Жаңалықтар

23 қараша 2009
Бүгін Мемлекет басшысы Алматыда Еуразиялық Экономикалық қауымдастықтың бас хатшысы Тайыр Мансұровты қабылдады.

 

Т.Мансұров Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ЕурАзЭҚ-тың жұмысы және ұйымның Минскіде өтетін саммитке дайындығынан хабардар етіп, Кедендік одақты құру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады. 

Кездесуде Тайыр Мансұров атап қткендей, Белорусь астанасында 27 қарашада өтетін ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің саммитінде ұйымның одан арғы дамуының мәселелері талқыланады. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей және Белорусь елдерінің президенттері ортақ Кеден кодексіне қол қояды деп жоспарлануда. 

Т. Мансұров Елбасының ЕурАзЭҚ басшылары алдына бірқатар міндеттер қойғанын мәлім етті. Атап айтқанда, Президент біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру үдерісін жеделдету, сондай-ақ Кедендік одақтың барлық ұйымдастыру мәселелерін пысықтауды тапсырған. 

Алдағы 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған үш мемлекеттің аумағында бірыңғай кедендік режім күшіне енетіні белгілі. 

– 27 қараша – Қазақстанның ЕурАзЭҚ-та төрағалығы басталатын күн. Интеграциялық идеялардың авторы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы наурызда Еуразиялық одақ құру туралы идея ұсынды, ал 2000 жылы Алматыда ЕурАзЭҚ құрылды, міне, енді арада 9 жыл өткенде біз прагматикалық интеграциялық серпіннің – Кеден одағының іске кірісуінің алдында тұрмыз, - деп атап өтті Т. Мансұров журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар