Жаңалықтар

28 мамыр 2007
Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхаммедов Астанаға екікүндік мемлекеттік сапармен келді.
big-туркменбаши.jpg

Ақордада болған ресми кездесу рәсімінен кейін Қазақстан мен Түркіменстан Президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, онда екіжақты қарым-қатынастарды дамыту, сондай-ақ аймақтық сипаттағы мәселелерді талқылады.


- Біз бұл сапардың екі елдің әлеуетіне жауап беретін бағыт-бағдарлар бойынша ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенімдіміз, - деді Н.Назарбаев кеңейтілген құрамдағы келіссөздерді ашу кезінде.


Қазақстан Президенті Түркіменстан басшысымен осымен төртінші рет кездесіп отырғанын, және де екіжақты ынтымақтастықтың барлық қырлары бойынша пікір алмасып үлгергендерін атап өтті.


Г.Бердымұхаммедов Қазақстан мен Түркіменстан ежелден терең әрі бауырлас қарым-қатынаста екенін атап көрсетті.


- Біздің елдеріміз арасында ешқашан ешқандай да қайшылықтар болған емес. Мен бүгінгі сапар осы бауырлас қарым-қатынастарға үлкен серпін береді деп ойлаймын, - деді Түркіменстан Президенті.


Мемлекет басшылары Г.Бердымұхаммедовтың Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары екі елдің көп қырлы ынтымақтастығын дамытуға және екіжақты саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды жандандыруға әзір екендігінің айғағы болып табылатынын атап өтті. Тараптар отын-энергетика, көлік және коммуникациялар, ауыл шаруашылығы салаларындағы, банк секторындағы ортақ мүдделер мен ынтымақтастық әлеуеті қалыптасқанын хабарлады.


Сондай-ақ, келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық компаниялардың Түркіменстандағы түрлі инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға әзір екендігін атап өтті.


Тараптар биылғы жылғы мамырда Түркіменбашы қаласындағы кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды, энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.


Мемлекет басшылары Қазақстан мен Түркіменстанның көлік-транзит саласындағы ынтымақтастығында елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті. Екі елдің автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастығын дамыту Ресей, Қытай, Иран, Түркия, Үндістан және Пәкістан бағыттарындағы өзара автотасымалының жағдайын жақсартпақ. 2006-2012 жылдарға арналған автожол саласын дамыту бағдарламасында Түкіменбашы-Ақтау-Атырау-Астрахань авто жолдарын толықтай қайта қалыпқа келтіру қарастырылған.


Сонымен қатар кездесулер кезінде Ақтау және Түркіменбашы қалалары арасында автобус қатынасын ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Тараптар сонымен бірге Каспий арқылы түрлі бағытта жаңа теңіз көлік маршруттарын ашудың келешегі зор екенін жеткізді. Екі ел басшылары өз үкіметтеріне Қазақстан мен Түркіменстан арасына салынатын темір жол торабының оңтайлы маршрутын айқындау жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырды.


Тараптар үстіміздегі жылғы 26 мамырдан Ашхабад және Алматы арасындағы тұрақты әуе рейстерінің қайта жандануының маңыздылығына тоқталды.


Қазақстан бұған дейін Сырдария және Амудария өзендері бассейіндерінің су-энергетикалық реттелу тетіктерін келісу мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейлі топ әзірлеген, Орталық Азиялық өңірдегі су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану тұжырымдамасы жобасын келісу процесіне Түркіменстанның қосылғанын құп алды.


Президенттер Н.Назарбаев пен Г.Бердымұхаммедов екі мемлекеттің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамытудың жаңа деңгейін атап өтті. Келіссөздер барысында екі елдің Мәдениет қайраткерлері және зиялылары форумын, Түркіменстандағы Қазақстан мәдениеті күндерін өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Кездесуде сондай-ақ Түркіменбашы қаласында қазақ мектебін ашу туралы уағдаластық қуатталды.


Біздің елдеріміздің сауда-экономикалық қарым-қатынасын мейлінше арттыруға қабілетті өзара іс-қимыл бағыттарының келешегін айқындау, бірлескен жобалар әзірлеу мақсатында Президенттер екі ел Үкіметіне жуық арада Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркіменстан үкіметаралық комиссиясының екінші отырысын өткізуді тапсырды.


Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел Президенттері Бірлескен мәлімдемеге, 2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы шартқа және 2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды. Сондай-ақ шекара өкілдіктерінің (шекаралық комиссарлар) қызметі туралы, стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредитациялау салаларындағы ынтымақтастық туралы, киіктерді қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы үкіметаралық келісімдерге, сондай-ақ Қазақстан Республткасы Қауіпсіздік комитеті мен Түркіменстанның Мемлекеттік шекара қызметі арасындағы жедел іздестіру қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.


Қол қою рәсімінен кейін екі ел басшылары бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.


Баспасөз мәслихатының стенограммасын мына жерден қараңыз.


Түркіменстан Президенті мемлекеттік сапарының екінші күнінде Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі, Бейбітшілік және келісім сарайында, Тұңғыш Президенттің мұражайында болып, Астананың жаңа әкімшілік орталығымен танысады және Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қояды деп жоспарланып отыр.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар