Жаңалықтар

9 қазан 2018
Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичпен кездесті

Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін тараптар шағын құрамда екі жақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібінің өзекті  мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы өзара байланыстардың достық сипатын атап өтіп, оны одан әрі дамыту қажеттігін айтты.

– Президент мырза, Cіз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнайы келіп, бізге қолдау көрсеттіңіз. Ал, бүгін VI әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу үшін Қазақстанға ресми сапармен келдіңіз. Мұның бәрі біздің елімізге деген сіздің нағыз достық ниетіңізді білдіреді. Біз мұны жоғары бағалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы екі жақты экономикалық қатынастарды ілгерілету мүмкіндіктеріне арнайы тоқталды.

– Менің Сербияға сапарым барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес логистика, көлік және коммуникация, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс салаларында ынтымақтастығымызды кеңейту қажет. Сіздің бүгінгі сапарыңыз өзара ықпалдастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті. 

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасында достық пен ынтымақтастықты және бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Вучичті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.  

А.Вучич Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық көрсетіп қарсы алғаны үшін және халықаралық аренада Сербияға жан-жақты қолдау білдіргені үшін ризашылығын жеткізіп, Қазақстан Президентін ең жоғары мемлекеттік деңгейдегі І дәрежелі «Сербия Республикасының Орденімен» марапаттады. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар