Жаңалықтар

13 мамыр 2009
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен кездесті.
big-01.jpg

Ақордадағы ресми қарсы алу рәсімінен кейін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті.


Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мён Бак екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.


Мемлекет басшылары Астана мен Сеул арасында өзара тиімді әріптестікті дамытуға кедергі болатын ешбір саяси келіспеушіліктің жоқ екендігін мәлімдеді.


Ресми Сеул Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерін, Астананың экономиканы әртараптандыруға және бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кіруге бағытталған мақсаттарын жоғары бағалайды.


Келіссөздер барысында 2008 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 750 миллионнан астам долларды құрағаны аталып өтті. 1993 және 2008 жылдар аралығындағы 15 жылдың ішінде Кореядан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялар көлемі 3 миллиард долларды құрап отыр.


Қазақстанда корей капиталының қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Самсунг», «Эл-Джи электроникс» және «Эл-Джи Интернэшнл» топтарының құрылымдары, «Дониль Хайвил», «Урим», «Сонгвон» және «Хёнджин» құрылыс компаниялары қызмет етеді. «Кукмин», «Шинхан» және «Ури» корей банктерінің өкілдіктері, «Ханхва секьюритиз», «Хёндэ секьюритиз», «Дэу кэпитал» атты құнды қағаздар жөніндегі компаниялар жұмыс істейді.


Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру жөніндегі бастаманы жүзеге асыруда корей тарапының көрсеткен қолдауы мен белсенді қатысуын жоғары бағалайды.


Н.Назарбаев сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздерде қолдау көрсеткені үшін Корея басшылығына ризашылығын білдірді.


Президенттер қазақстандық экономиканы әртараптандыру жөніндегі жобаларға корей бизнесінің қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ақпараттық технологиялар, машина жасау, химия және қайта өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларындағы, сондай-ақ баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі ынтымақтастық екі ел арасындағы қатынастардың перспективалы бағыттары болып табылатыны аталып өтті.


Қазақстан Президенті сондай ынтымақтастықтың оң үлгісі ретінде «Самрук-Энерго» мен «Кепко-Самсунг» корпорациясы арасындағы Балқаш ЖЭС-інің құрылысын салу жөніндегі келісімге назар аударды. Құны 4,5 млрд. долларды құрайтын бұл жоба серпінді жобалар тізбесіне енген және Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие.


Сондай-ақ тараптар халықаралық саясат мәселелері бойынша пікір алмасты. Өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, ядролық қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау проблемаларын, әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру жолдарын, сондай-ақ Атом энергетикасы халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) мен ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастықты талқылады.


Сапар аясында Қазақстан Президентін Корея Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Мугунхва» (Мәңгі гүлдеген раушангүл) орденімен марапаттау рәсімі болды. Елбасы Н.Назарбаевқа орденді Ли Мён Бак табыс етті. Қазақстан мен Кореяның достық қатынастарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін өз кезегінде Президент Ли Мён Бак Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын қыран» орденімен марапатталды.


Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Президенті Ли Мён Бак екі елдің стратегиялық әріптестікке әзірлігін айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.


Мемлекет басшылары Корея Президентінің Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары жоғары деңгейдегі саяси диалогты нығайтуға ықпал етеріне, қазақстан-корей қарым-қатынасының барлық саласы бойынша өзара іс-қимылды дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.


Сол күні Астанада Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың қатысуымен «Қазақстан-Корея қатынастарын дамытудың жаңа перспективалары» атты бизнес-форум болып өтті. Форум жұмысына қазақстандық және кореялық озық компаниялардың өкілдері қатысты. Форум қорытындысы бойынша энергетика, көлік, құрылыс, телекоммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.


Бірлескен мәлімдеменің мәтінінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар