Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

1 қазан 2009
Мемлекет басшысының Атырау облысына жұмыс сапары аяқталды.
big-01

Президенттің жұмыс сапарының екінші күнгі бағдарламасы облыс орталығындағы "Алмагүл" шағын ауданында салынған жүз төсектік жаңа перзентхана корпусын аралауымен басталды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған, алаңы 1300 шақырымдық медициналық мекеме құрылысының құны – 2971,7 миллион теңге. Перзентхана заманауи стандартқа жауап беретін: жетілдірілген компьютерлік аппараттармен, узи және рентген аппараттарымен, шағын инкубаторлармен, жабдықтаушы датчикпен, монитормен және жылыту жүйелері тәрізді озық үлгідегі медициналық жабдықтармен жарақтандырылған. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жабдықтардың жұмысымен танысып, аурухананың медициналық қызметкерлерімен әңгімелесті. 

Одан кейін Мемлекет басшысы қалалық мұз айдынында болды. Жаңа сарайдың көрермендерге арналған орны 800 адамға есептелінген әрі Атырауда мәнерлеп сырғанау мен хоккей тәрізді қысқы спорт түрлерін дамытудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. Сарайдың мұз айдынында алғаш рет хоккейден Қазақстан чемпионатының ойындары өтті. 

Сондай-ақ Президент облыстық сот әкімшілігінің жаңа ғимаратында болды. 

Атырау жылуэнергоорталығының жаңа газотурбиналық стансасын аралау кезінде облыс әкімі Бергей Рысқалиев Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау облысында «Жол картасының» жүзеге асырылу барысы туралы баяндады және өңір дамуының ағымдағы көрсеткіштерімен, оның перспективалы даму жобаларымен таныстырды. Мұнда Президент Атырау ЖЭО IV кезегінің қуаты 25 мВт турбиналық агрегатын іске қосты. 

Мемлекет басшысы кәсіпорынның жұмысшыларының алдында сөйлеген сөзінде газотурбиналық стансаның іске қосылуы Атырау облысы экономикасының энергетикалық қуатын едәуір арттыруға мүмкіндік туғызатынын және қарқынды дамып келе жатқан өңірдің электр энергияға деген сұранысын толық қанағаттандыратынын атап өтті. 

- Бүгінде Қазақстан бойынша жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Осының бәрі – біздің халқымыздың бірлігінің, сондай-ақ қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың нәтижесі, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президент барша атыраулықтарға амандық-саулық және гүлдену тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар