Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы

Президент Әкімшілігін өз қызметін Елбасының тікелей басшылығымен атқаратын Президент Әкімшілігінің Басшысы басқарады.

Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы:

  • Мемлекет басшысының бекiтуiне Президент Әкімшiлiгi туралы ереженi ұсынады, Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы мен штаты жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, Президент Әкiмшiлiгiнің штат кестесін бекітеді, оған бекітілген штат саны шегінде өзгерістер енгізеді;
  • Мемлекет басшысының көмекшiлерi мен кеңесшiлерiнiң жұмысын үйлестiредi, Әкiмшiлiктiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысын ұйымдастырады және бағыттап отырады, өзге мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
  • Мемлекет басшысының қарауына Президенттiң көмекшiлерi мен кеңесшiлерiн, Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгiзедi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
  • Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi, Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулықтарын бекiтедi;
  • Мемлекет басшысының актiлерiнiң орындалуы мен сақталуын, оның тапсырмаларының орындалуын, Президент Әкiмшiлiгiнде құжаттардың өтуiн бақылау жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
  • Республика Президентiнiң қол қоюы мен қарауына Парламент қабылдаған заңдарды, Жарлықтардың, өкiмдердiң жобаларын және Мемлекет басшысына жолданған басқа да құжаттар мен материалдарды ұсынады;
  • тұрақты негiзде Президент Әкiмшiлiгiнiң Парламентпен, оның Палаталарымен, жұмыс органдарымен және аппаратымен; Үкiметпен және Премьер-Министр Кеңсесiмен; министрлiктермен және өзге орталық атқарушы органдармен; Конституциялық Кеңеспен; Жоғарғы Сотпен; Бас прокуратурамен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн өзге мемлекеттiк органдармен; Ұлттық Банкпен; Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiмен; облыстардың, Республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдерiмен және мәслихаттарымен; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен; саяси партиялармен және өзге қоғамдық бiрлестiктермен; бұқаралық-ақпараттық құралдарымен; халықпен байланысын қамтамасыз етедi;
  • Республика Президенті өзіне жүктеген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

Президент Әкімшілігінің Басшысы

Әділбек Рыскелдіұлы ЖАҚСЫБЕКОВ

1954 жылы 26 шілдеде Қостанай облысы, Қарабалық ауданының Бөрілі ауылында туған.

1977 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (Мәскеу қаласы) экономика факультетін бітірген, 1987 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтында «материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Қазақ КСР Мемкино және Мемжабдықтау жүйесінде жұмыс істеді, бірқатар кәсіпорындарды басқарған.

1988-1995 жылдары «Цесна» көпсалалы корпорациясын басқарды.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына сайланды.

1996 жылы – Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары.

1997-2003 жылдары – Астана қаласының әкімі.

2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі.

2004-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы.

2008 жылғы қаңтар мен қазан аралығында – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2008-2009 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2009-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

2014 жылғы сәуір мен қазан аралығында – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.

2014-2016 жылдары – Астана қаласының әкімі.

2016 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», I, II және III дәрежелі «Барыс», III дәрежелі «князь Ярослав Мудрый» (Украина) ордендерімен және медальдармен наградталған.

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.


 
 Басшылық