Азаматтарға рахымшылық жасау жөніндегі комиссия

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия Президенттің 1996 жылғы 7 мамырдағы № 2975 Жарлығымен Кешірім жасау туралы материалдарды алдын ала қарау үшін құрылған және Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Комиссияның қызметі Мемлекет басшысының 2006 жылғы 5 шілдеде № 140 Жарлығымен бекітілген Ережемен реттеледі.

Комиссияны Мемлекет басшысы тағайындайтын төраға басқарады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының професоры, З.Федотова Комиссияның төрайымы болып табылады.

Комиссияның құрамына лауазымы бойынша Бас прокурордың жазаның орындалу заңдылығын қадағалау және азаматтарды ақтау жөніндегі орынбасары және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы не оның орынбасарлары кіреді. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және өзге де адамдар кіруі мүмкін.

Комиссия отырысында төраға болмаған жағдайда оның міндеті Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеледі. Комиссияның отырысы оның мүшелерінің үштен екісі қатысқан ретте құқылы болып саналады. Комиссияның отырыстарына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Ішкі істер министрі немесе олардың орынбасарлары қатысып, талқыланатын мәселелер бойынша сөз сөйлей алады.

Комиссияның шешімі оның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Сотталған адам үшін неғұрлым қолайлы мәселе дауысқа бірінші болып салынады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған отырысқа қатысқан оның барлық мүшелері қол қояды.

Кешірім жасау туралы мәселе қаралған кезде:

1) жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен деңгейі, сотталған адамның жеке басы, оның мінез-құлқы, еңбекке көзқарасы, бас бостандығынан айыру орындарындағы ынталы ұйымдардың жұмысына қатысуы, өтелмеген жаза мерзімі, отбасы жағдайы және кешірім жасау туралы өтінішті қарау кезінде маңызы бар басқа да жағдаяттар;

2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және Бас прокурорының сотталған адамға қатысты кешірім жасауды қолданудың орындылығы туралы қорытындылары;

3) түзеу мекемесі әкімшілігінің, қоғамдық бірлестіктер мен еңбек ұжымдарының пікірлері;

4) сотталған адамға кешірім жасау туралы жәбірленушінің өтініші (болған жағдайда) зерделенеді және назарға алынады.

Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі болып табылады, ол кешірім жасау туралы материалдарды Комиссия мен Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына дайындайды, Мемлекет басшысының кешірім жасау туралы жарлықтарының уақтылы орындалуын бақылауды, кешірім жасауды қолданудың практикасын қорытуды жүзеге асырады.