Жаңалықтар

29 маусым 2007
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру мен гранттарын тапсыру рәсіміне қатысты.

- Бүгінгі Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру мен гранттарын тапсыру рәсімі мерейтой ретінде аталып өтілуде. Осыдан 10 жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талантты журналистер мен қызықты, маңызды шығармашылық ізденістерді ынталандыру мақсатында осындай шешім қабылдаған болатын.

Тәуелсіздік жылдарында жас мемлекетіміздің де тәуелсіз журналистикасы бірге өсіп, бірге нығайды. Бүгін Отанымыздың барлық ерекше жетістіктерінде еліміздің журналистер қауымының өзіндік үлесі бар екенін айта кеткеніміз орынды болады», - деді Қ.Саудабаев журналистерді құттықтап тұрып.


Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы режиссер, телеоператор Анатолий Лаптевке деректі кино саласындағы көпжылдық табысты шығармашылық еңбегі үшін; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Намазалы Омашевқа республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің дамуына қатысты өзекті мәселелерге арналған мақалалар топтамасы үшін; «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның публицистикалық бағдарламалар редакциясының бас редакторы (марқұм) Бейбіт Құсанбекке қазақстандық тележурналистиканың дамуына қосқан зор үлесі үшін берілді.


Қазақстан Республикасы Президентінің гранты Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Анар Бәкіроваға аймақтағы экономикалық және әлеуметтік реформалардың барысы туралы публицистикалық материалдары үшін; «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Омаровқа «Қазақстан - 2030» Стратегиясы мен мемлекеттік даму бағдарламаларын жүзеге асыру барысын белсенді көрсеткені үшін; Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің шығармашылық ұжымына аймақтық экономиканың бәсекелістікке қабілеттілігін арттыру мәселелеріне арыналған «Елулікке ену стратегиясы: аймақтың үлесі» айдарымен берілген материалдар топтамасы үшін; «Астана қ. теледидары» ЖШС-нің шығармашылық ұжымына қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен қоғамымызды ел тарихы туралы ақпараттандыру деңгейін көтеруге бағытталған «Айтылмаған әңгіме» теледидарлық бағдарламалар топтамасы үшін берілді.


Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы «Ана тілі» ұлт газетінің бас редакторының орынбасары Дағжан Белдеубайға мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениеттің дамуы мәселелерін терең қамтыған мақалалары үшін; «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газетінің бөлім меңгерушісі Сүлеймен Мәметовке саяси жүйе және азаматтық қоғам институттарының дамуына арналған материалдар топтамасы үшін; «Нұр-Астана» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шолушысы Құралай Рахымбаеваға қоғамдық өмірдің, мәдениет пен руханияттың өзекті мәселелері туралы материалдар топтамасы үшін; «Шалқар-2» газетінің шығармашылық ұжымына – ұлттық тарих пен мәдениетті жан-жақты танытуға және шетелдегі отандастарымызға арналған Қазақстан Республикасының бүгінгі дамуына қатысты мақалалары үшін жарияланды.


Өкімнің мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар