Президент «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешенінде болды. Кешен 165 бизнес-кластық пәтерден тұрады, оның 30 пәтері үлескерлердікі. Қалған 135-і алдағы кезде сатып алу құқығы негізінде жалға берілетін болады. Барлық пәтерлер толық әрленген әрі қоныстану үшін дайын.
Мемлекет басшысы сондай-ақ ағымдағы жылғы қарашада пайдалануға берілетін «Изумрудный квартал» деп аталатын 39 қабатты әкімшілік корпусы кешенін аралап көрді. Ғимараттың жалпы алаңы 112 мың шаршы метр.
Бұл екі объектінің қаржыландырылуы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тарапынан Астана қаласындағы құрылыс объектілерін аяқтау жөніндегі дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізілді.
Брифинг барысында Президент журналистерге Астананың жаңа әкімшілік орталығы құрылысының жоспары туралы айтты.
- Бұл жерде «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» корпорациясы орналасатын медиаорталық салынатын болады. Мұнда өзге де телекомпаниялар көшіп келеді. Осында фильмдер жасалып, қоғамдық іс-шаралар өткізілетін, заманауи студиямен жабдықталатын жаңа медиакешен орналасатын болады, - деді Президент.
Сонымен қатар, Оқушылар сарайы, Қазақстан тарихының мұражайы, опера және балет театры және өзге де объектілер салынатын болады.
- Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай елордада спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы жаңа объектілер пайдалануға беріледі, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.