Кездесу барысында Қазақстан-Германия қарым-қатынастарының соңғы үш жылда айтарлықтай жандана түскені қанағаттанушылық сезіммен атап өтілді. Екіжақты қарым-қатынастың одан әрі дамуына Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 2009 жылғы ақпанда ГФР-на және ГФР Канцлері А.Меркельдің 2010 жылғы шілдеде Қазақстанға ресми сапарлары жаңа серпін берді. Екі халықтың мәдениеті мен өзара ықпалдастығын одан әрі байытуға бағытталған Қазақстанның Германиядағы және Германияның Қазақстандағы Жылдары іс-шаралары табысты өтті. Экономика, ғылым мен білімнің әр түрлі салаларындағы ынтымақтастық жемісті дамыды.
Қ. Саудабаев 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізуде ГФР-ның қосқан рөлін ерекше атап өтіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезіндегі белсенді қолдауы үшін Германия басшылығына алғыс айтты.
Кездесу кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың келешегі талқыланды, сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың келесі жылдың басында Германияға ресми сапарына байланысты мәселелер қаралды. Қазақстанның Мемлекет хатшысы мен Германия Елшісі жоғары деңгейде өтетін алдағы кездесу Қазақстан-Германия ынтымақтастығын одан әрі дамытуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.