Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер беру жөніндегі комиссия

 

Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің «Жоғары әскери, арнайы өзге де атақтар, сыныптық шендер туралы» 1999 жылғы 3 қарашадағы № 88 Өкімімен құрылды 

Комиссияның негізгі міндеттері: 

1) уәкілеттік берілген орталық атқару органдары мен олардың лауазымды тұлғаларынан келіп түскен жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендерді беру туралы ұсыныстарды алдын ала зерделеу және олар бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізу;     

2) заңдарда көзделген жағдайларда жоғары әскери және өзге де атақтардан, сыныптық шендерден айыру туралы мәселелерді алдын ала қарау болып табылады. 

Комиссия негізгі міндеттерді іске асыру мақсатында: 

1) Қазақстан Республикасының Президентіне жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер беру және олардан айыру мәселелері жөнінде ұсыныс табыс етуге; 

2) атақтар мен сыныптық шендер беру туралы ұсыныстар бойынша қорытынды беруге; 

3) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және лауазымды тұлғалардан өзінің қызметіне қажетті мәліметтер мен құжаттарды сұратуға; 

4) атақтар мен сыныптық шендер беру мәселелері бойынша құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тыңдауға; 

5) құқық қорғау органдарына және өзге де мемлекеттік органдарға жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер беруге ұсыну мәселелері бойынша ұсыным жолдауға; 

6) атақтар мен сыныптық шендер беру және олардан айыру жөніндегі шағымдар мен өзге де өтініштерді қарауға хақылы. 

Комиссия Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және босататын Комиссияның төрағасы мен 6 мүшесінен тұрады. 

Комиссияның отырысы қажетіне қарай өткізіледі және егер оған оның мүшелерінің жалпы санының 2/3 қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі. 

Комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі жүзеге асырады.