Жаңалықтар

21 қараша 2007
Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен осы жылдың тамызында құрылған Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясының қорытынды отырысы болып өтті.

Отырыстың ашылуында Қанат Саудабаев атап өткендей: «Осы жылы Мемлекеттік сыйлық алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен беріледі және лауреаттарға сыйлықты Мемлекет басшысының өзі тапсырады».


Мемлекеттік хатшы комиссия мүшелерінің назарын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыстарға Президент Н. Назарбаев атап көрсеткен пайымдауларға аудартты. «Олар қарапайым және айқын. Бірінші - жұмыстар шын мәнінде, отандық ғылым мен техниканың озық жетістіктері болуы керек. Екінші - олар өз салаларында үздік және әлемдік үлгілерге сәйкес болуы керек. Үшінші - жұмыстар халықаралық ғылыми-техникалық дамуға нақты үлесін қосуды қамтамасыз етуі керек. Төртінші - олар Қазақстандағы ғылым мен техника дамуының жоғары деңгейін, олардың әлемдегі бәсекеге лайық қабілеттілігін көрсетуі керек. Мен және комиссия мүшелері өз дауыстарын лайықты жұмысқа бере отырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары және әділ талаптарын жетекшілікке аламыз деп сенемін. Біздің комиссияның басты жұмысы шын мәнінде қабілетті, үздік, лайықты жұмысты ұсыну, ал Мемлекеттік сыйлық беру Мемлекет басшысының ерекше құзыры болып табылады».


Белгіленген тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі - Комиссияның жұмыс органымен мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыстарды ғылыми-техникалық сараптамадан өткізу, сараптамалық-аналитикалық бағалау және қоғамдық талқылау жұмыстары алдын-ала жүргізілді.


Комиссияның бүгінгі қорытынды отырысында сарапшылар мен қоғамдық пікірге алдын-ала сұрыптаудан өткен 19 жұмыс талқыланды. Жұмыстарды ұсыну туралы шешім комиссия мүшелерінің құпия дауыс беруі бойынша қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар