Жаңалықтар

20 ақпан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен конституциялық реформалар мәселелері жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы болып өтті.

Жұмыс тобы Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша құрылды. Оның мақсаты Мемлекеттік комиссия қабылдаған «Қазақстан Республикасының 2007-2008 жылдарға арналған саяси реформалаудың басты бағыттары» құжатында топтасқан ұсыныстарды заңды құжат түріне айналдыру болып табылады.


Отырыста Елбасы жұмыс тобының қызметі негізделетін басты қағидаларды белгілеп берді. Маңызды басымдықтардың қатарында қоғамдық-саяси тұрақтылықты, заңдылықтар мен елдің демократиялық дамуын сақтауға қажетті шарт ретінде іс-әрекетке қабілетті әрі күшті мемлекеттік билікті сақтау бар.


- Конституцияға өзгерістер енгізу еліміздің Негізгі заңының барлық тұжырымдарын қайта қарауды білдірмейді. Біздің Конституция өзінің пәрменділігі мен тиімділігін дәлелдеді. Көбінесе соның арқасында елде тұрақтылық қамтамасыз етілді, билік тармақтары арасында сындарлы өзара іс-әрекет, елдің серпінді экономикалық дамуы қолдау тапты, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Президент елдің саяси құрылымының тактикалық қырларына қатысты көптеген мәселелерді Конституция шегінен тыс шығару қажеттілігін атап өтті. Бұлар заңдармен реттелуі тиіс едәуір икемді салалар.


Бастапқыда ұйымдастырушылық сипат алған Жұмыс тобының отырысы біртіндеп қызу пікірталасқа ұласқанын атап өткен жөн. Оның барысында Парламенттің рөлін күшейтуге байланысты мәселелер жан-жақты талқыланды.


Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келе, былай деді:

- Сіздердің міндеттеріңіз – Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын зерттеу, олардың құқықтық жақтарын қарастыру және ел Конституциясына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Бұл айқын, пысықталған, іштей келісілген заңды тұжырымдарды жасаудың маңызды кезеңі. Қазақстандағы саяси өзгерістердің табыстылығы сіздердің жұмыстарыңыздың сапасына байланысты болмақ.


Конституциялық реформалар мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы айына бір рет өткізіліп тұрады.


Жұмыс тобы төрағасының орынбасары болып Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов тағайындалды.


Жұмыс тобының құрамы:

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Оңалсын Жұмабеков,

Парламент Сенатының мемлекеттік құрылыс және құқықтық саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Ермек Жұмабаев,

Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің төрағасы Сергей Жалыбин,

Президент Әкімшілігінің Заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі Талғат Донақов,

Д.Қонаев атындағы университеттің ректоры Өмірәлі Қопабаев,

Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғайрат Сапарғалиев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі Виктор Малиновский,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сот билігі және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі Қалимолла Халиков.


Отырыс аяқталғаннан кейін жұмыс тобының мүшелері журналистерге арналған брифингке қатысты.


Конституциялық Кеңес төрағасының айтуынша, жұмыс тобының бірінші отырысында президенттік басқару формасы аясында Парламент өкілеттігін кеңейту жөніндегі мүмкіндікті барынша пайдалану қажеттігі негізгі талқылау тақырыбына айналған. Топ мүшелері демократия ұғымын сыртқы сипаттарымен өлшей отырып, өкілетті билік органдарына басымдық беру деп теңдестіруге болмайтыны және демократия дегеніміз барлық мемлекеттер парламенттік республика схемасымен жүруі тиіс дегенді білдірмейтіні туралы байлам жасаған.


Сонымен бірге алғашқы отырыста сөз алған Д.Қонаев атындағы университет ректоры Өмірәлі Қопабаев қолданыстағы Конституция аса үлкен өзгерістерді қажет етпейтінін, тек біздің қазіргі қоғамдық қатынастарға сәйкес келмейтін бірқатар жекелеген нормалар өзгеріске ұшырайтынын айтса, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі Виктор Малиновский саяси партиялар дамыған демократияларда дәстүрлі қолданылатын функцияларды сіңірулері тиіс деген пікір айтты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар