Жаңалықтар

17 маусым 2008
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.

Исландия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бенедикт Асгейрссон, Корей Халықтық-Демократиялық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Ен Дже, Таиланд Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Супхот Дхиракаосал, Аргентина Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Леопольдо Альфредо Браво, Нигерия Федеративті Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммад Абубакир Сик Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысына сенім грамоталарын табыс етті.


Қанат Саудабаев пен Исландия Республикасының елшісі Бенедикт Асгейрссонның кездесуінде екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.


- Қазақстан мен Исландия арасындағы қарым-қатынастар өте жоғары деңгейде. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Исландияның іскери қауымдастығының өкілдері Қазақстанда инвестициялық және сауда-саттыққа жасалған мол мүмкіндіктерге аса мүдделі. Сондай-ақ қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалану саласындағы екі елдің өзара әрекеттестігі қызығушылық тудырады, - деді Бенедикт Асгейрссон журналистерге берген брифингте.


Ол Астанадан тамаша әсер алғандығын айта келіп, алдағы ел астанасының он жылдық мерейтойына орай жылы лебізін білдірді.


Корей Халықтық-Демократиялық Республикасының елшісі Ким Ен Дже брифингте Қазақстан Республикасы мен КХДР арасындағы үлкен қашықтыққа қарамастан, біздің елдерімізді халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынастар мен тарихи жақындықтар байланыстыратындығын ерекше атап өтті.


- КХДР Үкіметі Қазақстан Республикасымен егемендік, бейбітшілік пен ынтымақтастыққа негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынастарымызды дамыту мен беріктігін нығайтуға бағытталған ұстанымды берік ұстанады.


Шын жүрегіммен тарихы терең және тамаша дәстүрге бай Қазақстан халқына құрметті Президент Н.Назарбаевтың ақылман басшылығының арқасында тәуелсіз мемлекет құру жолында аса ірі жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін, - деді Ким Ен Дже.


Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев пен Таиланд Корольдігінің елшісі С.Дхиракаосаланың кездесуінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелері талқыланды. Тараптар екі мемлекеттің әртүрлі саладағы ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екендігін атап өтті.


- Таиланд энергетика, туризм, сауда және инвестиция саласында ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Мен Таиланд Корольдігінің елшісі ретінде екіжақты қарым-қатынастардың дамуына барынша қолдау көрсететін боламын, - деді С.Дхиракаосал.


Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев пен елші Леопольд Альфредо Браво Қазақстан Республикасы мен Аргентина Республикасының арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасын талқылады.


- Біздің қарым-қатынасымыз барлық салада, әсіресе ауылшаруашылығы саласында қарқынды дамуда. Қазақстанда бірнеше жылдан бері Аргентинаның Ауыл шаруашылық Ұлттық Институтының өкілдері жұмыс істейді. Қазірдің өзінде Қазақстанның егіс танаптарында нөлдік егіс технологиясы енгізілуде. Технология нәтижесі табысты болса, Қазақстан үшін бұл іргелі жоба болмақ. Біздің ынтымақтастығымыздың тағы бір маңызды қыры – атомдық энергияны бейбіт мақсатқа пайдалану болмақ. Аргентина атом қуатын шығаратын аса ірі өндіруші мемлекет, ал Қазақстан - уран кенін экспортқа шығарушы мемлекет. Осы жағдайда біз қазақстандық өнімді тұтынушы болып қана қоймай, атом қуатын пайдалану туралы өз тәжірибемізбен бөлесе алатын едік, - деді Леопольд Альфредо Браво.


Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Нигерия Елшісі Мұхаммед Абубакир Сиктың кездесуі екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты ретке келтіруге бағытталды.


- Біз халықаралық саясат пен екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытудың бірқатар мәселелерін талқыладық. Нигерия бағдарламалық алмасуды іске асыруға, әсіресе техникалық ғылым саласындағы бағдарламаларды іске асыруға аса мүдделі.


Біздің елдеріміз минералдық ресурстардың ауқымды қорына ие. Осыған орай біз өнеркәсіп және ауылшаруашылығы саласындағы қазақстандық тәжірибені зерделеуге мүдделіміз. Нигерия сондай-ақ Қазақстанды өз елінің металлургия саласына инвестиция құюға шақырады, - деді Нигерия елшісі журналистерге берген брифингте.




Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар