Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 қыркүйек 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға ресми сапары жалғасуда.
02

Бүгін Қазақстан Президенті Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінде болды.

Жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа университеттің Құрметті докторы атағы берілгені атап өтілді.

  Университеттің аудиториясы алдында сөйлеген сөзінде, Мемлекет басшысы Украин халқына деген құрметі ерекше екенін, өзінің студенттік кездерін сағынышпен еске алатынын айтты.

- Мен осында өмірге жолдама алдым, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.              

Президент Қазақстанда Украинаның ғылыми және білім әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта қазақстандық және украиналық жоғары оқу орындары көптарапты ынтымақтастықты жүзеге асыруда. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің украиналық жоғары оқу оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастары соның нақты мысалы болып табылады. Екі елдің Ұлттық ғылым академиясы арасында екі жақты ынтымақтастық орныққан.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы негізгі стратегиялық басымдықтардың бірі интеллектуалдық ұлт қалыптастыру болып табылатынын атап өтті. Мәселен, 2012 жылға дейін ғылымды дамытуда инвестиция мөлшерін 25 есе арттыру, ал оны 2015 жылға қарай ЖІӨ-нің 2,5 пайызына дейін жеткізу міндеті тұр.

- Жоғары оқу орындары саласындағы ең ірі және маңызды жоба Астанадағы жаңа халықаралық университет болып табылады. Украиналық студенттерді сонда оқуға шақырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Украиналық жастар өкілдеріне үн қата отырып, Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпақ екі ел арасындағы келешек қарым-қатынастарды жалғастыратынына тоқталды.

- Сіздердің алдарыңызда жалпы құндылықтарды одан әрі қалыптастыру, біздің халықтарымыз арасындағы достық дәстүрін, сенім мен өзара қолдауды нығайту міндеті тұр. Украин халқында «Туыстыққа бастайтын достық – байлықтан қымбат» деген дана мақал бар. Мен елдеріміздің достығы, біздің халықтарымыздың достығы тас қабырғадай әрдайым мықты болатынына және Қазақстан мен Украинаның гүлденуі мен өркендеуіне қызмет ететініне сенемін, - деп атап өтті Президент.

Бұл күні Мемлекет басшысы мен Украинаның Жоғарғы радасының төрағасы Владимир Литвинмен кездесуі болып өтті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Украинаның бизнес топтары өкілдерімен кездесті.       


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар