Ұлттық инвесторлар кеңесі

Президент жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес, мемлекет пен кәсiпкерлердiң өзара iс-қимылын жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 9 сәуірдегі №791 Жарлығымен құрылды.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Кеңестің негізгі міндеттері:

1) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, нарықтық экономиканың дамуын және отандық инвестицияларды ел экономикасына тартуды ынталандыратын жағдайлар жасау мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу;

2) Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің қызметін шоғырландыру;

3) кәсіпкерлік және инвестициялық саясат саласындағы өзге де маңызды мәселелерді қарау және талқылау болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.

Лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Кеңестің тұрақты мүшелері болып табылады.


 
Президент жанындағы кеңестер