Сыртқы саясат орталығы

Сыртқы саясат орталығы (ССО) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Сыртқы саясат орталығы қызметінің негізгі міндеттері:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саясат саласындағы өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету

  • ҚР Президенті қатысатын халықаралық іс-шаралар кестесін түзу және сыртқы саяси іс-шаралардың мазмұндық бөлігін қамтамасыз ету;
  • ҚР Президентінің және Әкімшілік басшылығының шет елдердің саяси және қоғам қайраткерлерімен, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
  • ҚР Президентінің қызметін ақпараттық-талдаумен қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттары және шетел мемлекеттерімен саяси ынтымақтастықты жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізу;
  • сыртқы саясат және дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
  • мемлекеттік органдардың сыртқы саясатты іске асыруына, сыртқы саясат бойынша Президентінің және Әкімшілік басшылығының актілері мен тапсырмаларын орындауына бақылау жүргізу;
  • Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, қолданысын тоқтата тұру және тоқтату мәселелері бойынша құқықтық актілер мен шешімдердің жобаларын дайындауға қатысу; заң жобалары мен Мемлекет басшысына қол қоюға енгізілетін ҚР-ның заңдарына талдау жасауға, сондай-ақ сыртқы саясат мәселелері бойынша ҚР Президентінің актілерін, соның ішінде стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге қатысу.

2.  ҚР Президентінің және Әкімшілік басшылығының өзге де өкілеттіктерін жүзеге асыру

  • Елбасының атына келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін ССО-ның құзыреті шеңберінде қарау жүргізу;
  • ҚР Үкіметінің, мемлекеттік органдар мен уәкілетті тұлғалардың ҚР Президентінің алдында жасайтын есептерін,  баяндамаларын, ақпараттарын қарауды дайындауға қатысу;
  • Сыртқы саясат саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыру.

 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі

БҰРШАҚОВ Сатыбалды Ересұлы

1968 жылы 24 тамызда туған.

1993 жылы Алматы педагогикалық шетел тілдері институтын тәмамдаған. Пәкістан Ислам Республикасындағы Шетел қызметі академиясында және Нидерланды Корольдігіндегі «Клингендаль» Халықаралық қатынастар институтында тағылымдамадан өткен.

1993 жылы – Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің мұғалімі.

1993-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа елдері басқармасының референті, атташесі.

1995-2000 жылдары – Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасындағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, екінші хатшысы.

2000-2002 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екіжақты ынтымақтастық департаментінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, Еуропа және Америка департаментінің бөлім басшысы.

2002-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі.

2007-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі.

2011-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Халықаралық байланыстар және протокол бөлімінің меңгерушісі.

2012-2017 жылдары – ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасы Тұрақты өкілінің орынбасары (Франция).

2018-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары.

2019 жылғы 29 наурызда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі болып тағайындалды.

I сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланған, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

Ағылшын және француз тілдерін меңгерген.

Үйленген, екі баласы бар.


 
 Құрылымдық бөлімшелер