың айқын бағыты нақтыланды.


Алдағы жылдары саяси реформалар биліктің өкілеттік органдарының құзыретін кеңейтуге, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға, сот және құқық қорғау органдары жүйесін жетілдіруге, азаматтық қоғам мен партиялық жүйені дамытуға, Конституцияны жетілдіруге бағытталатын болады.


Мемлекет басшысы Парламентте Қазақстан халықтары Ассамблеясынан ұсынылғандар үшін квота бөлу, Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетін құрудағы Парламенттің рөлін арттыру туралы жұмыс тобының ұсыныстарын қолдады.


Н.Ә.Назарбаев алдағы уақытта Қазақстанның Премьер-министрі өз қызметіне кіріспес бұрын парламенттік көпшіліктегі партияның қолдауына ие болуы тиіс деген ұсыныс айтты. Мемлекет басшысы биліктің өкілеттік тармағы қызметінде партиялардың ықпалын нақтылы күшейту, сондай-ақ саяси партиялардың қызметін республикалық бюджеттен қаржыландырудың мақсаттылығын қолдайтынын білдірді.


Мемлекет басшысы ел Конституциясына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстармен айналысатын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, заңгер-ғалымдар, конституциялық құқық саласы мамандары кіретін болады.


Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның VI-шы қорытынды мәжілісінде алғашқы сөз “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы төрағасының міндетін атқарушы, жергілікті өзін-өзі басқаруды құру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Бақытжан Жұмағұловқа берілді. Жұмыс тобы жетекшісінің атап өткеніндей, Мемлекеттік комиссия жылға жуық жұмыс істеп келеді. Комиссияның қызметі елімізде демократиялық үдерістерді кезең-кезеңімен жүзеге асыруға бағытталған. Комиссияны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруы демократиялық даму барысындағы барлық ұсыныстарды қамтып қана қоймай, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Құрылған бес жұмыс тобы өткен жыл ішінде өте ауқымды жұмыс атқарды. Олар БАҚ-тарда кең көлемде насихатталды. Ең бастысы, жұмыс топтары мүшелерінің ұсыныстары сарапшылар тарапынан жан-жақты сараптаудан өткізілді.


Азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Дарья Клебанова.

- Мемлекеттік комиссия өткен жылы ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде саяси жүйені демократияландыруға бағытталған құжат жобасы дүниеге келді. Саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясы тарапынан айтылған ұсыныстар Мемлекеттік комиссияның қорытынды құжатында көрініс тапты. Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Үстіміздегі жылы әлеуметтік жұмыс, қаржылай демеушілік көрсетуге қатысты заңнамаларды қабылдау күтіліп отыр. Сонымен қатар, “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңды жетілдіру қажет.


Мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында келесі сөз кезегі “Әділет” партиясының төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаевқа берілді. Саяси ұйым жетекшісі комиссияның қорытынды құжатына енгізілген жеті басымдықты іске асыру шаралары мен Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістер еліміздегі сот және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге, сөйтіп, сот жүйесін халықаралық стандарттар талаптарына жақындатуға мүмкіндік туғызатынын атады.


Бұдан кейін “Ақ жол” партиясының төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Әлихан Байменов сөз алып, ұзақ мерзімді әсері бар қоғамдық-саяси құбылыстар тұрғысынан алғанда, өткен жыл Қазақстанды бәсекеге қабілеті жоғары 50 мемлекет қатарына қосу мақсатын жариялау және Мемлекеттік комиссияның жұмыс жасауымен ерекшеленгенін атап көрсетті.

Ендеше, бұл бастамаларымен Президент бас-аяғы 15 жыл ішінде кейбір қоғамдар ғасыр бойы жүзеге асыратын өзгерістерді абыройлы өткізген халқының экономикада да, саясатта да өскелең талғам мен қабілет негізінде жаңа биіктерге әзір екенін әлемге паш еткендей болды. Оның үстіне Мемлекеттік комиссия жұмысын тікелей Елбасының басқаруы ел ішінде де, сыртқы әріптестерде де жоғары деңгейде қызығушылық, үміт пен сенім туғызып отырғаны анық, деді “Ақ жол” партиясының төрағасы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар