Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімі

Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімнiң негізгі мiндеттерi:

1. Президенттің кадр саясаты саласындағы өкілеттігін іске асыруды  қамтамасыз ету

  • Қазақстан Республикасындағы кадр саясаты жөнінде ұсыныстар енгізу;
  • Президенттің кадр саясатын іске асыру жөніндегі  мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру және қызметіне бақылау жасау;
  • мемлекеттік саяси қызметшілердің кадр резервін жасақтау жөніндегі қызметті үйлестіру;
  • Президент тағайындайтын және онымен келісілетін лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызметті өткеруімен байланысты мәселелерді шешуді ұйымдастыру, мемлекеттік саяси қызметшілер мен Қазақстан Республикасының өзге де лауазымды тұлғаларын Әкімшілікте қызметке тағайындау және қызметтен босатуды келісу рәсімін жүзеге асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру; олардың жеке істерін жүргізу және сақталуын қамтамасыз ету, қызметтік куәліктер беру; Әкімшілікте кандидатураларды келісудің нәтижелері туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету;
  • мемлекеттік қызмет және кадр саясаты мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу және нормативтік және құқықтық актілердің, оның ішінде бағдарламалық құжаттардың, стратегиялық жоспарлардың, олар бойынша сараптау қорытындыларының жобаларын дайындау;
  • мемлекеттің кадр саясаты саласындағы істің жай-күйіне жүйелі талдау жасау және мониторинг жүргiзу, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

2. Президенттің мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға қатысты уәкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету

  • мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органдар қызметінің тиімділігін бағалауды және белгіленген тәртіппен оны жүргізуді қамтамасыз ету;
  • мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізу;
  • мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметін үйлестіру және бақылау;

3. Әкімшіліктің кадр жұмысы саласындағы қызметін қамтамасыз ету

  • Әкімшілік қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату жөніндегі материалдарды ресімдеу; қызметтік куәліктер беру; жеке істері мен еңбек кітапшаларын жүргізу, олардың сақталуын қамтамасыз ету;
  • Әкімшілік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
  • Президент және Әкімшіліктің басшылығы айқындайтын өзге де функцияларды орындау.

Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі

САРИЕВ Бақытжан Шөмішбайұлы

 

1971 жылғы 24 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген, мамандығы  бойынша –  инженер, заңгер.

1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы, аға  маманы, референті, аға референті лауазымдарында жұмыс істеді.

1999 жылғы мамырдан 2019 жылғы наурызға дейін сыртқы саясат ведомствосы жүйесінде қызмет атқарды:

1999-2002 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік департаменті Кадр және бақылау басқармасының Бақылау бөлімінің  бастығы;

2002-2003 жылдары – Сыртқы істер министрлігі Аппараты Кадр басқармасының бастығы;

2003-2007 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің Аппарат басшысы;

2007-2019 жылдары – Сыртқы істер министрі Кеңсесінің басшысы; 2016 жылғы ақпаннан 2017 жылғы қазанға дейін Сыртқы істер министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі міндетін қосымша атқарды.

2019 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

2019 жылғы шілдеде Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен (2012), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2006), 7 мерекелік медальмен, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен (2017), Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін Сыртқы істер министрлігінің Нәзір Төреқұлов атындағы медалімен (2019) марапатталған.

І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

Үйленген, 3 баласы бар.

 

 

 
 Құрылымдық бөлімшелер