Қауіпсіздік кеңесі

 

Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты ұстап тұру, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі Мемлекет басшысының шешімдерін әзірлеу және өкілеттігін іске асыруына жәрдемдесу үшін Қазақстан Республикасының Президенті құратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Қолданыстағы Қауіпсіздік Кеңесі туралы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығымен бекітілген.

Қауіпсіздік Кеңесінің тарихы 1991 жылдан басталады, онда Қазақ КСР Президентінің 21 тамыздағы Жарлығымен Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік Кеңесі құрылған болатын. Кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі болып қайта құрылды.

Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері мыналар:

1) мемлекеттік мүдделер аясын, оларды іске асыру мен қорғаудың негізгі бағыттарын айқындау, ұлттық қауіпсіздікке ішкі және сыртқы қатерлерді анықтау, олардың алдын алудың, жолын кесудің және тойтарудың әдістерін, нысандары мен құралдарын таңдау;

2) Елдің қауіпсіздігі стратегиясының негізгі бағыттарын әзірлеу және оны қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламаларын дайындауды ұйымдастыру;

3) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ішкі, сыртқы және әскери саясат мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін және осы шешімдерді іске асыру шаралары, сондай-ақ жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу;

4) ұлттық қауіпсіздік саласында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және олардың күшін жою жөнінде ұсынымдар дайындау болып табылады.

Қауіпсіздік Кеңесі күш құрылымдарының, орталық және жергілікті атрарушы органдардың қызметін үйлестіреді, сондай-ақ заң жобаларын талдайды және өз құзыреті шеңберінде нормативтік құжаттардың орындалуын бақылайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлісiнiң Төрағасы, Парламентi Сенатының Төрағасы, Премьер-Министрi, Президентi Әкiмшілігiнiң Басшысы, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысы, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, Сыртқы iстер министрi, Қорғаныс министрi лауазымы бойынша Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшелерi болып табылады.

Қажет болған жағдайда Мемлекет басшысы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшелерi етiп өзге де лауазымды тұлғаларды қосымша тағайындауы мүмкiн.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсыруымен Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің бірінің төрағалық етуімен кемінде үш айда бір рет өткізіледі және хаттамамен ресімделеді.

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері отырысқа қатысқан Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері мен мүшелері жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.

Қауiпсiздiк Кеңесi қабылдаған шешiмдер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарының орындауы үшiн мiндеттi болып табылады. Қажет болған жағдайда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің актілерімен іске асырылуы мүмкін.

Аса маңызды мәселелер Президенттiң көмекшiсi - Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының басшылығымен өткізілетін жұмыс бабындағы кеңестерінде алдын ала талқыланады.

Қауiпсiздiк Кеңесiнiң қызметiн Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының ұсынуы бойынша құрылымы мен штатын Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы айқындайтын Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшылығы, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Ахуалдық орталығы қамтамасыз етедi.

Қажет болған жағдайда Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары мен жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Ведомоствоаралық комиссияларды құру, міндеттері мен дербес құрамы туралы мәселені Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті шешеді. Ведомствоаралық комиссиялардың қызметiн үйлестiрудi, жұмыс топтарының мiндеттерi мен құрамын айқындауды Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысы жүзеге асырады.

Ведомоствоаралық комиссиялар, жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарына материалдар дайындауды жүзеге асырады, Қауіпсіздік Кеңесінің немесе Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының тапсыруы бойынша талдау және зерттеу жұмысын атқарады, сыртқы, қорғаныс, экономикалық және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатын негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді және өз қызметінің нәтижелері туралы Қауіпсіздік Кеңесін хабардар етеді.

Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары мен жұмыс топтарының қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді осы комиссиялардың жұмысына өз өкілдері қатысатын мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы және Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Ахуалдық орталығы жүзеге асырады.

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы лауазымы 1994 жылдан бастап бекітілді. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысы Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын лауазымды адам болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

2014 жылғы 19 қарашада Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.

Одан бұрын:

Қ.Қожамжаров (2013 ж. қаңтар - 2014 ж. тамыз)

М.Тәжин (2009 ж. қыркүйек - 2013 ж. қаңтар)

Қ.Сүлейменов (2008 ж. тамыз - 2009 ж. қыркүйек)

Б.Имашев (2007 ж. қаңтар - 2008 ж. тамыз)

М.Тәжин (2006 ж. наурыз - 2007 ж. қаңтар)

Б.Өтемұратов (2003 ж. маусым - 2006 ж. наурыз)

О.Өксікбаев (2002 ж. тамыз - 2003 ж. маусым)

М.Тәжин (2001 ж. желтоқсан - 2002 ж. тамыз)

А.Сәрсенбаев (2001 ж. мамыр - 2001 ж. желтоқсан)

М.Тәжин (1999 ж. ақпан - 2001 ж. мамыр)

Б.Сәрсеков (1996 ж. қазан - 1999 ж. ақпан)

Б.Тұрсынбаев (1995 ж. қазан - 1996 ж. қазан)

Т.Жүкеев (1994 ж. қазан - 1995 ж. қазан)

Б.Баекенов (1994 ж. маусым - 1994 ж. қазан)


 
Президент жанындағы кеңестер