Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру жөніндегі комиссия

Комиссия «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы» Қазақстан Республикасының 2001 ж. 5 шілдедегі № 222-II Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 ж. 28 қыркүйектегі № 691 Жарлығымен құрылды

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы (бұдан әрі – Мемлекеттік сыйлық):

- бейбітшілік және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді, мемлекетаралық қатынастарда теңдік пен бірдей қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін;

- қоғамдық және ұлтаралық келісімді орнықтыруға, Республиканың көпұлтты халқының бірлігін нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін;

- демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін;

- Қазақстан ұлттары мен ұлыстарының мәдениеті мен тарихи дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыратын терең ойлы публицистикалық шығармалар үшін берілетін болады.

Мемлекеттік сыйлық жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге беріледі, сондай-ақ отандық, халықаралық және шетелдік ұйымдарға берілуі мүмкін.

Мемлекеттік сыйлыққа ие болған адамдарға "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты" атағы беріледі, диплом, омырау белгісі, куәлік және ақшалай сыйақы тапсырылады.

Мемлекеттік сыйлық мөлшері 6000 (алты мың) айлық есептік көрсеткішті құрайды және республикалық бюджет қаражатынан төленеді.

Мемлекеттік сыйлық бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін, мұндай жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Мемлекеттік сыйлықты қайталап беруге рұқсат етілмейді.

Бұрын қабылданбаған үміткерлер Мемлекеттік сыйлық беруге қайта ұсыныла алады.

Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер ұсыну құқығына:

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің комитеттері;

Қазақстан Республикасының Үкіметі;

Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;

мәслихаттармен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) әкімдері;

отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдар ие болады.

Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер кандидатураларын іріктеу үшін мемлекет, қоғам қайраткерлері және өзге де тұлғалар қатарынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі –Комиссия) құрылады.

Комиссия Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Комиссия белгіленген тәртіппен:

1) үміткерлердің қызметімен және шығармашылығымен тұрғылықты жерінде немесе жұмыс орнында танысуға;

2) өз қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардан және өзге ұйымдардан құжаттар, материалдар және өзге де ақпараттар сұратуға;

3) қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдар өкілдерін шақыруға және тыңдауға;

4) Мемлекеттік сыйлық беру тетігін жетілдіру жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізуге құқылы.

Комиссияны Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын төраға басқарады.

Комиссия отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі, Комиссия отырысы, егер оған Комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқылы деп саналады.

Комиссияның төрағасы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.

Комиссия қызметін ұйымдық және ақпараттық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырады.