Президент келіп түскеннен кейін Шымкент қаласындағы әскери қалашықта болды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы әскери бөлімнің командирі, полковник Н. Қашағановқа Әскери Туды тапсырды.
Салтанатты іс-шаралар аяқталған соң Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков еліміздің Президентін әскери дайындық барысымен және әскери гарнизонның инфрақұрылымымен таныстырды.
Мемлекет басшысы мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың қызмет жағдайларымен таныс болып, әскери машиналар паркінің технологиялық желісінің элементтерін қарап шықты. Президентке мотоатқыштар батольонының әскери дайындығының жоғары деңгейі таныстырылды.
Әскери қызметшілермен кездесу аяқталғаннан кейін, Нұрсұлтан Назарбаев бөлімнің жеке құрамын айтулы оқиғамен құттықтап, Әскери Туды сақтауды міндеттеді және атқарып жатқан қызметтері үшін, антқа және әскери міндеттеріне берік болғандары үшін алғысын айтты.
Одан кейін Президент Шымкенттің ескі аумағына орналасқан Тәуелсіздік саябағында болды.
Саябақ Тәуелсіздік алаңымен бірыңғай композиция құраған, онда сондай-ақ «Жер Ана» архитектуралық композициясы орналасқан. Бұл архитектуралық композициялар туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Тәуелсіздік саябағының орталығында Қазақстан халқы бірлігінің Монументі орналасқан. Тәуелсіздік саябағы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылған.
Саябақта Мемлекет басшысы Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесіп, оларды алда келе жатқан Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады. Елбасы Қазақстанның ең басты байлығы - біздің көпұлтты үйіміздегі бейбітшілік пен келісім екенін атап өтті. Біздің басты міндетіміз – халықтың бірлігін сақтау. Сондықтан бүгін жаңа «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. Бұл заңда діни бірлестіктердің құқықтары мен міндеттері нақты баяндалған, мемлекеттің біздің қоғамдағы дінаралық толеранттықты нығайтудағы рөлі белгіленген.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Шымкент қаласындағы индустриялық аймақта болды. Президент «Арт Құрылыс» ЖШС-нің темірбетон бұйымдарының өндірісі жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру барысымен, «Ferrum-Vtor» ЖШС-нің сұйық шыны және силикат үйіндісінің өндірісі жөніндегі цехпен, сондай-ақ өнеркәсіп салаларына мамандарды қайта даярлау жөніндегі оқу орталығымен танысты. Өнеркәсіп аймағының аумағында 30-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Жобаларға қойылатын негізгі талап - заманауи өндіріс және бәсекелес өнім талабына сай болу. Басым бағыттар қатарында – битум минералдарынан алынған мұнай өнімдерінің өндірісі, минералды және химиялық тыңайтқыштар, пневматикалық және резеңке шина, қағаздар, картон, целлюлоза мақтасы, кірпіш, блок, плита және өзге де құрылыс материалдары, сондай-ақ құрылыс жабдықтары.
Мемлекет басшысы жабық үлгідегі жеңіл атлетикалық манежде болды. Кешен республикадағы бірлен-бір жеңіл атлетикалық манеж болып табылады, жүгіруге арналған жолдың ұзындығы 200 метрді құрайды. Биіктік пен ұзындыққа секіруге арналған, ядро лақтыруға арналған сектор, 3 айналма жол және кедергілермен әрі жүгіруге арналған 6 тіке жол бар. Жаңа жеңіл атлетикалық манеждің пайдалануға берілуі өңірде жеңіл атлетиканы дамытуға қарқын беріп, жоғары сыныпты спортшылар даярлауды жақсартады.