Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер

Сөйлеген сөздер

22 мамыр 2015
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың VІІІ Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзі

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Форумға қатысушылар!

Бүгін кезекті Астана экономикалық форумына жиналып отырған жетекші саясаткерлерді, экономистерді, іскерлік, ғылыми, қоғамдастықтар, халықаралық ұйымдар және БАҚ өкілдерін құттықтаймын. Қазақстанға қош келдіңіздер!

Астана экономикалық форумы 2008 жылғы жаһандық қаржы экономикалық дағдарысына жауап шараларының бірі ретінде құрылған болатын. Ол дағдарыстың әлемдік экономиканың 80 пайызын қамтығандығы белгілі. Міне, содан бергі аралықтағы жеті жыл уақытта әлемдік экономика өзінің бұрынғы қарқынына ие болатындай қалыпқа түсе алмай келеді. Оның іргелі проблемалары шешусіз күйінде сақталып қалды. Солардың қатарында жоғарғы деңгейдегі жұмыссыздық пен борыштың артуы секілді мәселелер бар. Қазіргі күні көптеген сарапшылар жағдайдың ептеп те болса қалыпқа түсіп келе жатқандығын айтады. Бірақ өсу белгілері бытыраңқылық күйінде қалып отыр. Көптеген елдер сол дағдарыстың салдарларынан әлі де еңсе тіктеген жоқ. Ал енді бір сарапшылар 2008 жылғы жаһандық дағдарыс мейлінше тоқыраушылық сипатқа ие болды. Ол өзінің түбегейлі себептерін – қазіргі терең үйлесімсіздікті тудырып отырған себептерді еңсермей оңалмайды деп есептеуде.

Бірінші кезектегі ойландыратын нәрсе – валюталық және сауда рыноктарында орын алып отырған жағдайлар. Сарапшылардың мәлімдеуінше, қазіргі күні көпшілік қауым турбуленттік құбылыс деп қабылдап отырған жағдай шын мәніне келгенде жаһандық дағдарыстың келесі кезеңінің жасырын, беймәлім формалары болып табылады. Қазірдің өзінде ол қаржы саласынан әлем елдерін дүр сілкіндіріп отырған заңсыз санкциялар және әлеуметтік-саяси соғыстар түріндегі валюталық, экономикалық кикілжіңдерге өте бастады. Міне, осы жағдайдың өзі Батыс пен Шығыстың, Ресей мен Қытайға қарсы АҚШ пен НАТО-ның қарама-қайшылық көңіл-күйлерін өрістетуде.

Ал егер таяудағы уақытта жаһандық дағдарыс өзінің қазіргі белгісіздік, беймәлімдік фазасынан терең тоқырау түріндегі ашық кейпіне шықса не болмақ? Бұған жауапты экономикалық ғылым, әлемдік ғылыми ой иелері бере алар еді. Міне, біз осы үшін жылма-жыл форумдар, соның ішінде Астана экономикалық форумын өткізіп келеміз. Біз әлемдік ғылыми ойдың үздік өкілдерімен бірлесе отырып, өз елдеріміз бен халықтарымызды болуы мүмкін қатерлі апаттан сақтап қалудың жолдарын табуға міндеттіміз. Осындай жауапты іздестіру жолдарын кеңейту үшін біз G-Global әлемдік сараптамалық-талдау жүйесін құрдық. Шамасы мұның өзі де жеткіліксіз секілді.

Болашақ жалпыға ортақ дамуға үлкен қатер төндіретін бірқатар шақырулар қазір жаһандық көлемде қалыптасу үстінде және дамып келеді. Біріншіден, әлемдік тәртіптің фрагменттелуі. Бұдан дүние жүзі бойынша тәртіп пен тепе-теңдікті қамтамасыз етуші бұрынғы тетіктердің сөгілгендігін байқап отырмыз. Ұлы державалар көшбасшыларының бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіп, халықаралық құқықтың әлсірегендігі сезіледі. Халықаралық институттар тыныштық пен тұрақтылыққа кепілдік бере алмай отыр. Екіншіден, климаттың өзгеруі секілді табиғи апаттардың орын алуы. Климаттың өзгеруі күткендегіден де жылдамдап отыр. Бұл соңғы сұрапыл апаттардың өткірлігінен көрінуде. Үшіншіден, азық-түлік тапшылығы өсу үстінде. Халық санының, кірістердің өсуі, урбандалудың күшеюі секілді үш параллельді үдерістің күш түсіруімен таяудағы 30 жылда тағам өндірісін еселей түсу қажет болатындығы анық. Мұның өзін жер ресурстары  азайып бара жатқан уақытта жүзеге асыруға тура келеді.

Құрметті форумға қатысушылар!

Қазақстан аталған шақыруларға жан-жақты жауап беруге ұмтылыс танытуда. Өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін күресе отырып, біз әлемде бірінші болып ядролық қарудан шешімді және ерікті түрде бас тарттық. Біз әріптес елдермен қарым-қатынасты жүйелі түрде нығайтып келеміз. ЕҚЫҰ-ның белсенді қатысушысымыз. Азиядағы сенім шаралары мен өзара әрекет жөніндегі кеңесті шақырушы болдық.

Көпұлтты және көпдінді ел бола отырып біз толеранттық пен ұлтаралық келісім идеяларын алға жылжытудамыз. Астанада әлемдік діндер жетекшілерінің съездері тұрақты түрде өтіп отырады. Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып нарықтық экономикалы мемлекет ретінде танылды. Тәуелсіздік жылдарында біз жаңа экономиканы құрдық. Елдің ішкі жалпы өнімі осы уақыт аралығында 24 есе өсіп, оның жан басына шаққандағы үлесі 13 мың долларға жетті. Бұл – орта кіріс бар елдің көрсеткіші. Біз БҰҰ мыңжылдық дамуындағы көптеген мақсаттар мен көрсеткіштерге қол жеткіздік. Елдегі кедейшілік деңгейін 20 есе (60 пайыздан 2,9 пайызға дейін) қысқарттық. Жүздеген мектептер мен ауруханалар салдық. Біздің еліміз экономикаға 200 миллиард доллардың тікелей шетелдік инвестицияларын тартып, бұл жөнінде ТМД елдерінің ішінен жетекші орынға ие болды. 15 жылдың ішінде кең жазық далада еліміздің елордасы – Астана қаласы бой көтерді. Қала қазақстандықтардың мақтанышына және экономика өсіміне қуат берушіге айналды.

Біз де Қазақстанда қазіргі күні жаһандық проблемаларға жауаптарды іздестіру үстіндеміз. Осы үшін «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламалары әзірленіп, қабылданды. Менің «Дағдарыстан шығу кілті», «Бесінші жол» атты еңбектерім нақ осы тақырыптарға арналған болатын. Біздің әлемдік дағдарысқа берген нақты жауаптарымыздың бірі индустриялық-инновациялық дамудың кең көлемді мемлекеттік бағдарламасы және «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» бағдарламасы болып табылады. Біздің «Нұрлы Жол» бағдарламамыз инфрақұрылымдық сапа жөнінде әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің құрамына кіруге бағытталған.

Қазақстан – бүкіл әлем бойынша өзінің аумағы жөнінен тоғызыншы ел. Инфрақұрылымдар салу үлкен инвестицияларды қажет етеді. Бірақ оның біздің болашақ ұрпақтарымызға мұра болатындай ғасырлық мәні де бар. Тек алдымыздағы үш жылда жаңа жолдар, электр желілері, коммуникациялар құрылысы үшін 14 миллиард доллар бағытталмақ. Бұл қаржының үштен бір бөлігін халықаралық қаржы институттарындағы біздің әріптестеріміз бөліп отыр. Біз ел астанасынан өңірлерге күн шуағындай шашырап жататын автокөлік жолдарының желілерін қалыптастырамыз. Біз теміржолдар, көпірлер, электр желілері, мектептер, ауруханалар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандары және жаңа тұрғын үйлер саламыз. Мұның өзі экономикалық даму жағдайында да, сондай-ақ, әлеуметтік демографиялық тұрғыдан да елдің барлық өңірлерін тепе-тең жағдайда дамытуға, әркелкілікті азайтуға қызмет ететін болады.

«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру бірқатар елеулі нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігін бермек. 2019 жылға дейін елдегі ірі қалалардың арасында жолға жүру уақыты үштен бір бөлікке дейін қысқара түсетін болады, көрші елдерге шығуды қамтамасыз етеді. Электр қуатына деген сұранысты толық қамтамасыз ететін бірыңғай энергожүйе құрылады. Сонымен қатар, бағдарлама жарты миллион жаңа жұмыс орнын қалыптастырады. АҚШ пен Оңтүстік Кореяда да осылай болған. Индустриялық-инновациялық бағдарлама мен «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде елде жаңа экономика құрылады және жаңа инфрақұрылымның  келбеті қалыптасады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Біздің еліміз өз алдына ірі өршіл міндеттер қойып отыр. Біз оларды орындай аламыз. Біз тұрақты өсім және Қазақстанды дамыған елдер санатына қосу үшін бізге институционалдық орта жағдайын жақсартатын терең реформалар қажет болатындығын түсінеміз. Осы үшін мен өзімнің сайлауалды науқанымда осындай реформаның бес бағытын алға тарттым. Олар – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заңның үстемдігін  қамтамасыз ету, экономикалық өсімді ынталандыру, қазақстандық біртектілікті нығайту және ақыр аяғында транспарентілікті көтеру және мемлекеттің қоғам алдындағы есептілігін қалыптастыру. Бұл реформаны жүзеге асыру үшін «Баршаға арналған  қазіргі замандық мемлекетке» 100 қадам жоспары қабылданып жарияланды. Реформа аясында неғұрлым дамыған елдердегі мемлекет басқару стандарттары мен ең жаңа замандық құралдар енгізілетін болады. Осы үшін біз ЭЫДҰ-мен елдік бағдарламасына қол қойдық.

Сонымен бірге мен ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесінің платформасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Біз Дубай орталығының өкілдерімен келіссөз жүргіздік және олардың тәжірибесін толығымен Қазақстанға көшіру жөнінде келістік. Сөйтіп біздің орталық тәуелсіз қаржылық соты және жеңілдетілген салық режимі бар ағылшындық құқық қағидаттарына негізделетін болады. Біз Астана қаржы орталығы Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының ядросы, ал алдағы болашақта бүкіл Орталық-азиялық өңірдің қаржылық хабы болатындығына сенімдіміз. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген қаржы институттары шоғырланған Алматы ел ішіндегі қаржылық делдалдық және қаржылық қызмет шоғырланған орталық болып қала береді. Осы шаралардың барлығы бізге ұзақ мерзімдік тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Біздің форумның тақырыбы – инфрақұрылым тұрақты экономикалық өсімнің драйвері деп аталады. Инфрақұрылымға инвестиция тарту олардың даму деңгейлеріне қарамастан көптеген елдердің экономикалық күн тәртібінің басында тұрады. Азиялық инфрақұрылымдық инвестиция банкіне үлкен үміт артылады. Батыс Еуропа елдерін қосқанда 50-ден астам ел Банктің қызметіне қатысуға ниет білдірді. Қазақстан осы жобаның алғашқы құрылтайшыларының бірінен саналады.

Біз халықаралық сауданың өсіп отырған сұранысын қолданыстағы теңіз сауда жолдарының қанағаттандыра алмайтындығын көріп отырмыз. Қазірдің өзінде ҚХР және ЕО арасындағы сауда көлемі 600 млрд. долларды құрайды және болжам бойынша, ол 2020 жылдары 800 млрд.долларға дейін өсетін болады. Сондықтан өсіп бара жатқан Азия үшін Еуропаға апаратын құрлық жолдарын дамытудың үлкен маңызы бар. Осы орайда біз өзіміз үшін үлкен мүмкіндіктерді байқаймыз.

Алғаш рет Астана қаласында жарияланған Қытай Халық Республикасы басшысының «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасы айрықша маңызға ие болып отыр. Біз алғашқылардың бірі болып бұл бастаманы қолдадық және қазірдің өзінде өзіміздің үлесімізді қосып отырмыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік магистралінің 2700 шақырымға созылған қазақстандық учаскесінің құрылысы біздің алғашқы ірі жобамыз болып табылады. Бұл жұмысты біз биылғы жылы аяқтайтын боламыз. Қазақстан учаскесіндегі жүк ағымының көлемі жылына 30 млн.тоннаны құрайды деп күтілуде. Трасса Қытай, Қазақстан, Ресейді ғана емес, сонымен бірге Еуропаны да жалғастыратын болады. Оған Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан да қосылуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар теміржол және жаңа логистикалық қуаттардың да құрылысы жүргізіліп отыр. Жақында Сары теңіздегі – Ляньюнган айлағында қазақстандық логистикалық терминал ашылды. Қазірдің өзінде контейнерлер тасымалдау басталды. Бұл теміржол арқылы Орталық Азия, Ресей арқылы Еуропадан Азиялық-Тынық мұхиттық аймаққа шығу және керісінше. Жұмыс бастаған алғашқы жылдың өзінде Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүк көлемі 80 пайызға артты. Бұл ҚХР-дың шығыс және орталық аудандарының жүктері болып табылады. ҚХР-ды Қазақстан арқылы Каспийдегі теңіз айлақтарымен байланыстыратын Жезқазған-Бейнеу теміржолының құрылысы аяқталды. Бұл Қазақстан, Кавказ арқылы Еурпаға жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Осы теміржол магистралі қазірдің өзінде салынып біткен Қазақстан-Түрікменстан-Иран жолымен қосылды және одан әрі Парсы шығанағындағы Бандерабас айлағымен жалғасады. Біз үшін ол Үндістанның Батыс жағалауларына және Пәкістанның оңтүстігіне шығуға мүмкіндік береді. Бұл жол біздің өнімдеріміздің таяу шығысқа шығуына жақсы жағдай жасайды. Биылғы жылдың өзінде Қазақстан Иранға тек қана астық жеткізу көлемін 5 есе өсіре алады. Осы жолмен жүк тасу көлемі таяудағы жылдарда 10 млн.тоннаға жететін болады.

Бұл жобалардың барлығы біздің еліміздің сонымен бірге бүкіл Еуразиялық экономикалық одақтың транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл – жаңа Жібек жолы. Еуразиялық Экономикалық Одақпен еркін сауда жасауға 40 мемлекет қызығушылық танытып отыр. Алайда біз бұнымен шектелмеуіміз керек. Мен жаңа жоғары жылдамдықтағы, мультимодальді «Еуразиялық трансконтинентальдық дәлізі» көлік бағытын құруды ұсынамын. Ол біздің еліміздің бүкіл аумағына созылып, Азиядан Еуропаға және керісінше ешбір тосқауылсыз жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін болады. Бұл мұхит арқылы жүретін жолдардан едәуір қысқа. Көлік артериясы өндірістің дамуына серпін береді.

Құрметті форумға қатысушылар!

Көлік саласындағы біріккен бастамалар ынтымақтастықтың озық тұғыры болып табылады. Ол елдердің, сонымен бірге өңірлік бірлестіктердің терең ынтымақтастығы мен интеграциясына серпін беретін болады. Мен Біріккен Еуразиялық экономикалық кеңістік құруды ұсынамын. Бізге барлық қатысушылардың ұлттық мүдделерін ескеретін, сонымен бірге өзара тиімді интеграцияны арттыруға және кездескен кедергілерді жоюға бағытталған бірыңғай ереже керек. Ереже ең алдымен сауда, тасымал және ресурстар қозғалысына тиісті болуы керек. Жібек жолы экономикалық белдеуін құру, өзінің түпкі мағынасында осы қағиданы орнықтырады. Біріккен Еуразиялық кеңістік шеңберінде құрлықты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар талқыланатын және белгіленетін, оның мүшелері арасындағы интеграция деңгейін арттыратын тұрақты түрде жұмыс істейтін алаң құру керек. Астана экономикалық форумы нақ осындай алаң бола алады.

Құрметті форум қонақтары!

Форум жұмысының нәтижелері, Сіздердің жаңа идеяларыңыз, жобаларыңыз және бастамаларыңыз өңірдегі мемлекеттердің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететіндігіне сенімдімін. Олар экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа және болжамдыққа кепілдік беретін ахуал қалыптастырады. Біз континенттің әрбір мемлекеті бүкіл әлемнің игілігіне оң ықпал ететін, Еуразияның арайлы жаңа таңының бір бөлшегі болуына ұмтылуымыз керек.

Астана қаласы, 22 мамыр, 2015 жыл.


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер