Жаңалықтар

13 қараша 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.

Кеңес отырысында Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамыту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ойын бизнесін реттеу мәселелері қаралды.

 
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылу барысы және Мемлекет басшысының осы саланы дамытуға қатысты тапсырмаларының орындалу деңгейі туралы Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы істері жөніндегі комитетінің төрағасы Кайсар Омаров баяндама жасады.

 
Қазақстанның Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте экономикалық өсім қарқыны бойынша ғана емес, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын дамыту саласында да көшбасшылық рөлін сақтап отырғандығы аталып өтті. 2005 жылы 5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген, ал 2006 жылы 6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысының қарқыны бастапқыда Мемлекеттік бағдарламада белгіленген көрсеткіштен бір жарым есе асып түсті. Сондай-ақ құрылыста жұмыс істейтін адамдар санының жыл сайын артып отырғаны аталып өтті. Қазіргі кезде бұл салада 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

 
Алған бағыттың дұрыстығын атап өткен Елбасы, Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің назарын аталған саладағы шешімін таппаған жекелеген проблемаларға аударды.

 
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында отандық құрылыс материалдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде шаралар қолдану қажеттілігі аса маңызды мәселеге айналып отыр. Құрылыс материалдарының импорттық үлесі бұрынғысынша ішкі өндіріс көлемінен артық екендігі аталып өтті. Өз кезегінде, саланың жеткіліксіз деңгейде дамуы тұрғын үй құрылысының қарқынын тежеп отыр.

 
Жергілікті атқарушы органдар құрылыс бағасын арзандату үшін тұрғын үй инфрақұрылымын қаржыландыру жөніндегі шараларды әлі де тиісінше жүргізбей отыр. Соның салдарынан табысы аз тұрғындарды үймен қамтамасыз етудің мүмкіндіктері шектелуде. Сондай-ақ осы кезеңге дейін Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар жұмыстарын үйлестіру, оның іске асырылуына бақылау жасау Үкімет тарапынан толық қамтамасыз етілмеген. Бұл бюджет қаражатының игерілмей қалуына және тұрғын үйдің белгіленген мерзімнен кешіктіріліп берілуіне әкеліп соғуда.

 
Осыған байланысты Елбасы Үкіметке Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бөлінген қаржының уақытылы әрі нысаналы түрде игерілуіне бақылау жасау жөнінде кешенді шаралар қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру шаралары да қаперге алынуы қажеттігі сөз болды.

 
Президент тұрғын үйге қатысты заңнамаларды реттеу қажеттігіне көңіл аударды. Осы уақытқа дейін техникалық реттеудің халықаралық стандарттарға сай келетін ұлттық базасы жасалмаған. Бірқатар құрылыс нормативтері қазіргі заманғы талаптарға сай келмейді. Соның салдарынан құрылыс компаниялары салынып жатқан нысандардың жіктелімдері мен нормаларын қалауларынша бекітіп келеді.

 

Қала аумақтарындағы құрылыстардың жүйесіз жүргізіліп жатқандығы, ірі қалаларда даму жөніндегі бас жоспардың жасалмағандығы да сынға алынды. Тұрғын үй құрылысы аумағынан балалар үшін ойын алаңдарын салу және тиісті әлеуметтік инфрақұрылымды жасау көп жағдайларда ескерілмей келеді. Бірқатар құрылыс компаниялары сапасыз немесе бұған дейін қолданылған көне материалдарды жаңа нысандарға қалауын жалғастыруда, әлі құрылысы аяқталмаған үйлер пайдалануға беріліп келген. Қауіпсіздік нормаларын сақтауды қамтамасыз етуде де кемшіліктер орын алған.

 
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Индустрия және сауда министрлігіне 2006 жылдың сонына дейін барлық заңға қарасты нормативтік-құқықтық актілерді қолданыстағы заңнамаларға сәйкестендіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

 
Жер телімдерін заңсыз басып алу проблемалары да отырыс барысында ашық айтылды. Бұл мәселеде Үкіметке халықтың қанша жер телімімен қамтамасыз етілгендігі және қаншалықты мұқтаждығын жан-жақты зерделеу, жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін несиелерді алу жолдарын жеңілдету, коммуникация мен инфрақұрылымды дамыту жөнінде міндеттер жүктелді. Әділет министрлігіне тұрғындардың жер және жылжымайтын мүліктерді сату және сатып алу жөніндегі құқықтарын рәсімдеуді оңайлату жөнінде тапсырмалар берілді.

 

Облыстардағы әкімдерге жеке тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытумен қатар, арзан тұрғын үй үшін қосымша инвестициялар тарту мәселелерін шешу міндеттелді. Елбасы тұрғын үй құрылысының жинақталым жүйесі мен тұрғын үйді дамытуға қатысты толайым мәселелердің барынша ашықтығын қамтамасыз ету және халыққа тиісті ақпараттар беріліп отыруын атап көрсетті.

 

Құрылыста заң бұзушылықтардың тыйылмауына байланысты Бас прокуратураға сала бойынша тексеру жүргізіп, анықталған барлық факті бойынша шара қолдану қажеттігі тапсырылды.

 

Коммуналдық тұрғын үйді бөлуде орын алған заңсыздықтарды жою үшін Президент Үкіметке Мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі несиелік қаржыға салынған үйлерді бөлудің бірыңғай ашық жүйесін жасау керектігін ескертті.

 

Кеңес отырысында Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысып келе жатқан екінші деңгейдегі банктердің ұсынған қызметтеріне тиесілі комиссиялық алымдар сомасын азайту жөніндегі міндеттемелерін орындамай келе жатқандары атап айтылды.

 

Сонымен бірге, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемалары да талқыға түсті. Елбасы бұл мәселені шешу мақсатында әскери санаттағы азаматтар үшін жинақтау жүйесін енгізу мүмкіндіктерін зерделеп көруді ұсынды.

 

Қазақстан Республикасындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы Ішкі істер министрлігі Жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Тұсымов баяндап берді.

 
Мемлекет басшысы республикамызда жол-көлік оқиғалары салдарынан адам өлімінің күрт көбейіп кетуіне қатысты күрделі жағдай қалыптасқанын қадап айтты. Бұл түбегейлі және шешімді шаралар қабылдауды қажет етіп отыр. Соңғы төрт жылға жуық уақыт ішінде еліміз жолдарында 57 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 13 мыңға жуық адам опат болған, 69 мыңнан астам адам жарақат алған. Жол бойындағы апаттар мен оқыс оқиғалар себептерін анықтау барысында ол негізінен адам факторымен тікелей байланысты деген шешім жасалған. Қолға алынып отырған ықпалды шараларға қарамастан, құзырлы органдар жол апаттары санын азайта алмауда.

 

Бұған қатысты Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне Әділет министрлігімен бірлесе отырып, жол қозғалысы ережесін бұзған автокөлік иелерінің әкімшілік жауапкершілігін арттыруға қатысты заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі мәселені пысықтауды тапсырды. Ендігі жерде жол ережесінің бұзылғандығы қазіргі заманғы техникалық құралдар арқылы анықталмақ. Сондай-ақ жеке көлік құралдарында арнаулы жарық және дыбыс құрылғыларын заңсыз пайдаланғаны үшін де жазалау шаралары енгізілмек.

 

Бұған қоса, автокөлікті ішімдік ішіп немесе есірткі пайдаланып жүргізгені үшін қолданылатын жазалар қатайтылмақ. Мәселен, сондай жағдаймен бірінші рет ұсталған адам жүргізуші куәлігінен екі жылға дейін айырылса, екінші рет қайталанған жағдайда бес жыл мерзімге айырылмақ. Ал үшінші рет қолға түскен жағдайда көлік жүргізу құқынан өмір бойына шеттетіледі.

 
Отырыста жүргізуші рөлі оң жақта орналасқан автокөліктер салдарынан жол оқиғаларының артып кеткендігі де атап көрсетілді. Бұл проблеманы шешу мақсатында ІІМ мен Индустрия және сауда министрлігіне 2007 жылдың бірінші қаңтарынан бастап оң рөлді автомобильдерді Қазақстан аумағына кіргізуді шектеу, ал үш жылдан кейін ел аумағында мұндай көліктерді пайдалануға мүлдем тыйым салу жөніндегі қаулы жобасын әзірлеу тапсырылды.

 

Жол апаттарының артып кетуіне жолдардың сапалық жағдайы да кері әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта еліміздегі жалпы пайдаланымдағы 91 мың шақырым автомобиль жолының үштен біріне жуығы қанағаттанғысыз жағдайда, оның 11 мыңға жуық шақырымы республикалық маңыздағы жолдар.

 
Осыған байланысты “Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы” Заң талаптарына сәйкес Үкіметке автомобиль жолдарын жобалау, жөндеу, қалыпқа келтіру жөніндегі нормативтік және жобалық-техникалық құжаттарды әзірлеу және бекіту жөніндегі шаралар қабылдау тапсырылды.

 
Жол апаттарының артып кету себептерінің бірі жүргізушілер даярлығының тиісті талаптарға сай келмеуі екені атап көрсетілді. Осыған орай, Елбасы Үкіметке жүргізушілерді оқытудың стандарттарын әзірлеу және ІІМ-ге авто және мото көліктер жүргізушілерін оқыту жөніндегі мемлекеттік лицензияларды бөлуді ретке келтіру жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

 

Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесе отырып, 2007 жылдан бастап жалпы орта білім беру жөніндегі мемлекеттік стандарттар аясында оқушыларды автомобиль жүргізушілігіне және шұғыл медициналық көмек көрсетуге оқытуды білім бағдарламасына енгізу міндеттелді.

 
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемаларын шешу мақсатында жергілікті әкімдерге орта мерзімді өңірлік бағдарламалар әзірлеу керектігі де айтылды.

 
Елдегі ойын бизнесін реттеу туралы Қазақстан Республикасының қаржы министрі Наталья Коржова баяндама жасады.

 
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Үкіметке құмар ойындар мекемелерін орталықтардан шеттеу, бірінші кезекте, Астана мен Алматы қалаларындағы ойын мекемелерін тысқары аймақтарға көшіру мәселесін тыңғылықты зерттеу қажеттігін тапсырды. Бұл мәселе былтырғы жылдың мамыр айында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кең түрде қозғалған болатын. Ал 2005 жылдың қарашасында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында ойын бизнесін реттеу жөнінде қосымша міндеттер жүктелді.

 
Үкіметке ойын бизнесін реттеу жөніндегі дербес заңнамалық база әзірлеу тапсырылып, заңдардың тиісті жобалары осы жылдың мамыр айында ғана Парламент қарауына енгізілген. Осыған байланысты Президент жүктелген міндеттерді шешу деңгейі сылбыр жүргізіліп жатқандығын сынға алды. Аталған мәселені талқылау барысында республикамызда кейінгі кезде ойын мекемелері санының күрт артып кеткендігі айтылды. Биылғы жылдың қазанына дейінгі мәліметке сүйенсек, республика бойынша 2209 ойын мекемесі, оның ішінде 132 казино, 2023 ойын автоматтары залы ашылған.

 
Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне ойын мекемелері қызметтерін реттеуде шетелдік тәжірибелерді пайдалану қажеттігі сөз болды. Мысалы, құмар ойындар орталығына айналған АҚШ-тағы Лас-Вегас пен Атлантик-Сити, Қытайдағы Макао бас қалалардан шалғайда орын тепкен.

 

Елбасы Парламентке ”Ойын бизнесі туралы” Заң жобасын қарауды жеделдетуді ұсынды және Үкіметке Заң шығарушы орган қарауына ұсынылған құжатты толықтырып, заңның 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілуін айқындауды тапсырды. Сол уақыттан бастап казинолар мен ойын автоматтары залдары заң негізінде тек Қапшағай және Щучье қалаларында ғана жұмыс істемек.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар