Президент өз сөзінде мемлекет тарапынан Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауы таза, мөлдір және бәсекелестік жағдайда өтуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Оған қатысқан барлық партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін теңдей мүмкіндіктерге ие болды. Соның нәтижесінде әлемнің көптеген елінен келген байқаушылар Қазақстанда өткен сайлауалды үдеріске жоғары баға берді.
Мемлекет басшысы өткен сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуда тағы бір маңызды қадамға айналғанын атап көрсетті.
- Сайлаудың басты қорытындысы – барша қазақстандықтар елдің дамуына, экономиканы және қоғамдық-саяси саладағы жаңғыртуға, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған бағытты бірауыздан қолдады. Біздің азаматтарымыз тұрақтылық, бірлік және қоғамдағы өзара түсіністік үшін, партия ұсынған нақты істер мен жағымды бағдарламалар үшін дауыс берді. Мен бұл – барша Қазақстан халқының жеңісі деп санаймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Қазақстанның жаңа Парламенті енді бәсекелестік күресте жеңіп шыққан үш партия өкілдерінен тұратынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан күллі әлемге елде демократиялық үдеріс жүйелі әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанын тағы да көрсетті. Енді Мәжіліс құрамында халықтың әртүрлі әлеуметтік, гендерлік және кәсіби топтарының өкілдеріне орын берілетін болады.
- Бүгінде біздің барлық отандастарымыз Қазақстанда тыныштық пен тұрақтылықты, біздің достығымыз бен өзара түсіністікті қорғау және қастерлеу қажеттігін ерекше түсінеді. Елдегі заң мен тәртіп, біздің халқымыздың бірлігі – бұл біздің сайлаушыларымыздың ең басты, аса маңызды аманаты. Тек осы жолда ғана сіздер көпұлтты Қазақстан халқының ұжымдық ерік-жігерін жүзеге асыра аласыздар, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа, көппартиялы Қазақстан Парламенті тек жемісті пкірсайыстың ғана емес, сонымен бірге бірлескен сындарлы іс-қимылдың мінберіне айналуы қажеттігіне тоқталды.
- Мен өткен сайлауда қандай партияға дауыс бергеніне қарамастан, әрбір қазақстандықтың таңдауына зор құрметпен қараймын. Бұл қалыпты демократиялық үдеріс, бізде азаматтық қоғамның қалыптаса бастауының айғағы. Сонымен қатар, мен «Нұр Отан» партиясының күмәнсіз жеңісін зор шаттық сезіммен қабылдаймын. Бұл «Нұр Отан» - барша қазақстандықтардың мүддесін орындауға ұмтылатын шын мәнінде халықтық партия екенін көрсетеді, - деп атап өтті Мемлект басшысы.
Президент бүгінде халықтың жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім 11 мың АҚШ долларын құрайтынын айтты. Халықаралық резервтер жиынтығы 75 миллиард АҚШ долларынан асты. Тек 3 жыл ішінде қазақстандықтардың еңбекақысы мен зейнетақы мөлшері 2 есеге артты. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы еліміз үшін маңызды бағдарламаларды - дамудың маңызды бағдарламасы – үдемелі инновациялық-индустрияландыру, жұмыспен қамту, барлық елді мекендер үшін таза ауыз су, ТКШ қайта құрылымдау, аграрлық секторды дамыту, «Бизнес-2020» бағдарламасы және өзге де көптеген бағдарламаларды іске асыруда алда келеді.
- Қазақстан бұл дәуірге ұзақ жылға алдын ала әзірленген халықтың өмір сүру сапасын арттыруға арналған өзінің стратегиялық даму мақсаты мен міндетін белгілеп алып кіріп отыр. Экономикалық көрсеткіштердің өсуін ескерумен бірге барлық назарды біздің қоғамның мәдениеті мен білім деңгейін арттыруға, жаңа қазақстандық интеллектуалдық ұлт қалыптастыруға аудару қажет. Біз сонымен қатар алдағы уақытта да этникалық және конфессиялық келісімді нығайтатын боламыз, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алдында жаһандық әлем мен жаһандық экономикаға ықпал ететін жаңа орасан күрделі міндеттер тұрғанына тоқталды. Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы, жаңа дағдарыстың болу ықтималдығы және экспортқа бағаның төмендеуі Қазақстан экономикасына өз әсерін тигізуі мүмкін. Барлық кедергілерге қарамастан, Қазақстан адамдардың жақсы өмір сүрулері үшін елді жаңғырту жолында таңдаған бағытын жалғастыра береді.
- XXI ғасырда тек мықты мемлекет табысты дамиды. Алдағы 5 жылда Қазақстанның жаңа Парламенті елдің болашағы үшін жауапкершілікті мойнына ала алатын, қоғам тұрақтылығын нығайтып, оның жан-жақты жаңғыруына ықпал ете алатын қуатты саяси күшке айналатынына сенімдімін. Қазақстанды бұдан да мықты, берік, тұрақты мемлекетке айналдыру - сіздердің қолдарыңызда. Және біздің бәріміз осы бағытта жұмыс істейміз, - деді Мемлекет басшысы депутаттарға арнаған өз сөзінде.
Президент сөзінен кейін жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары ант берді.
Президент сөзінің мәтінін мына жерден қараңыз.