Жаңалықтар

27 қараша 2019
Қалмұханбет Қасымов Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Дамир Сагынбаевпен кездесті

Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасы қауіпсіздік кеңестері аппараттары арасындағы кеңейтілген жоспарлы консультациялар өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қалмұханбет Қасымовтың және Қырғыз Республикасы Қаупсіздік Кеңесінің Хатшысы Дамир Сагынбаевтың төрағалығымен өткен келіссөздерге орталық мемлекеттік органдар басшылары қатысып, ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Тараптар өңірлік қауіпсіздіктің қазіргі және ықтимал қауіп-қатерлері бойынша пікір алмасып, халықаралық терроризмге және діни экстремизмге бірлескен қарсы әрекетті егжей-тегжейлі қарастырды. Оның ішінде бүгінгі қалыптасқан ахуалды ескере отырып, алдағы уақытта аталған бағытта үйлесімді жұмысты күшейтудің маңыздылығы айтылды.

Сонымен қатар консультациялар барысында заңсыз есірткі айналымымен күрес және миграциялық заңдылықты бұзу бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік органдарының ынтымақтастығы сөз болды. Бұл бағыттардағы өзара әрекеттестіктің қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп, жұмысты жақсарту мақсатында нақты ұсыныстар жасалды.

Жұмыстың нәтижелері бойынша екі елдің тиісті мемлекеттік органдарына нақты тапсырмалар берілді. Бұдан басқа, Қ.Қасымов пен Д.Сагынбаев 2020-2021 жылдарға арналған Қазақстан мен Қырғызстан қауіпсіздік кеңестері аппараттары арасындағы ынтымақтастық жоспарына қол қойды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар