Жаңалықтар

11 мамыр 2012
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті

 

Отырыста құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жерді пайдалану салаларындағы сыбайлас жемқорлық проблемасы талқыланды.

- Мемлекет басшысы құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жер қатынастарын одан әрі дамытуға елеулі назар аударып отырады. Бұл мақсатқа едәуір бюджеттік қаражат бөлінеді. Тек 2011 жылы құрылыс жұмысының көлемі 2 триллион 82 миллиард теңгені құрады. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» халыққа Жолдауында Үкіметке «Қол жетімді тұрғын үй-2020» жаңа бағдарламаны әзірлеп, оны республикалық бюджеттен қаржыландыруды қамтамасыз етіп, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылдауды тапсырды. Сондықтан алға қойылған міндеттің табысты іске асуы көрсетілген салалардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралардың тиімділігіне байланысты. Мемлекет басшысының нұсқауына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, біздің азаматтарымыздың құқығын мығым және дәйекті түрде қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті өз сөзінде Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед.

Отырыс барысында 2012 жылы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігіне бөлінген қаржы 25 бюджеттік бағдарлама бойынша 238,9 миллиард теңгені құрағаны атап өтілді. Үлескерлік құрылысты қолдауға 2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 461,3 миллиард теңге бөлінген. Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балапан», «Ақ бұлақ» және әлеуметтік мәні бар өзге де бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, ТКШ саласында, құрылыста және жер қатынастарын иемдену салаларында сыбайлас жемқорлық әлі толық жойылмай отыр. Сондықтан халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдер осы салалардағы сыбайлас жемқорлықты жою және оны мүмкіндігінше азайту процесін орнықтыратын тиісті тетіктерді құруға ерекше назар аударады. Азаматтардың әлеуметтік ахуалы, мемлекеттік беделі, оның инвестициялық тартымдылығы осы механизмнің қаншалықты тиімділігіне тікелей байланысты.

Отырыста Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің төрағасы С.Нокиннің, Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қ.Отаровтың, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Р.Түсіпбековтің, Бас прокурор А.Дауылбаевтың және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаевтың есептері тыңдалды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Комиссия тарапынан бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды іске асыруға бақылауды күшейту және кадрмен жұмысты жақсарту жөнінде мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар