Бөлімдер санаты

Сөйлеген сөздер мәтіндері

15 ақпан 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың Түркия-Қазақстан әйелдер бизнес-форумында сөйлеген сөзі
Анкара қаласы, Түркия

Құрметті форумға қатысушылар!

Ханымдар мен мырзалар!

Ең алдымен, алғашқы Түркия-Қазақстан әйелдер бизнес-форумына қатысушылар мен қонақтарға шын жүректен ыстық ықыласымды білдіргім келеді.

Осы форумды өткізуге бастамашы болған Түрік Республикасы Үкіметі мен Түркия Палаталар және биржалар одағына зор алғыс айтамын.

Бүгінгі жиынымыздың басты мақсаты – бауырлас екі елдің кәсіпкер әйелдері арасындағы ынтымақтастықты арттыру.

Қазақстан мен Түркия – ежелден бауырлас, достығы жарасқан, стратегиялық саяси-экономикалық әріптестік деңгейге қол жеткізген, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы әлемдік бейбітшілікке қомақты үлес қосып отырған мемлекеттер.

Биыл Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 26 жыл толады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым бауырлас екі ел арасындағы байланыстың артуына және жаңа деңгейге көтерілуіне ерекше мән береді.

Екі ел көшбасшылары достықты нығайту және халықтарымызды жақындастыра түсу мақсатымен жиі кездесіп, мемлекеттердің тағдырлы да өзекті мәселелеріне қатысты оңтайлы шешімдер тауып отырады.

Былтыр Түрік Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға ресми сапары екі ел үшін де табысты өтті.

Сонымен қатар, Түркия Президентінің Ислам әлемін жаңғырту мәселелеріне арналған Ғылым және технологиялар жөніндегі алғашқы Ислам Ынтымақтастық Ұйымы саммитіне, Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ресми жабылу салтанатына қатысуы екі ел арасындағы қарым-қатынасқа жаңа серпін берді.

Қадірлі ханымдар мен мырзалар!

Әлемдік экономиканың жаһандануы және ғылыми-техникалық прогрестің ілгерілеуі 21-ші ғасырда технологиялық инновация мен цифрландырудың дамуына негізделген жаңа экономиканы қалыптастырып отыр.

Дүниежүзілік экономикалық форум құрылтайшысы Клаус Шваб Төртінші өнеркәсіптік революцияның мәні физикалық, ақпараттық және биологиялық әлемнің конвергенциясы екенін атап өтті.

Осы ретте өркениетті елдердегі экономика саласындағы әйелдер белсенділігін ескерсек, олардың инновациялық қабілетін пайдалана отырып көп жетістіктерге жетуге болатынын айтар едік.

Әйел капиталы бірқатар мемлекеттерде инклюзивті экономика дамуының басты факторы және мемлекеттің гендерлік әлеуетін ашатын маңызды субъект болып табылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адами даму баяндамасында (2016 жылғы) көп елдерде әйелдерге мүлік пен жер сияқты өндірістік актив иеленуге рұқсат етілмейтіні айтылды.

Нәтижесінде дамып келе жатқан елдерде әйелдер – жер иелерінің  тек 10–20%-і ғана.

150 елде кемсітушілік заңдастырылған, 100 елде кәсіби қызметті таңдау шектелген, жұмысқа орналасу үшін 18 елде жұбайының келісімі қажет және тек 18 мемлекетте ғана әйелдер мүмкіндіктеріне қатысты құқықтық кедергі жоқ.

Аталған шектеулер қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық қатынастарда әбден қалыптасып қалған, мемлекет өмірінің барлық саласына әйелдердің үлес қосуына мүмкіндік бермейді.

Шынына келгенде, ерлер мен әйелдер өздерін бәсекелес емес, мемлекеттің өркендеуіне ықпал ететін біртұтас топ ретінде қарау қажет.

Біздің елде экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған Елбасы саясатының арқасында кәсіпкер әйелдердің белсенділігі артып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингісі бойынша әйелдердің «экономикалық даму саласына қатысуы және  мүмкіндіктері» жоғары бағаланып, Қазақстан 30-шы орынға ие болды (2017).

Елдегі жеке кәсіпкерлердің жартысынан көбі (52%), сонымен қатар шағын және орта бизнес басшыларының 43%-тен астамы – қыз-келіншектер. Олар сол саладағы азаматтардың 31%-ін (964 мың адам) жұмыспен қамтып отыр.

Ел экономикасының корпоративтік секторындағы қаржы саласына жетекшілік ететін әйелдер үлесі 34%-ке жетті. Олардың үлесі сақтандыру мекемелерінде44%, құнды қағаз нарығы ұйымдарында33%, екінші деңгейдегі банк жүйесінде26% болса, елдегі барлық ірі компаниялардың топ-менеджмент құрамындағы әйелдер үлесі – 19%.

Біз Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосуға бағытталған Үшінші жаңғыруды іске асыруға кірістік, әрбір қазақстандық азамат үшін ерекше маңызды «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдадық.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Big Data, 3D-принтинг сияқты, «Индустрия 4.0.» элементтерін енгізуге жағдай жасалып жатыр. Цифрландырудың арқасында Қазақстан экономикасының 30% өсімі күтілуде (ақшаға шаққанда 2 триллион теңге немесе 6 млрд. АҚШ долл.).

Сондай-ақ, әйелдер мүмкіндігі аясын кеңейту үшін Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітіліп, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламалары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобалары іске асырылуда.

Құрметті бизнес өкілдері!

Бүгінде Қазақстан – шетелдік инвесторлар үшін ең қолайлы мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп, индустрияландыру бағдарламасы арқылы өндірістік аймақтарын дамытып, Еуразия Экономикалық Одағының бар әлеуетін пайдаланып отырған, саяси тұрақты мемлекеттің бірі.

Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу, инвестицияны тиімді пайдалану бағытында Үкімет тарапынан кешенді жұмыс жүргізілуде.

Инвесторлар үшін жаңадан салықтық жеңілдіктер, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін инвестициялық омбудсмен институты және т.б. өзгерістер енгізіліп, «бір терезе» арқылы қызмет көрсету ұстанымы қолданылуда.

Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі (бизнесті қолайлы жағдайда жүргізу рейтингісі) бойынша Қазақстан 2017 жылы 36-шы орын алып, оның ішінде «Миноритарлық инвесторларды қорғау», «Келісімшарттарды орындау» индикаторлары бойынша тиісінше 1-ші және 6-шы орынды иеленді.

Қазақстан Республикасы шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатымен жыл сайын салық түрін азайту, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету саясатын жүргізіп отыр.

Сөзімді түйіндей келіп, осы форумның алдында тұрған үш басты мәселені атап өткім келеді:

Бірінші. Екі елдің кәсіпкер әйелдері арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту. Осы бағытта кәсіпкер әйелдердің бастамаларын қолдап, іске асыруына жәрдемдесу.

Екіншіден. Қазақстан мен Түркияның бизнес өкілдері арасындағы инновациялық және инвестициялық ірі жобалардың тізімін әзірлеу.

Үшіншіден. Заманауи цифрлық технологиялар саласында табысты жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен бірлесіп, жаңа жобалар және тәжірибе алмасу мақсатымен арнаулы іс-шаралар өткізу.

Қадірменді қауым!

Түркияда басталған бүгінгі игі іс-шара Қазақстанда да жалғасын тауып, кәсіпкерлік саласындағы әйелдер тұғырнамасының қалыптасуына жол ашады деген ойдамыз.

Биыл біз айрықша мерейтойды атап өтеміз:  Астана Қазақстан Республикасының елордасына айналғанына 20 жыл толады. Яғни, бейбітшілік қаласы, татулық тірегі, халықаралық маңызды келіссөздер алаңы болып отырған Астананың мерейлі межесі тойланады. Бәріміздің бабамыз, әйгілі Білге қаған айтқандай, «Біз – көктен жаралған, көктің ұлы түркі жұртымыз». Осы орайда Астананың айтулы тойы – Ұлы Дала Елі перзенттерінің және тарихи тамыры бір туыстас түрік бауырлардың баршасына ортақ қуаныш деп білемін.

Бәріңізге жемісті жұмыс, мол табыс тілеймін!

Тыңдағандарыңызға рахмет!


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері