Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия

Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1992 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және қалпына келтіру туралы, сондай-ақ қазақстандық азаматтықтан шығу  туралы материалдарды алдын ала қарау үшін құрылған.

Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Комиссияның қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 10 қазандағы № 198 Жарлығымен бекітілген Ережемен реттеледі.

Комиссияның құрамына: төраға, оның орынбасары, хатшы,  сыртқы істер, ішкі істер, әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылары, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Парламент депутаттары, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің өкілі, барлығы 11 адам кіреді.

Осы орайда Комиссия құрамына лауазымы бойынша Ішкі істер министрі, Сыртқы істер министрі, Әділет министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ал олар болмаған жағдайда – аталған мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары кіреді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы ­комиссияның төрағасы болып табылады.

Комиссияның құрамы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіледі.

Комиссия отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі және оның мүшелерінің жартысынан астамы қатысқан жағдайда заңды күшке ие болып саналады.

Комиссияның шешімі отырысқа қатысып отырған оның мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған отырысқа қатысқан оның барлық мүшелері қол қояды.

Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі болып табылады, ол азаматтық және саяси баспана беру мәселелері жөнінде ұсынылған материалдарды Комиссияның және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауы үшін дайындайды.