Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

28 маусым 2013
Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин еліміздің үздік журналистеріне Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсырды, сондай-ақ Алғысын жария етті

 

ҚР Мемлекеттік хатшысы еліміздің журналистерін кәсіби мерекемен – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтап, тәуелсіздік жылдары отандық бұқаралық ақпарат құралдары үлкен жолдан өткенін атап өтті.

– Өзінің берік орнын тапқан көшбасшылар қалыптасты. Бірақ бұл ретте медиакеңістік қарқынды дамуын жалғастыруда. Соңғы уақытта бірнеше республикалық телеарналар ашылғанын білесіздер. Отандық интернет-ресурстар саны өте жедел қарқынмен көбейіп келеді. Сондай-ақ, сапалы жаңару міндеті бірінші орынға шықты, – деді Мемлекеттік хатшы.

Өз сөзінде М.Тәжин қазіргі заманғы медиа саласында болып жатқан өзгерістерге қарамастан, журналистиканың негізгі құндылықтары, бұрынғысынша, шынайылық, дәлдік және байыпты ақпарат болуы тиіс екенін атап өтті.

Биылдан бастап президенттік награданың беделін және мәнін арттыру мақсатында журналистерге жыл сайын екі сыйлық және екі грант берілетін болса, алғыс төрт шығармашылық ұжымға жарияланады.         

Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтары «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы С.Жанболатқа, «Евразия» Бірінші арнасының бас директоры С.Киселевке берілді.  

Қазақстан Республикасы Президентінің гранттары «Астана» телеарнасының арнаулы жобалар бөлімінің продюсері Ә.Әбілдинаға, «Хабар» телеарнасының ақпараттық бағдарламалар бөлімінің тілшісі А.Истоминге тапсырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы «Актюбинский вестник» және «Дружные ребята» газеттерінің шығармашылық ұжымдарына, сондай-ақ «Алау» телерадиокомпаниясы мен «Tengrinews.kz» ақпараттық порталының ұжымдарына жарияланды.

Өз сөзінде «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат Мемлекет басшысының елдің бәсекеге қабілеттігін арттыру жөніндегі саясаты қазіргі биік талаптарға сай болуға тиісті отандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне де қатысты екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысына осындай жоғары награда үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл біздің редакцияның ғана еңбегі емес, сондай-ақ қызметі еліміздің тәуелсіздігін және оның өсіп-өркендеуін нығайтуға бағытталған барша қазақ журналистикасына көрсетілген құрмет деп санаймын, – деді С.Жанболат.

«Алау» телерадиокомпаниясының директоры Зульфия Арефьева көрсетілген құрмет үшін алғысын айта келе, қазіргі уақытта отандық, оның ішінде өңірлік журналистиканы дамытуға барлық жағдай жасалып отырғанын, сондай-ақ журналистиканың басты мақсаты барша қазақстандықтарды еліміздің дамуына қызмет етуге шақыру болып табылатынына тоқталды.

Балалардың республикалық «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Әлімжан Акбаров газеттің шыға бастауына 80 жыл толатынын және бүгінгі күні «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан» және «Дружные ребята» тәрізді байырғы балалар басылымдарын тек сақтап қана қалмай, сонымен бірге одан әрі дамытуға да мүмкіндік туғанын жеткізді.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы БАҚ өкілдеріне қызметте шығармашылық табыс тілеп, лауреаттар Мемлекет басшысының зор сенімін ақтайтынына сенім білдірді.         

 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар