Өз сөзінде Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметтің алдына бірқатар нақты міндеттер қойылғандығын атап өтті. Онда әлеуметтік мәселелерге негізгі басымдық берілген.
-Экономиканы тұтас дамытпайынша, әлеуметтік жаңғыру мүмкін емес. Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау – жаңарған Үкімет құрамы мен барлық деңгейдегі әкімдер қызметінің басты мәселесі.
Үкіметке бірінші Вице-премьер С.Ахметов, бір жаңа вице-премьер тағайындалды. Жаңа Мәдениет және ақпарат министрлігі қайтадан құрылды. Алты министрлік пен агенттікті жаңа басшылар басқаратын болды. Төрт облысқа жаңа әкім тағайындалды. Бірқатар жаңа басшылар өңірлерден әкелінді, бұл өз кезегінде орталық және жергілікті билік органдарының өзара іс-қимылын айтарлықтай жақсартады.
Дағдарыстың екінші толқыны жақындап келеді.
Біз бұған толық дайын болуымыз керек.
Үкімет тиісті шараларды белгілеп, әлемдегі жағдайға мониторинг жасай отырып, жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Өткен жылдары Үкімет дағдарыстық ахуалдарды ойдағыдай шешті, алдағы уақытта да осындай тиімді жұмыстарды жалғастыру керек.
Бүгін мен сіздердің назарларыңызды нақты тапсырмаларға аударғым келеді. Тек жетістіктерді ғана емес, сонымен бірге, проблемаларды да айту керек.
Бірінші. Дағдарысқа қарсы тұру үшін макроэкономикалық ахуалды және экономиканың дамуын сақтауды қамтамасыз ету керек.
Ақша-несие саясаты.
Сыртқы жағдайлар біздің сауда әріптестеріміздің валюталарын құнсыздандыруы мүмкін.
Ұлттық банк және Үкімет бұл жағдайды жан-жақты бақылап, біздің экспортшыларымыздың өнімдерімен бәсекелестікке түсу үшін теңгенің қалыпты жағдайын қамтамасыз етуі керек.
Дағдарысқа қаржы саласын дайындау қажет. Келесі аптада маған Үкімет және Ұлттық банк жалпы банк жүйесі бойынша және нақты банктер бойынша қандай тиімді шаралар жасау қажеттігін баяндауы керек.
Бюджетті оңтайландыру.
Бюджеттік шығындарды тағы да електен өткізу керек.
Қаржы министрлігі барлық бюджеттік шығындарды жан-жақты сұрыптаудан өткізіп, экономикалық дамуды және тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етпейтін шығындарды анықтауы тиіс.
Біріншіден, шығынды көп қажет ететін, алайда іс жүзінде ешқандай пайда бермейтін шараларды өткізу шығындарын қысқарту керек.
Экономика сәл ғана жақсара бастап еді, әртүрлі мүшелтойлар мен даңғаза конференциялар, халықаралық кеңестер қаптап кетті.
Қазірдің өзінде министрліктер мен әкімдіктердің жоспарында осындай үш мыңнан астам шара белгіленген.
Мұны тоқтату керек! Қазір ондай уақыт емес.
Қаржы министрлігіне дағдарысқа қарсы бағдарламаларды ескере отырып, барлық шығындарды тиімді пайдалану жөнінде тапсырма беремін.
Қаражатты тиімді дайдалануға басымдық беру керек.
Екіншіден, салық әкімшілігі мәселесін жақсарту қажет.
Мен қазір дағдарыс екенін түсінемін, бірақ тыңғылықты жұмыс істеу керек.
Экономика өсуде, алайда берешеке те өсуде.
Тек 2010 жылы жиналмаған салық мөлшері 2009 жылмен салыстырғанда екі есе өсті, ал 2011 жылы ол 224 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылы жалған кәсіпорындар саны 35 пайызға көбейіп, 1 мыңнан асып жығылды (24.01.2012-дегі жағдай бойынша – 1081).
Кейбір мемлекеттік органдар босаңсып кетті.
Салық және кеден органдары өздерінің ақпараттық жүйесіндегі сараптамалық мәселелерді күшейтуге тиіс.
Мысалы, салық жүйесі КПН аудару бойынша салық төлеушілер мәліметтері мен әлеуметтік салықты және ҚҚС өзге органдардың экономикалық көрсеткіштерімен салыстырып қараулары қажет (Экономдамуминистрлігі, Индустрияминистрлігі және т.б.).
Осы ретте бизнес-климатқа жағымсыз ықпалы мен әкімшілік кедергілердің өсуінен қашу маңызды. Кәсіпкерлердің тексерулерден зардап шеккеніне жол бермеу керек.
Үшіншіден, мемлекеттік сатып алу жүйесін қайтадан қарау қажет.
Бүгінде мемлекеттік органдар ешқандай конкурс жүргізбей, өздеріне бағынысты кәсіпорындардан бірнеше есе қымбат бағаға тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алатын болды. Егер мемлекеттік мекемелер сатып алатын тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасын тек 20 пайызға арзандатуды қамтамасыз ете алсақ, 500 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемдеуге болады.
Сондықтан тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы жөнінде толық ақпараттық жүйесі бар мемлекеттік сатып алу жөніндегі бірыңғай оператор құру мәселесін ойластыру керек.
Бұл мәселелерді белгілеуді Вице-премьер К.Келімбетовке, Қаржы, сондай-ақ Экономикалық даму және сауда министрліктерінің басшылары Б.Жәмішев пен Б.Сағынтаевқа тапсырамын.
Инфляция және тариф.
Үкімет, Ұлттық банк және әкімдер азық-түлік бағаларының және тарифтердің негізсіз қымбаттауына жол бермеуге тиіс.
Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату бойынша және қызмет көрсетуде делдалдардың алып-сатарлығын жою керек.
Қазіргі экономика өсімді пайдаланып, жаңа резервтерін табу қажет.
Ең алдымен, инвестиция үшін күресу керек.
Бұл инвесторлар каптиалдың өсуінің сенімді нүктесін іздестірген кезде, жаһандық дағдарыс кезеңінде ерекше маңызды.
Үкіметке бірінші жартыжылдықта инвестиция тарту бойынша ұлттық іс-қимыл жоспарын жасауды және ОЭСР стандарттарымен Қазақстанның инвестициялық саясатын үйлестіруді тапсырамын.
Кейбір жекелеген мысалдар болмаса, әкімдер өңірлерге инвестиция тарту мәселесімен айналыспайды.
Қарағанды облысында ауыл шаруашылығының сұранысы үшін ұшақтар шығару жұмысы басталды, Жамбыл және Павлодар облыстарында өндіріс дамуда.
Тек салаларда немесе өңірлерде кезекті индустриялық жобаны пайдалануға беруді ғана қанағат тұту жауапсыздық болып табылады.
Жаңа кәсіпорын өзінен өзі дамымайды.
Нақты фактілерді алайықшы.
Менің тапсырмам бойынша «Миттал-Стилл» өзінің өндірісін әртараптандырды және 2010 жылы Қазақстанның батысында құбыр зауытын іске қосты. Оның өнімдерін халықаралық рынок жаппай алып жатыр, алайда біздің ұлттық компанияларымыз оны сатып алмайды. Бұл салада Ө.Шөкеев тәртіп орнатуы керек.
Менің тапсырмам бойынша «Қармет» комбинаты салған сортты прокат зауытын салды. Сондай-ақ енді ғана салынып жатқан рельс зауытының, Ақмола облысындағы «КамАЗ-инжиниринг» көлік құрастыру зауытының шығарған өнімдерін еліміздің ұлттық компаниялары мен мемлекеттік секторлары сатып алулары тиіс.
Жұмысты ынталандыру үшін, жаңа жұмыс орындарын құру үшін өзіміздің мәшинелерімізді сатып алуымыз керек. Шығыс Қазақстанда жеңіл автокөліктер шығарылады. Ал біздің шенеуніктер шетелдік маркадағы мәшинелерді сатып алады. Олар неге біздің мәшинелермен жүрмейді? Егер бірінші кезекте өзіміз пайдаланбайтын болсақ, неге біз индустрияны дамытып жатырмыз.
Қостанай зауыты УАЗ автокөлігін шығарады. Ауыл шаруашылығының барлық құрылымдары осы көліктерді сатып алуы керек.
Жамбыл облысында ферроқорытпа және химиялық өнімдер өндірісін үш есе арттыру мүмкіндігі бар. Облыс әкімі осы мәселе бойынша жұмыс істеуге міндетті.
Өңірлерді дамытудың болжамдық кестесінде өндірістердің бірін бірі қайталауына жол берілмеуі тиіс. Барлық облыста бірдей цемент зауытын салудың қанша қажеттігі бар. Бұл мәселелерді шағын қалаларды дамыту жөніндегі бағдарламаларда ерекше ескеру қажет.
2011 жылы жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика салаларын дамытуда болмашы ғана өсім байқалды. Фармацевтика біршама дамып жатса, біз жеңіл өнеркәсіпті индустрия ретінде мүлде ұмыттық. Қаржы салдық, ЕЭА құрдық, зауыттар салдық, ал басқа жерлерде бұл неге дамымайды? Тері өңделмейді, жүн өңделмейді.
Үкіметтегі біреудің неге бұлай екендігі туралы нақты сараптамасы бар ма?
Экономикалық даму және сауда министрлігі бұл мәселені шешеді деп сенемін.
Индустрияландыру картасындағы барлық іске қосылған жобалардың 60 пайызына жуығы аграрлық кешеннің және құрылыс индустриясының үлесіне тиеді. Міне, біздің «даурықпа» баяндамаларымыздың салдары.
31 ірі жобаның ішінде тек қана 5 жоба дайын өнім шығару өндірісімен байланысты. Ал бұл Индустрияландыру картасы бойынша жалпы инвестиция көлемінің 90 пайызы.
11 жоба төменгі деңгейдегі өнім шығарады деп күтілуде. Жіберген олқылықтар бетке ұрып тұр.
Іске асырылып жатқан 220 жоба бойынша инвестицияның 80 пайызы мұнай-газ және тау-металлургия саласына, инфрақұрылымға бағытталуда.
Премьер-Министр К.Мәсімовке, бірінші Вице-премьер С.Ахметовке, Индустрия және жаңа технология министрлігіне және «Самұрық-Қазына» АҚ-қа жан-жақты сараптама жүргізуді және бұл жобалардың әрқайсысының қазақстандық экономиканы әртараптандыруға қаншалықты сәйкес келетіндігі жөнінде нақты көріністі анықтауды тапсырамын.
Біртұтас экономикалық кеңістікті құру және алдағы уақытта БСҰ-ға кіру мәселесі еліміздің экономикалық даму үдерісіне күшті ықпал ететіндігін әрбір басшының түсінуі қажет.
Біріншіден, қазақстандық үлесті дамыту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын бірнеше есе арттыру керек.
Бұл ретте бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өндірістерге басымдық берілуі қажет.
Екіншіден, индустриялық-инновациялық дамудағы өңірлердің рөлін арттыру керек.
Бәсекелестік күресінде негізгі салмақ өңірлерге түседі. Бұл орайда бірігу керек. Мүмкін Шығыс Қазақстан облысы Павлодар облысымен бірлесе отырып, Омбы облысымен бәсекелесуі керек шығар. Басқа облыстар да осылай жасауы керек. Өзара бәсекелестікке түспей, көрші өңірлермен бәсекелесу керек. Мен бұл туралы әкімдерге бірнеше рет айттым. Сондықтан индустрияландыру да, әртараптандыру да алдағы уақытта облыстарға ауыстырылатын болады.
Оған облыс әкімдері дайын ба?
Міне, әрбір облыстың әкімі өзіне осы сұрақты қоюы керек. Индустрияландыру, инвестиция мәселелерімен әкімнің арнайы бір орынбасары айналысуы қажет деп есептеймін. Ол ағылшын тілін меңгерген және бұл мәселелерді жетік білетін «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қатарынан, Индустрия министрлігі тарапынан жіберілуі керек.
Ол Экономикалық даму және сауда, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады. Президент Әкімшілігіне бір ай мерзім ішінде осы мәселе бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Осыған байланысты барлық өңірлердің әкімдеріне мынадай міндеттер жүктеймін:
Біріншіден, өңірлік дамудың және бәсекелестіктің басымдықтарын анықтау керек.
Екіншіден, жергілікті жобаларды әлеуметтік бағдарламаларға және Үкіметтің басқа да бағдарламаларына толық байланыстылығын қамтамасыз ету қажет.
Үшіншіден, Үкіметпен бірлесе отырып, ішкі ұлттық бағытта, сонымен бірге, БЭК шеңберінде де өңіраралық кооперацияны күшейту жөніндегі шараларды белгілеу керек. Бұл мәселені дайындауды Вице-премьер К.Келімбетовке, Экономикалық даму және сауда министрі Б.Сағынтаевқа және Ұлттық банк басшысы Г.Марченкоға тапсырамын.
Енді дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы.
Әкімдіктерді, сонымен бірге, ұлттық компанияларды қоса алғандағы әрбір мемлекеттік орган әртүрлі дағдарыстық сценарийлерге бірден көңіл аудару шараларын белгілеуі керек.
Егер ахуал нашарлап кететін болса, сыртқы факторларға сілтеме жасап, ақталудың қабылданбайтындығын ескертемін.
Әрбір облыстың Үкіметпен бірлесе отырып, алдын ала келісілген жоспары болуы тиіс.
Үшінші. Енді салалардарғы міндеттер туралы.
Ауыл шаруашылығы.
Көктемгі дала жұмыстарына жан-жақты дайындалу және оны ойдағыдай өткізу ерекше маңызды.
Әкімдер егістікті әртараптандыруды қамтамасыз етуі қажет. Көкөніс, май дақылдары, жем-азық және басқа дақылдардың үлесін арттыру маңызды. Біз мал шаруашылығын дамытуды қолға алған болсақ, онда бізде жем-азық дақылдары, майлы дақылдар, көкөніс өнімдерін өсіру де дамуы керек. Бұған қазірдің өзінде көңіл аудару керек. Біздің егіс алқаптарының мүмкіндіктерін, олардың өнімділігін арттыру қажет.
Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы өндірісі оның өңдеу саласымен тығыз бірлікте жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай құрылым әлі қалыптаса қойған жоқ. Бұл – біздегі дәстүрлі, тарихи олқылық.
Соңғы үш жылда сүт және ет бағытындағы фермалар құрылысына, бордақылау алаңдарын, құс фабрикаларын, жылыжай мен көкөніс сақтау қоймаларын салуға орасан зор қаржы жұмсалды. «Біз бірақ өзіміздің алдымызға қойған мақсатымызға жете алдық па?».
Үкіметке, әкімдер мен «ҚазАгро» холдингіне оларды тиісті деңгейге жеткізуді және өнімдер шығаруын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринарияны халықаралық стандартқа көшіру жөнінде тиісті шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Мұнсыз сапалы ет экспорттау мүмкін емес.
2012 жылдың басында өткен жылға жоспарланған 126 ветеринариялық зертханалардың бар-жоғы 27-сі ғана салынған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысының нәтижесін осындай.
Бұл зертханаларды салу мен іске қосуды жеделдету қажет.
Жерді өз мақсатына пайдалану жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажет.
Өйткені, бұл кәсіпкерлікті дамытудың елеулі қосымша мүмкіндігін беретін болады.
Осыған байланысты әкімдер тұрғын үй салуға немесе ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге жер телімдерін бөлгенімен, оларды кімдер алып жатқандығын, жер телімдерінің қандай қағидатпен бөлініп жатқандығын қадағаламайды, сондықтан жер дұрыс пайдаланылмай келеді.
Бүгінгі күні Қазақстанда 7 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері іске қосылмай отыр. Мұның жартысынан астамы Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарының үлесінде.
Осыған орай Жер ресурстарын басқару агенттігінің жаңа басшылығына Ауыл шаруашылығы министрлігімен және облыс әкімдерімен бірлесе отырып, аталған мәселені шешуді тапсырамын. Жер халықтың – негізгі байлығы.
Сондықтан Үкіметке оған қатысты мәселелерді шешуді тапсырамын.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы.
Біз жылыту маусымын проблемасыз жүргізу жағдайына әлі күнге жете алмай келеміз.
Жыл сайын әкімдер мен Үкімет жүз пайыз дайындық туралы баяндайды.
Жағдай ондай болмай тұр.
Әйтпесе биылғы қыста Өскеменде, Көкшетау мен Семейде проблема болмаған болар еді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру ісіне де халықтан көптеген шағымдар түсіп жатады.
Мұнда мемлекеттік органдардың жауапкершілігі дұрыс айқындалмаған.
Пәтер иесі тұрғын үйді басқару үдерісіне нақты қатысып, бұл бағдарламаның тиімділігін нақты сезінуі тиіс.
Менің тұрғын үй құрылысы мәселесі бойынша айтатын сын-ескертпем бар.
Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша былтырғы жылы 138 мың шаршы метр жалдық тұрғын үй тұрғызу белгіленген болатын.
Оның тек 100 мың шаршы метрі ғана пайдалануға берілді.
Мұның алдындағы тұрғын үй бағдарламасында белгіленген нысандардың барлығы әлі салынып болған жоқ.
Ал енді жаңа бағдарламаны жариялап отырмыз.
Егер бұлай жұмыс істейтін болсақ, онда ақшаны не үшін бөліп отырмыз?
Дағдарыспен күрес бағдарламасын жүзеге асырған кезде барлық әкімдер жақсы жұмыс істеді, «Жол картасы» бүкіл Қазақстан бойынша қанат жайған еді.
Ал қазір осы жұмыс бәсеңсіп қалды.
Үлестік құрылыстың да бірқатар нысандары қаржы бөлінгенмен, әлі күнге аяқталмай отыр, бөлінген жер телімдерінің игерілмей қалды, жер телімдерін бөлу жөніндегі қолданыстағы ереже тұрғын үй салушылардың қаржы мүмкіндігін ескермейді.
Мұндай жағдайда ол жерлерді қайтадан алып, құрылыс жүргізе алатындарға тапсырылуы керек.
Жер телімдері тиісті коммуникациялық жүйелер жүргізілгеннен кейін ғана бөлінуі керек.
Бұл мәселені жергілікті жерде тек әкімдер ғана дұрыс қадағалай алады.
Астанадан бәрін көріп отыру мүмкін емес. Осыған орай Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, мәселені шешу жолдарын айқындап, заңға өзгерту енгізуге дейін тиісті ұсыныс әзірлеу жөнінде тапсырма беремін.
Қалдықтарды өңдеп кәдеге жарату, қалдықтарды бөлектеп жинау жүйесін енгізу мәселесі де аса маңызды.
Біз Алматыда қалдық өңдеу зауыты салдық. Ол қазір бір ғана себеппен, атап айтқанда, қалдықтарды бөлектеп жинау жүйесі іске қосылмағандықтан жұмыс істемей тұр. Егер шыны, картон, пластмасса бөлектеп жинақталатын болса, зауыт оны өзі-ақ алып өңдер еді. Алматыда тағам қалдықтары 30-40 пайызды құрайды. Шет елдерде олардан метан өндіріп, оны әртүрлі қажеттіліктерге пайдаланады. Біз де осылай жұмыс істеп үйренуіміз керек.
Қалдықтарды сұрыптау жұмысына әлеуметтік аз қамтылған және жұмыссыз адамдарды тартып, олардың қаржы табуына жәрдемдесудің мүмкіндігі бар.
Мәселен, елімізде осы уақытқа дейін жинақталып қалған өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар әрбір тұрғынға шаққанда 1,4 мың тоннадан айналады екен. Бұл мәселені тездетіп шешу қажет.
Әкім Үкіметпен бірлесіп осы мәселе бойынша жұмысты жүргізе бастасын.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы барлық мәселелерді шешуді жеке бақылауына алуды тапсырамын.
Төтенше жағдайлар министрлігі мен әкімдерге қардың көктемгі еруі мен тасқын қаупінің алдын алуды, тұрғын үйлерді, бөгендерді және басқа да гидротехникалық қондырғыларды бекіту жұмыстарын жүргізуді жүктеп отырмын.
Экономиканың дамуы монополиялық саясат арқылы да шектеліп келе жатыр, оны реттейтін агенттіктің барлық жұмысы өңірлердегі монополистер үшін тарифтің өсуін кезекті бекітуге ғана жұмылдырылып келеді, тұтынушылар құқығын қорғау жұмысы аяқсыз қалып отыр.
Аталған агенттіктің жаңа төрағасына тарифтік саясатты қалыптастыруды ашық жағдайда жүргізу жөнінде шара қолдануды тапсырамын.
Кәсіпкерлікті қолдау саласы.
Біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асырудамыз. Оны жетілдіру маңызды.
Кәсіпкерлердің несиелер алулары үшін кепілдіктер жеткілікті ұсынылмай отыр.
Сондықтан осы уақытқа дейін іс-қимыл бағдарламасы тек 20 несиені кепілдендірген. Бұл жеткіліксіз.
Сол себепті шағын бизнесті қолдау үшін мемлекет мен ірі инвесторлардың күш-жігерін біріктіру тетігін пысықтау қажет.
Әлеуметтік сала.
Жолдауда мен әлеуметтік сала бойынша барлық маңызды мәселелерді белгілеп бердім.
Дегенмен Үкімет шешуге тиіс жүйелік проблемалар әлі де бар.
Біріншіден, денсаулық сақтау нысандарын салу мәселесін айқындай түсу керек.
Осының алдындағы жылдардағы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасында белгіленген 103 денсаулық сақтау нысанының тек 58-і ғана салынды.
2011 жылғы Жолдауда қосымша 350 аурухана мен емхана салу жөнінде тапсырма берілді.
Алайда, олардың 7 нысаны бойынша ғана шығындар қолдауға ие болды.
Неліктен бұлай болып отыр?
Премьер-Министрдің жеке өзіне аталған жайдың анық-қанығына жетуді тапсырамын.
Екіншіден, халықты дәрі-дәрмекпен, әсіресе, күрделі ауруларға қажетті дәрі-дәрмектермен қамту ісіндегі кемшіліктер жыл сайын қайталанып отыр.
Ағымдағы жылы В және С гепатитімен ауыратындарға, онкологиялық науқастарға қажетті дәрілерді жеткізу жөніндегі келісім-шарттар көп кешіктіріліп жасалды. Адамдар зардап шегуде.
Қаржы уақытында бөлінгенімен, оларды дер кезінде ала алмадық.
Медициналық мекемелерде жоспарлау жүйесін жолға қоюға не немесе кім кедергі келтіріп отыр?
Үшіншіден, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы кадрларға деген нақты бір сұранысты толық ескермей жүргізіліп келеді.
Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі қандай кадрларға тапшылық барлығын анықтап, осыған сәйкес мамандар дайындау жөнінде оқу орындарына тиісті тапсырыстар беруі қажет.
Өйткені, жұмыс орындары гастарбайтерлерді қамтамасыз ету үшін емес, қазақстандықтар үшін ашылып отыр.
Төртіншіден, Үкімет көші-қон заңдарына аталған жағдайларды ескере отырып, тиісті өзгерістер енгізуі тиіс.
Халықтың бүкіл ел көлемінде тиімді орналасуын ынталандыру жүйесін енгізудің маңызы зор.
«Нұрлы көш» бағдарламасын түбірінен қайта қарастыру қажет.
Бұл мәселелердің шешім табуын мен Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаевқа жүктеймін.
Міндеттердің тағы бір тобы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға қатысты.
Менің тарапымнан орталық деңгейде мемлекеттік басқаруды оңтайландыру туралы тиісті Жарлық шығарылды.
Бізде әр жыл сайын мемлекеттік аппаратта қысқартулар болып жатады. Бірақ мемлекеттік құрылымда істейтіндердің саны тездетіп қайта қалпына келіп қана қоймай, одан әрі өсе түседі.
Неге бұлай?
Оның жауабы қарапайым. Бізде осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметтің тізбесі болып көрген емес.
Бұдан төрт жыл бұрын мен мемлекеттік органдарға аудит жүргізудің жүйелік негізін қамтамасыз етуді тапсырған едім. Бұл мәселе әр түрлі себептермен кейінгі шегеріліп келеді.
Мен бірыңғай көзқарастар болу үшін, әкімдіктердің типтік құрылымын жетілдіру туралы тапсырма бердім. Әлі күнге дейін орындалған жоқ!
Бес жылда мемлекеттік кәсіпорындар саны 4,2 мыңнан 6 мыңға дейін, яғни 1,5 есе өскен. Қаржы министрлігі осыған ақша бөледі. Ал мемлекеттік қаржыны қалай үнемдеу жөнінде ұсыныс бермейді.
Бұл мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің саны Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлер санынан 6 есе көп, ал Қазақстандағы мемлекеттік қызметте – 600 мың адам еңбек етеді. Бірақ, аталған кәсіпорындардың жартысынан астамы зиянмен жұмыс істеуде. Көбі бірін-бірі қайталап отыр.
Үкіметке мемлекеттік кәсіпорындар санын қысқартып, холдингтер мен ұлттық компаниялар құрылымын оңтайландырып, бұл мәселенің шешімін тапқандығын 1 сәуірге дейін баяндауды тапсырамын.
Бүгінде Үкімет менің тапсырмаларымды жедел орындаудың орнына, оны одан әрі министрліктер мен ведомстволарға жүктейтін болған. Осылайша бір тапсырмадан ондаған тапсырмалар туындайды. 2001 жылы 15 мың тапсырманың 80 пайызын Үкімет пен Премьер-Министрдің Кеңсесі берген. Кеңсе басқару органына немесе көшірме жазбалар органына айналып кеткен.
Бізде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі енгізілген. Нәтижесінде есеп беру құжаттарының саны 6 есе өскен. Қазір бүтіндей алғанда 30 мыңнан астам есеп талап етілуде.
Президент Әкімшілігіне осы мәселені тиянақты тексеріп, басы артық үдерістердің бәрін қысқартуға тиіс.
Сондықтан мына төмендегідей шараларды жүзеге асыру қажет деп санаймын:
Біріншіден, бұл ретте бәрін Үкімет Кеңсесіне жүктей бермей, Премьер-Министрдің орынбасарларының жауапкершілігін, олардың министрлермен және әкімдермен іс-қимыл әрекеттестігін арттыру керек.
Екіншіден, Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесе отырып жағдайға талдау жасап, мемлекеттік қызмет тізбесін қалыптастыруды 1 мамырға дейін іске асыратын болсын.
Үшіншіден, 1 наурызға дейін министрліктер, ведомстволар мен әкімдіктер құрылымы туралы жаңа типтік ережені бекітіп, мұнан кейін екі айдың ішінде оларды оңтайландыру жұмыстарын жүргізу қажет.
Төртіншіден, 15 сәуірге дейін ұлттық холдингтерді, компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды оңтайландыру жөнінде ұсыныс әзірленетін болсын
Жаңа басқару технологияларын жеделдетіп әзірлеуді Премьер-Министрдің орынбасары Е. Орынбаевқа жүктеймін.
Үкіметке «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» заң жобасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырамын.
Бизнеске әкімшілік кедергілерді қысқарту – мәселенің өзге қыры. Мұнда да ескеретін жәйттер бар. Осы уақытқа дейін әрекет етіп келген 1015 рұқсат беру құжаттарын 30 пайызға қысқарту жөнінде ұйғарым жасалғаннан кейін олардың 700-ге жуығы ғана қалу керек еді. Ал 2011 жылдың соңындағы тексеру барысында олардың саны 1137-ні құрап отырғаны анықталды.
Мұның өзі таңқалатын жәйт! Мемлекеттік аппаратты қысқарту үстіндеміз, ал шенеуніктер саны артып келеді!
Рұқсат беру үдерістерін азайтудамыз, ал олар өсе түсуде!
Мұндай жағдайда Үкіметке көрсетілген сенім ұзаққа созылмауы да мүмкін.
Алдағы кезең аса күрделі және жауапты екендігін тағы да еске салғым келеді.
Мұны барлығымыз білеміз. Бізге жинақталу және жұмысты жаңа леппен бастау керек. Менің әрбір тапсырмам үшін барлық министрлер мен өңір басшылары алдымда дербес жауап береді.
Осы мәселені бақылауға алуды Президент Әкімшілігінің Басшысына тапсырамын.
Сіздердің барлықтарыңызға Парламент пен менің тарапымнан үлкен сенім көрсетілді.
Осы сенімді ақтаңыздар!