Жаңалықтар

22 тамыз 2008
Рудныйда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен халықаралық еңбек форумы болып өтті

Форумның басты тақырыбы Қазақстан экономикасы үшін білікті кадрлар дайындау жүйесінің мәселелері мен дамыту перспективасы болды.


Форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев экономикалық өсімнің жоғары қарқыны еңбек рыногы құрылымында айтарлықтай өзгерістерге және білікті жұмыс күшіне деген сұраныстың артуына әкеліп отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда орта буынды жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігі өндірістің және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әсер етіп отыр.


Мемлекет басшысы кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамыту ғана көптеген проблемаларды, оның ішінде жастардың еңбек нарығында бейімделу мәселесін шеше алады деген пікір білдірді.


- Жастар жұмысшы мамандығының беделді, тұрақты, әрі жалақылы екендігін түсінуі тиіс. Олар жұмысшы мамандығын таңдап, еңбек нарығында сұранысқа ие болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, олардың жалақысының деңгейі әдетте жоғары білім алғандардан да көп, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Қазақстанда ел жастарының сапалы кәсіби-техникалық білім алуына және де сол арқылы еңбек нарығына барынша епті бейімделуіне қажетті барлық жағдайды жасау қажет.


- Бұл басты міндет, - деді Президент.


Мемлекет аталған мәселені шешудің маңызын ескере келе, осы бағытта тиімді шаралар қолдана бастады. Үкімет Техникалық және кәсіби білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Мемлекет басшысы бекіткен Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты техникалық және кәсіби білім берудің барлық жүйесін жетілдіру болып табылады. Бағдарламаның тек бірінші кезегін жүзеге асыру үшін 55 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.


- Отандық кадрлық әлеуетті тәрбиелеу мен қалыптастыру – жалпымемлекеттік міндет, әрқайсымыздың парызымыз, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы сөзінің соңында.


Сол күні Мемлекет басшысы Рудный қаласының бірқатар нысандарын аралап көрді. Олардың қатарында «ССКӨБ» АҚ мамандар даярлау оқу орталығы. Оқу орталығы қажетті көрнекі құралдармен, компьютерлермен және техникалық құралдармен, оның ішінде компьютерлік тренажермен жабдықталған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар