Жаңалықтар

25 маусым 2013
Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен ҚР Президентінің БАҚ саласындағы 2013 жылғы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның отырысы өтті

 

Отырысқа Комиссия мүшелері – республикалық бұқаралық ақпарат құралдары, шығармашылық одақтар, журналистердің қоғамдық бірлестіктері, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтіп, БАҚ өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекесімен – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен құттықтады.  

– Біз ХХІ ғасырдың ақпарат ғасыры екенін білеміз. Осы орайда маңызды міндеті мемлекеттік саясатты кеңінен жариялап-көрсету және жұртшылыққа шынайы ақпарат тарату болып табылатын БАҚ-тың қоғамдағы рөлі артып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары жалпыұлттық сананы қалыптастыруға және қазақстандық патриотизмді дамытуға белсене үлес қосуға тиіс. Биыл сыйлықтарды беру, гранттарды тапсыру және Алғыс жариялау қағидаларына елеулі өзгерістер енгізілді. Қағидаға сәйкес, Президент сыйлығы енді тек ең үздік екі журналиске ғана беріледі. Сонымен бірге, гранттар 35 жасқа дейінгі БАҚ өкілдеріне тапсырылады. Бүгін Комиссия алдында маңызды міндет тұр. Комиссия мүшелері президенттік награда беруге кандидаттар арасынан ең лайықты үміткерлерді таңдайды деп сенемін, – деді М.Тәжин.

Биыл Қоғамдық комиссияның атына 79 ұсыныс, оның ішінде 66-сы журналистерден, 13-і шығармашылық ұжымнан келіп түсті. Бұл ретте 43 ұсынысты мерзімді басылымдар, 23-ін электронды БАҚ, 11-ін қоғамдық бірлестіктер, 2-ін мемлекеттік органдар жолдаған.

Комиссия мүшелері журналистік материалдардың деңгейі жоғары екенін, сондай-ақ олардың қазіргі заманғы Қазақстанның аса маңызды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының қырларын жариялап-көрсетуге қосқан үлестерін атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша, БАҚ саласындағы президенттік сыйлықтарды беру қағидаларына сәйкес, Қоғамдық комиссия Мемлекет басшысына БАҚ өкілдеріне екі сыйлық беру, екі грант тапсыру және төрт шығармашылық ұжымға Президент Алғысын жариялау жөнінде ұсыныс енгізуді ашық дауыс беру арқылы бірауыздан қаулы етті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар