National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Жаңалықтар

Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Елбасы тапсырмаларының тиімді әрі сапалы атқарылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті

Жиын барысында Ә.Исекешев Мемлекет басшысының тапсырмаларының толық әрі сапалы орындалуы үшін бақылауды күшейтудің маңыздылығын айтты.

Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешев Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтқан міндеттерін, мемлекеттік бағдарламаларды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын одан әрі жүзеге асыру мақсатымен нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған бақылау және мониторинг жүргізу жүйесінің енгізілетінін мәлімдеді. Бұл ретте, Ә.Исекешев мемлекеттік органдардың қызметі, Қазақстан Президенті бірнеше рет атап көрсеткендей, халықтың әл-ауқаты мен табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс.

«Тұрақты жүргізілген әлеуметтік зерттеулер мен талдаулар негізінде Өңірлердегі өзекті инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелердің картасы әзірленді. Бұл құжат әрі қарай жұмыс істеу үшін Үкімет пен әкімдерге жолданды», – деді Президент Әкімшілігінің Басшысы.

Басқосуда мемлекеттік органдардың ашықтығы және халықпен тығыз қарым-қатынасы оның тиімді қызметінің маңызды шарты саналатыны атап өтілді. Осыған орай, өңірлерде әкімдердің жыл сайынғы есеп беру кездесулерінің орнына барлық аудандағы тұрғындармен тұрақты кездесу өткізуді, соның ішінде азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыруды көздейтін жаңа жұмыс форматы қабылданды. Сондай-ақ, барлық аудандық және қалалық әкімдіктерде халықпен тікелей қарым-қатынас жасау және кері байланыс орнату жүйесі енгізіледі.

Бұл азаматтардың маңызды мәселелерін жедел шешіп, өңірлерден шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Осы жұмыстар Елбасы ұсынған «Халыққа көмек» жобасы аясында «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жүргізілетін болады.

Ә.Исекешев Президент Әкімшілігі бұдан былай әлеуметтік саясатты тиімді жүргізуге, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлықпен күресуге, өңірлік инфрақұрылым сапасын жақсартуға, соның ішінде «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесiгi» жобаларының іске асырылуына, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белсенді жүзеге асырылатын жобаларға баса назар аударылатынын айтты.

Соңында Ә.Исекешев жергілікті және орталық мемлекеттік органдар басшыларының жұмысын бағалау принципі өзгеретінін атап өтті. Осыған байланысты реформалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімділігіне мониторинг және бақылау жүргізудің жаңа жүйесі енгізілетін болады. Бұл мәселелермен Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп құрылатын Тиімділікті бағалау және мониторинг орталығы айналысады.

Жиын қорытындысы бойынша, Президент Әкімшілігінің тиісті барлық құрылымдық бөлімшелеріне жүктелген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару