Жаңалықтар

6 наурыз 2009
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

big-01.jpg

big-02.jpg

Жолдауда қазақстандықтар екі онжылдық бойы жаңа ел құрып келе жатқаны атап өтілді. Мемлекет соңғы бірнеше онжылдықтар ішіндегі ең күрделі әлемдік дағдарыстың экономикаға кері әсерін тигізіп отырған қиын жағдайда батыл шараларды қолға алып, іске асырып келеді.


- Дағдарыс бізге сырттан келді. Оның көзі еліміздің ішінде емес, әлемдік экономиканың теңгерімсіздігінің ішінде бүгулі жатыр. Дағдарыстан қашып кұтылу әрі оны алдын ала білу мүмкін болмады, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Әлемдік экономикадағы ахуал қиындай түсуде. Бір жылдың ішінде мұнай бағасы 4 есеге жуық, металдарға – 2 есеге жуық құлдырады. Экспорттан түсетін түсім едәуір азайды. Біздің сауда-саттықтағы негізгі әрі жақын көршілеріміз – Ресей мен Украина - өз ұлттық валюталарын девальвациялады. Қазақстанға отандық тауар өндірушілердің мүддесі үшін теңгені девальвациялауға тура келді.


Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қазақстандықтар еліміздің бұл сынақтарға жай дайын болып қана қоймай, сондай-ақ осы дағдарыстан анағұрлым күшті әрі өркендеуші мемлекет және қоғам болып шығатынын білулері тиіс.


Өмір сүруге бейімді және икемді экономика құру үшін ел экономикасында құрылымдық реформалар жүргізілді, әртараптандыру бастау алды, қаржы ресурстарын – Ұлттық қорды жинақтаудың тетігі құрылды.


Қазақстан дағдарысқа жедел ден қойып, алдын алу шараларын іске асыруға шұғыл кіріскен дүниежүзіндегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Дағдарысқа қарсы жоспарға ұлттық қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау, тұрғын үй құрылысын қолдау мен үлескерлер проблемаларын шешу, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру сияқты бағыттар енді. Тұтастай алғанда ел экономикасына дағдарысқа қарсы мақсаттарда 2,7 триллионнан астам теңге бөлінді.


- Иә, бүгін қиыншылықтар бар, ертең де жеңіл болады деп уәде бере алмаймын. Бірақ бетбұрысты кезеңдер алыс емес. Ол күнге біз батыл іс-әрекет жасап, өзіміздің экономикалық және қаржы ресурстарымызды тиімді пайдаланатын болсақ тезірек жетеміз. Біз туындаған проблемаларды шешуге қоғамды жұмылдыратын болсақ, қиындықтарды жылдам еңсереміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Жолдауда Үкімет мемлекеттің әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыларды, сондай-ақ бюджет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту жөніндегі барлық міндеттемесіне кепілдік беруі тиіс екендігі айтылды.


Сонымен бірге дағдарысқа төтеп беріп қана қоймай, алдағы экономикалық өсуге дайын болу қажет.


- Біз дағдарыстан кейінгі дамуды қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі жаңғыртудың жаңа жоспарын іске асыруымыз керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Алдағы екі жылда экономиканы жаңғыртудың жаңа жоспарын жүзеге асыру үшін 600 миллиардтан астам теңге жұмсалады. Бұл Ұлттық қордан бекітіліп қойған трансферттерден тыс қосымша қаржы.


Осы мақсатта, Ұлттық қорға әдетте шикізат секторынан түсетін кіріс 2009-2010 жылдары республикалық бюджеттің мұқтаждықтарына жұмсалатын болады. Бұл орайда елдің қазіргі бар жалпы резервтерінің сол көлемі сақталады. Қаражаттың басқа бір көзі – бұл бюджеттің барлық шығыс баптары бойынша қатал үнемдеу мен қатаң қаржылық тәртіп.


- Қаржылық тәртіпті бұзушылардан дағдарыс кезеңінің заңдары бойынша қатаң сұрау болуы тиіс. Басым емес шығыстардың барлығы - әкімшілік, инвестициялық және басқалары нөлге теңестірілуге тиіс, - деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.


Мемлекет басшысы Үкімет пен мемлекеттік органдардың алдына бірқатар міндеттер қойды.


Қазақстандықтарды жұмыспен қамту стратегиясын іске асыру қажет. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 140 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Жұмыспен қамту стратегиясын қоса қаржыландыру сондай-ақ жергілікті бюджеттерден де бөлінеді. Осының арқасында кемінде 350 мың қазақстандық жұмыспен қамтамасыз етіледі.


Ең алдымен, коммуналдық желілерді – сумен, жылумен қамту, энергетика және кәріздер нысандары мен желілерін қайта жаңғырту және жаңарту қажет. Автомобиль жолдарын реконструкциялау мен жөндеу, әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен мектептер мен ауруханаларды жаңалау, қалалар мен елді-мекендерді абаттандыру және көгалдандыру керек. Бұл мақсатқа нысаналы трансферттер бөлінуге тиіс. Аудандық мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде бұл қаражатты қайда жұмсайтынын өздері шешуі тиіс. Осы орайда қазақстандық өндірушілердің әлеуетін барынша пайдалану қажет.


Әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейту мен жастар тәжірибесін ұйымдастыру керек. 2008 жылы 13 мыңнан астам адам осы бағдарламалар бойынша өз мүмкіндіктерін іске асырды. Мемлекет басшысы осы мақсатқа қосымша 8,6 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл бағдарламалар бойынша 96 мың адам жұмыспен қамтылатын болады.


Жұмыссыздарды қолдау мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны төлеу кезеңінің ұзақтығын 4 айдан 6 айға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.


- Дағдарыстан кейінгі дамудың жаңа жоспары аясында біз қазіргі перспективалық инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыруды жалғастырамыз, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Маңызды жобалар қатарында Атырау мұнай-химия кешенінің, Мойнақ су электр станциясының, Екібастұз 1-ГРЭС-ін, Екібастұз 2-ГРЭС-інің үшінші энергиялық блогын, Балқаш жылу электр станциясының құрылысын салу, кеңейту мен жаңғырту, сондай-ақ «Бейнеу – Бозой - Ақбұлақ» газ құбырын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізін қайта жаңғырту бар. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ел үшін маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспортты әртараптандыру міндеттерін шешуге бағытталады.


Экспортқа мамандану болашақта 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды және таяудағы бес жылда ішкі жалпы өнімді 8 пайыз шамасында қосымша өніммен қамтамасыз етеді.


- Барша қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының жақсаруы біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды үш бірдей міндет болып қала береді. Мен осы міндетті шешуге бел будым. Құрметті отандастарым, оны өздеріңізбен бірге шешуге алдарыңызда жауаптымын, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан Президенті Парламент депутаттарын, «Нұр Отан» партиясын, Қазақстан халқы Ассамблеясын, барша саяси күштерді, мемлекеттік қызметкерлерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, бұқаралық ақпарат құралдарын жаһандағы ең қатал дағдарысты жеңу жолында тізе қосуға үндеді.


- Біздің барлық қиындықтарды еңсеріп, Қазақстанды күшті, өсіп-өркендеген және әлем мойындаған мемлекетке айналдыратынымызға сенімдімін! – деді Мемлекет басшысы.


Жолдаудың толық мәтінінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар