Жаңалықтар

1 қазан 2008
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Көкшетау қаласында Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның көшпелі отырысын өткізді.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде: «Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін біздің ортақ үйімізде патриоттыққа тәрбиелеуде, бейбітшілік пен келісімді нығайтуда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор. Саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени үрдістердің жаһандануы және Қазақстанның жедел халықаралық ынтымақтастыққа енуі патриоттық тәрбие беру міндетінің ерекше өзектілігін көрсетуде. Бұл маңызды жұмыстың табысқа жетуі мемлекеттік органдардың, отбасылардың, мектептердің, көпшіліктің аталған бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысуына байланысты. Біз күшімізді біріктіре отырып, тәуелсіз Қазақстанның өз Отанын, оның Туын, Елтаңбасын және Әнұранын құрметтеп және шынайы сүйетін нағыз патриоттарын тәрбиелей аламыз. Бүгінгі таңда Президент Н.Назарбаев ішкі саясат саласында ұлттың тұрақты дамуы, халықтың бірлігі, мемлекеттілікті нығайту және болашаққа деген сенім атты идеологемаларды белгілеп отыр. Осы тұрғыда мемлекеттік рәміздердің маңызы өте жоғары» - деп атап өтті.


Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімдерінде әскери қызметшілерге патриоттық тәрбие беру және мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау жұмыстары, Ақмола, Атырау, Павлодар облыстарында мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау саласындағы жүргізіліп жатырған жұмыстар, мемлекеттік рәміздерді дайындау кезінде мемлекеттік стандарттардың сақталу жағдайы жөнінде есептері тыңдалды. Отырыс барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Жаңасаев, Ақмола облысының Әкімі А.Рау, Атырау және Павлодар облыстары әкімдерінің орынбасарлары С.Рысқалиев пен Р.Жұмабекова, Индустрия және сауда министрі В.Школьник баяндама жасады.


Мәжіліс қорытындысында хаттамалық шешім қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді.


Содан кейін Мемлекеттік хатшы мен комиссия мүшелері қаланың орталық алаңындағы Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды және «Мемлекеттік рәміздер – біздің мақтанышымыз» деген атпен өткен Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті студенттерінің акциясына қатысты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар