Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер
Оқиғалар күнтізбесі
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 
 
 
 
 
12
3456789
10111213141516
1718
19
20212223
24252627282930
31
 
 
 
 
 
 
Барлық жаңалықтар

Сөйлеген сөздер

26 сәуір 2013
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Стамбул процесіне қатысушы елдердің сыртқы істер министрлері конференциясында сөйлеген сөзі

 

Құрметті министрлер және делегация басшылары!

Қадірлі конференцияға қатысушылар және

құрметті қонақтар!

Ханымдар мен мырзалар!

 

Қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер!

Біз Стамбул процесіне қатысушы елдердің өкілдерін қарсы алып, осы маңызды кездесуді өткізіп отырғанымызға қуаныштымыз.

Бүгінгі басқосуда ауған халқының тағдырына байланысты аса маңызды мәселелер қаралатын болады.

Бұл мәселелер халықаралық деңгейдегі күн тәртібінде тұрғаны баршаңызға белгілі.

Біздің шешімдеріміз Ауғанстан ұзақ күткен бейбіт өмірдің қайта оралуына ықпал етеді деп сенемін.

Қоғамдағы тұрақтылық пен экономикалық дамуды орнықтыру жолдарын бірлесіп іздегеніміз жөн.

 

Ханымдар мен мырзалар!

 

Ауғанстан маңызды тарихи кезеңге аяқ басуда.

Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін Халықаралық күштердің миссиясы аяқталып келеді.

Ел аумағының көп бөлігі қазірдің өзінде Ауғанстан үкіметінің жауапкершілігінде.

Біз бұл үрдісті нығайта түсуге ел басшылығы мен халықаралық қоғамдастықтың күш салуына қолдау білдіреміз.

Алайда халықаралық коалиция күштерінің шығарылуы, менің пікірімше, Ауғанстанға әлем назарының бәсеңдеуінің белгісі ретінде қарастырылуға тиіс емес.

Ол елдің барлық толыққанды күштері үшін жаңа, бейбіт даму кезеңіне өтудің белгісі болуға тиіс.

Басты міндет – ішкіұлттық келісімнің жетістігі мен ұзақмерзімді бейбітшіліктің негіздерін қамтамасыз ету.

Ауғанстан проблемасын шешудің кілті, ең алдымен, оның заңды өкілдері ретінде ауған халқының және үкіметінің өз қолында.

Әлемдік қоғамдастық үшін  ауғанаралық үнқатысудың дамуын толығымен ынталандыру маңызды.

Ауғанстанда бейбітшілік пен тәртіп орнықтыруға дайын екенін көрсеткен күштер қолдауға ие болуға тиіс.

Осы орайда 2014 жылға жоспарланған Ауғанстандағы президенттік сайлау өте маңызды болып отыр.

Мен сайланған мемлекет басшысы мейлінше ауған қоғамының барлық буынының қолдауына ие болады деп үміттенемін.

 

Құрметті достар!

 

Халықаралық көмек көрсету бағдарламаларының негізін құраушы элемент – Ауғанстанды экономикалық тұрғыдан оңалту.

Өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді жеделдетіп, бұл процеске Ауғанстанды белсенді ықпалдау қажет.

Қазақстан – өңірлік ықпалдастықтың тұрақты жақтаушысы.

Біздің еліміз өңірлік көлік инфрақұрылымын құруға белсенді түрде инвестиция салуда,

 «Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзит дәлізі, «Қазақстан – Түркменстан – Иран» теміржол маршруты, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін халықаралық күштерді шығаруға арналған Солтүстік тарату жүйесіндегі Қазақстанның көлік инфрақұрылымы, «Жаңа жібек жолы» бастамасы аясындағы жаңа идеялар – біздің еліміздің өңірлік ықпалдастыққа үлесі.

Біз әлі пысықталып жатқан өңірлік ірі жобаларға қолдау көрсетудеміз. 

Олардың ішінде «ТАПИ» («Түркіменстан – Ауғанстан – Пәкстан – Үндістан» газ құбыры), «КАСА-ТЫСЯЧА» («Central Asia-South Asia – 1000») жоғары вольтты электр тарату линиясы), сондай-ақ, Ауғанстанның маңайы мен ішіндегі теміржол жүйесін кеңейту жобасы бар.

Менің ойымша, Ауғанстанды дамытуға байланысты міндеттерді шешу үшін Алматы қаласының мүмкіндіктерін де іске қосқан болар еді.

Біздің оңтүстік астанамыз – Ауғанстанға географиялық тұрғыдан жақын, мүмкіндіктері мол қуатты көлік торабы. 

Алматы – халықаралық, соның ішінде БҰҰ жүйесі агенттіктері орналасқан орын.

Сондықтан Алматыда БҰҰ халықаралық орталығын құру туралы ұсыныс әлі күнге дейін өзектілігін сақтап отыр.

Оның қызметі Ауғанстанды қақтығыстан кейінгі оңалтуға да бағытталатын болады.

Мұндай құрылым БҰҰ-ның өңірлік және субөңірлік өкілдіктері, халықаралық және өңіраралық ұйымдар арқылы бұл елде қаржылық-экономикалық көмекті үйлестіру үшін қажет.

Бұл қазіргі бағдарламаларды және келешектегі көпжақты ынтымақтастық міндеттерін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.                        

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

 

1996 жылдың өзінде, Ауғанстанның солтүстік бөлігінде жағдай күрт ушыққан сәтте Алматыда Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей басшыларының шұғыл кездесуі өтті.

Кездесуге қатысушылардың ұсынысы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы жедел шақырылды.

Нақ сол кезде, 22 қазанда 1990-1996 жылдар аралығында алғаш рет Қауіпсіздік кеңесінің Ауғанстан жөніндегі №1076 жеке қарары бір ауыздан қабылданды.

Қазақстан ЕЫҚҰ-ға төрағалық ету барысында Ауғанстан проблемасын шешуге көмектесуге аз күш жұмсаған жоқ.

Мұндай жұмыстар біздің ИЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етуіміз аясында да атқарылды.

Біздің еліміз Шанхай ынтымақтастығы ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында Ауғанстанның проблемаларын реттеу мәселелеріне белсене қатысады.

Ауғанстанға қатысты проблемалар шоғыры Қазақстан Республикасы мен Солтүстікатлантикалық Альянстың өзара іс-қимылының маңызды бағытының бірі болып саналады.

Біз Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі міндеттемізге адалмыз.

Ауғанстандағы қауіпсіздікті қаматасыз етуге көмек көрсету жөніндегі халықаралық күштер операцияларының басынан бастап Қазақстан Альянспен бірге жүктерді транзиттеу туралы келісімді, сондай-ақ АҚШ-пен, Германиямен, Франциямен, Испаниямен және Ұлыбританиямен екіжақты уағдаластықты жүзеге асыру аясында коалиция әскерлеріне жәрдемдесуде.

Қазір біз Каспийдің Ақтау порты есебінен НАТО-ның жүктері үшін транзиттік әлеуетті арттыруға дайындалып жатырмыз,

Қазақстан Ауғанстанды қалпына келтіру жөнінде халықаралық қоғамдастықтың гуманитарлық күш-жігер жұмсау ісіне белсене қатысып отыр.

Біздің еліміз 2007 жылдан бері Ауғанстанға көмек көрсетудің арнайы жоспарын жүзеге асырып келеді.  

Оның аясында жас ауған азаматтары үшін 1000 бейбіт мамандық иелерін даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Жыл сайын Қазақстан Ауғанстанға қайтарымсыз техникалық және гуманитарлық көмек көрсетеді.

Қазақстанның қаражатына Талукан – Құндыз – Ширхан – Бандар автожолы қайта салынды.

Қазақстанның көмегі есебінен мектеп пен аурухана тұрғызылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда «КаzAID-тың» дамуына ресми және техникалық тұрғыдан көмек көрсету жөніндегі ұлттық агенттік құрылу үстінде.

Оның қызметінің басым бағытының бірі Ауғанстандағы жобаларды жүзеге асыру болады.

Қазақстан одан әрі қарай да Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіруге әлеуметтік және білім беру бағдарламалары мен жобаларына, азық-түлік пен жанар-жағармай жеткізу түріндегі гуманитарлық көмекке ден қою арқылы жәрдемдесе беретін болады. 

 

Қазақстан соның ішінде, ФАО және Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламаларының механизмдері арқылы астық, ұн және азық-түліктің өзге түрлерін тасымалдауды ұлғайтуға әзір.

Халықаралық донорларды Ауғанстанды қалпына келтіру процесіне Қазақстанның әлеуетін барынша белсенді пайдалануға шақырамыз.

Бүгінде өңірлік дамудың басты сын-қатерлері арасында есірткі өндірісі мен есірткі тасымалына қарсы күрес проблемасы тұрғанын атап өткен маңызды.

Осы жаһандық проблемаға қарсы күресте ұжымдық және үйлестірілген күш-жігер жұмсауға шақырамын.     

Оны кешенді түрде шешіп алмай, 2014 жылдан кейін де Ауғанстандағы тыныштық пен тұрақтылыққа қол жеткізу қиын болады.

Бұл үдерістегі маңызды рөлді, біздің ойымызша, есірткілік, психотроптық  заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Орталық Азия  өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы атқаруға тиіс.

Алматыда БҰҰ қолдауымен құрылған бұл бірегей құрылым қазірдің өзінде өңірдегі трансшекаралық есірткі қылмысымен күрестің тиімді тетігі ретінде өзін көрсете білді.

Өңірлік тағы бір маңызды мәселе халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің қатері болып қала береді.

Ауғанстан террорлық және экстремистік әрекеттің көзі және оны соның ішінде көршілес елдерге де таратушы болуды жалғастырып отыр.

Біз бұл жайтты Ауғанстандағы біздің бірлескен күш-жігерімізді жоспарлау кезінде қаперден шығарып тастауға тиіс емеспіз деп ойлаймын.

 

Құрметті достар!

 

Біздің конференция Ауғанстан үшін маңызды осы кезеңде «шешуші сәтке» айналуға тиіс.

Айқын тәсілдер, сындарлы саясат, өңірдің тұрақты дамуына зиян келтіретін геосаяси стратегиядан бас тарту – «өңірлік мүдделер тұғырнамасы»  жөніндегі біздің тезисіміздің негізін құрайтын нәрселер осылар.

Біз Еуразия кеңістігі елдерінің өңірдегі бейбітшілікті сақтау мақсатында Ауғанстан мәселесіне байланысты ниеттестік бірлігі бар екенін мәлімдеуге тиіспіз.

Бұл бастаманы өңірден тыс елдер де қолдайды деп үміттенемін.

Форумның қорытынды құжаты – Алматы декларациясында халықаралық қауымдастықтың Ауғанстанды жауапты және тең құқықты серіктес ретінде одан әрі қарай қолдау жөніндегі  бағыты мен стратегиясы өзгермейтіні туралы ауған қоғамына, елдегі және одан тысқары саяси күштерге арналған нақты белгі беруіміз көрініс табуға тиіс.

Стамбул процесіне әртүрлі мәртебеде қатысушы барлық мемлекет алда да ашықтық саясатын ұстанады, сындарлы диалог құрып, ынтымақтастықты дамытатын болады деп сенемін.     

Конференцияға қатысушыларға біздің форумның мақсатын қуаттап-қолдағандары, саяси диалогқа қосқан үлестері үшін алғыс айтып, барлығының жұмысына жеміс тілеймін.

Назарларыңызға рахмет!

Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер