Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер
Оқиғалар күнтізбесі
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 
 
 
 
 
12
3456789
101112131415
16
17181920212223
24252627282930
Барлық жаңалықтар

Сөйлеген сөздер

13 қараша 2018
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана клубының төртінші отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті жиынға қатысушылар!

Қонақжай Қазақ Елінің бас ордасына, Астана клубының кезекті отырысына қош келдіңіздер!

Бірегей диалог алаңына айналған бұл басқосу әлемге танымал сарапшыларды, дипломаттар мен саясаткерлерді осымен төртінші рет біріктіріп отыр.

Мұнда, Еуразия жүрегінде, ең өзекті мәселелерді талқылап келеміз.

Қазір мұндай басқосудың маңыздылығы бұрынғыдан да арта түсті.

Біздің ортақ парызымыз – әлемдік геоэкономика мен геосаясатты тұншықтырып келе жатқан қақтығыс қыспағынан шығаратын жол табу. 

Бұл үшін, ең алдымен, қалыптасқан жаңа ахуалдың негізгі түйткілді тұстары мен қатерлеріне тоқталғым келеді. 

Бірінші. Ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі қазіргі әлемнің тұрақсыздығын күшейтіп, оқиғаларды болжап-білу мүмкіндігін азайтуда.

«Постбиполярлық» деп аталатын әлемдік тәртіп келмеске кетіп барады.

Үлкен Еуразия пішіні көз алдымызда қалыптасып келе жатыр.

Бұл үдеріске жаһандық «ойыншылар» арасындағы тәртіптің өзгеруі де, өңірлік державалар арасындағы бәсекелестік те ықпал етуде.  

Солардың бәрі басты мәселеге – әлемдік құрылымның болашағына қатысты түбегейлі қарама-қайшылықты еңсере алмай келеді. 

Екінші. Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бәсекелестік жаһандық деңгейде ғана емес, Үлкен Еуразия аясында да ушығып келеді. 

Осы стратегиялық үштік арасында күрделі мәселелер әрдайым көрініс беретін.

Бірақ, соларды реттеу деңгейі соңғы жылдары күрт төмендеп барады.

Енді, ауқымды дағдарыстардың туындау мүмкіндігі бұрын-соңғыдай емес, барынша артатын болады.

Үлкен қақтығыстарға ұласатын оқиғалар саны бірнеше есе өсе түсті.

Дағдарысты жағдайлардағы түсініспеушіліктер мен қателіктер әскери қақтығысқа алып келуі мүмкін екенін айқын ұғынған жөн.

Үшінші. Текетірестің күшеюі жалпы даму мен қауіпсіздікке қатысты жаһандық институттардың тиімділігіне күмән келтіруде.

Бүгінгінің басты тренді – стратегиялық тұрақтылықтың негізін «шайқалту».

Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтарға қатысты жағдай шарықтау шегіне жетті.

2021 жылға дейінгі Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту туралы шарттың орындалу мерзімін ұзарту жөніндегі мәселе шешімін таппай тұр.

Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтың орындалмауы және Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту туралы шарттың мерзімін ұзарту жөніндегі проблемалар, іс жүзінде, қару-жараққа бақылау жүргізу жүйесіне нұқсан келтіреді.

Әлемдік державалар қарулану бәсекесіне қайта оралуы мүмкін.

Төртінші. Экономикалық қарама-қайшылық көптеген сарапшылар «сауда текетіресі» деп ашық баға берген деңгейге жетті.

Мұндай текетірестің бірі әлем экономикасының үштен бір бөлігін, жаһандық экспорттың 20 пайызын және тікелей инвестицияның үштен бір бөлігінен астамын қамтитын АҚШ пен Қытай арасында өршіп келеді.

Бұл әлемдік экономиканың даму қарқынының төмендеуіне және соның салдарынан дамушы елдер жағдайының нашарлауына әкеп соқтырады.

Кедейшілік пен жұмыссыздық – терроризм, миграция және сепаратизм үшін жақсы мүмкіндік.

Ауғанстандағы жағдай да тура осылай басталған болатын. Бұл елдегі ұзаққа созылған соғыстың салдары есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге әкеп соқтырды.

Бесінші. Еуразия геоэкономикасының ең маңызды проблемасы – жекелеген мемлекеттер тарапынан бір жақты енгізіліп жатқан экономикалық санкциялар және соларға жауап ретінде қолданылып отырған қарсы санкциялар.

Алтыншы. Үлкен Еуразияның кейбір аймақтарында ауқымды әскери қақтығыстардың болу мүмкіндігі жоғары.

«Жарылыс қаупі» басым өңірлердің бірі – Таяу Шығыс.

Сириядағы дағдарыс, Ирактағы саяси шиеленіс, Ливиядағы азамат соғысы, араб елдеріндегі дамудың ішкі қатері тұрақсыздыққа алып келді. 

Мұның бәрі Иранмен жасалған ядролық келісімнің бұзылуына орай ушығып барады. Бұл келісімге қол жеткізу оңай болған жоқ. Әлемдік қоғамдастық, соның ішінде Қазақстан да, бұл құжатқа қатысты ұзақ уақыт жұмыс істеді. Еліміз ядролық қаруға ие болу қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде басты мәселе емес екенін бүкіл әлемге көрсете білді. Қазақстан осы қарудан бас тарта отырып, халықаралық қоғамдастықтың зор сеніміне ие болды.  

Келесі жылы шешімін таппаған проблемалардың күрмеуі одан сайын шиеленісе түсуі мүмкін. Бұл Таяу Шығысқа үлкен соғыстың елесін қайта әкеледі.

Жетінші. Жаһандық қауіпсіздікке халықаралық терроризм мен экстремизм қауіп төндіруде.

Терроризмді зерттеу және терроризмге қарсы тұру жөніндегі ұлттық консорциумның мәліметіне сәйкес, 2017 жылы әлемде 10 мыңға жуық террорлық шабуыл жасалып, 26 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Сегізінші. 2018 жыл киберқауіпсіздік жаһандық тұрақтылықтың мүлде жаңа өлшеміне айналғанын айқын көрсетті.

Негізгі державалар арасындағы текетірес осы кеңістікке ауып барады.

Алдағы жылдары кибертехнологиялар көмегімен істен шығарылған ядролық және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздік проблемаларының өзектілігі арта түсетін болады.  

Тоғызыншы. Біз қолданып жүрген коммуникациялардың қауіпсіздігі маңызды сын-қатердің біріне айналмақ.

Жаһандану нәтижесінде қалыптасқан тығыз экономикалық өзара байланыс мемлекеттер үшін тежеуші фактор саналады.

Бірақ, сауда саласындағы текетірес және санкциялық соғыстар бұл фактордың маңызын жойып жібереді.

Жалпыға ортақ түсініксіз жағдай әлем елдерін жаңа «қырғи-қабақ соғыстың» өтіне жетелейді. Соның салдарынан бәрі де ұтылады.

Қадірлі достар!

Ядролық қару-жарақпен қаруланған әлем үшінші рет «ескі әлемнің» жаңғырығынан жаңа әлемдік тәртіп құруды бастайтындай қанды қырғынға жол бере алмайды.

Себебі, қайта құратын ештеңе де, ешкім де қалмайды.

Нақты көрініс алып келе жатқан жаһандық жаңа апаттың алдын алу қажет.

Әлемдік қоғамдастық ортақ міндеттерді шешу үшін бірігуі керек.

Мен Брюссельдегі АСЕМ форумында 60-жылдардың басындағы Кариб дағдарысы сияқты халықаралық жағдайға төнген қатер жөнінде айттым.

Жақында Парижде І және ІІ дүниежүзілік соғыстар келіссөздер мен диалогтың болмау себебінен басталғаны айтылды. Ірі державалар, әсіресе, АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа Одағы адамзаттың болашағы үшін әлемдік істерге әрдайым зор жауапкершілікпен қарауы керек.

Менің ұсынысым: егер мәселе өркениеттер тағдырына қатысты болса, АҚШ – Ресей – Қытай – Еуропа Одағы диалогтың жаңа форматын табуға тиіс. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар лигасы құрылған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. Туындайтын қарама-қайшылықтарды реттеу оңай міндет емес екені анық. Дегенмен, мен осы төрт тарап экономика, саясат және қауіпсіздік салаларына қатысты проблемаларды талқылау үшін Астана алаңын ұсындым.

Бірінші. 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңарту қажет деп санаймын.

Осыған байланысты, 2020 жылы бұл стратегиялық құжаттың қабылданғанына 45 жыл толуына орай, қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізуді ұсынамын.

Жаңадан келісім жасау үдерісі күрделі әрі ұзақ болатынын түсінеміз.

Сондықтан, қорытынды келіссөздерге әзірлікті 2019 жылы бастаған жөн. Біздің еліміз ХХІ ғасырдың басында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жалғыз саммитін ұйымдастырғандықтан, Қазақстан келешекте осындай форматтағы іс-шараға бастама жасауға дайын.

Бұл жерде көп нәрсе әлемдік державалардың ұстанымдарына қатысты болатыны сөзсіз.

Осыған байланысты, ірі мемлекеттерді жаңа келісім жасау үшін бірлескен жұмыстарға шақырғым келеді.

Екінші. Стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық державалар арасында сенімге негізделген диалог орнату қажет.

Бұдан әрі ядролық қару-жарақты қысқарту және ядролық қарудан азат аймақтар құру жөніндегі келіссөздерді жандандыру керек. Кезінде  ядролық қару-жарақты таратпау туралы шарт қабылданған болатын. Алайда, бұл шартқа қарамастан, кейбір мемлекеттер ядролық қару-жараққа ие болды. Себебі, бұл шартты қабылдаған кезде санкциялар көзделмеген болатын.

Қазақстан ядролық қару-жарақтан ерікті түрде бас тартқан ел және жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде халықаралық қоғамдастықты ядролық қарудан ада әлем құруға тағы да шақырады. 1991 жылы КСРО дәуірінде мен Семейдегі ірі полигонды жабу жөнінде мәселе көтердім. Онда ұзақ жылдар бойы жасырын түрде ядролық сынақтар өткізіліп келді. Кеңес үкіметін, оның әскери-өнеркәсіп кешенін осы полигонды жабуға мәжбүрлеу оңай міндет емес еді. Соның нәтижесінде  бүкіл әлемде басқа сынақ алаңдарына қатысты осындай шешімдер қабылданды. Бұл жұмыстар жалғасын тапты. АҚШ Президенті Барак Обама антиядролық тақырып жөнінде бірқатар кеңес өткізуге бастама көтерді. Қазақстан да оның жұмысына белсене атсалысты. Сондай басқосулардың бірінде мен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін ұсындым.

Үшінші. Сауда текетіресі әлемдік сауда-саттықтағы дисбалансты жоя алмайды.

Тиісті шешімдер Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында көп жақты форматтағы келіссөз үстелінде әзірленгені жөн.

Бұл ұйымның министрлер деңгейіндегі кездесуі 2020 жылы Астанада өтеді.

Біз сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың бірыңғай әділетті ережесін әзірлеуді тығырықтан шығатын жол деп білеміз.

Зияткерлік меншік құқығын сөзсіз мойындау, технологиялар трансфертінің ашық, икемді әрі тиімді жұмыс істейтін ережелерін әзірлеу талап етіледі.

Сонымен қатар, сауда текетіресі проблемасының шешімін Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалаудан іздеген жөн.

Бұл ұйымның қызметін реттейтін келісімдердің нормаларына ережелердің сақталмау құнын арттыратын тетіктерді енгізу керек. 

Төртінші. Азияға өзінің ұжымдық қауіпсіздік ұйымы қажет.

Оның құрылуы уақыттың еншісінде деп ойлаймын.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жөніндегі Қазақстанның бастамасы келешектегі Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік ұйымының негізі бола алады.

Бұл ұйымдар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен бірлесе отырып, бүкіл Еуразия субконтинентінде қауіпсіз аймақ құруға септігін тигізген болар еді.

Осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадам ретінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің консультативтік отырысын және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумын өткізуді ұсынамын.

Бұл форумдардың хатшылықтары ұстанымдарды салыстырып, айқындау үшін кездескені жөн болар еді.

Қазақстанның ресми ұстанымы осы аталған ұйымдарға хабарланатын болады.

Бесінші. Астанада Еуразиядағы қауіпсіздік жөнінде конференция өткізген жөн.

Сонымен қатар, мұндай басқосу қай жерде өтетініне қарамастан, міндетті түрде ұйымдастырылуы керек.

Мұны Астана клубының базасында ұйымдастыруға болады. Ол үшін Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халықаралық конференциясы сияқты беделді басқосулардың тәжірибесін пайдалануға болады.

Алтыншы. Халықаралық қоғамдастық Ақпараттық кеңістікті дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың жаһандық стратегиясын әзірлеуі қажет.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Еуразия кеңістігі әрдайым тарихтың басты сахнасы саналған.

Тек кейінгі жылдары ғана алғаш рет Үлкен Еуразияның нақты пішіні пайда бола бастады. 

Бұған көбіне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Еуропа одағының және «Белдеу және жол» атты Қытай жобасының өзара тиімді ықпалдастығы негіз болды.

Қазақстан алып Еуразияның бір бөлігі ретінде әрдайым ашық диалогты жақтап,  бітімгерлік саясатын жүргізді.  Сондай-ақ, жанжалдасушы тараптарды татуластыруға күш салып, көп жағдайда оның табысты болуына қол жеткізді. 

Өркениеттерді тоғыстыру – біздің тарихи миссиямыз.

Астана клубының кездесулерін өткізудің мәні де осында.

Осы күндері біз құрлықтың бүкіл елдерінің игілігі үшін Еуразияны одан әрі дамыту жөніндегі жаңа инновациялық идеяларды естуіміз мүмкін.

Олардың көбісі саясаткерлер мен Үкіметтер тарапынан іс-қимыл жасауға нақты ұсыныстар болады деп сенемін.

Қазіргі жаһандану әлемінде екі жақты қақтығыстардың салқыны тимейтін ел жоқ.

Біз күш-жігерімізді біріктіре отырып, Еуразия құрлығында ғана емес, бүкіл дүниежүзінде шиеленістерді реттеуге, халықтардың әл-ауқатын арттыруға септігімізді тигізе аламыз.

Егер болашақ ұрпақ үшін ғаламшарды сақтаймыз десек, бұған балама жоқ деп ойлаймын.  

Назарларыңызға рахмет!


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер