Жаңалықтар

23 қараша 2009
Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында болды.
big-20.11-2

Мемлекет басшысы киностудияның шығармашылық ұжымымен кездесіп, жаңа жобалармен, кино өндірісінің үдерісімен танысты. 

Кездесу барысында «Алтын жауынгер» (қоюшы режиссері Тимур Бекмамбетов), «Нағыз полковник» (қоюшы режиссері Егор Кончаловский), «Атажұрт» (қоюшы режиссері Сләмбек Тәуекел), «Махаббаттың тәлкегі» (продюсері Дәулетияров), «Қисынсыз махаббат» (қоюшы режиссері Әмір Қарақұлов), «Бәйтерек» (қоюшы режиссері Данияр Саламат), «Қарғу» (қоюшы режиссері Қанағат Мұстафин), «Арман-қала» (продюсері Әлия Увальжанова), «Астана, махаббатым менің» (қоюшы режиссері Ермек Шынарбаев) сияқты бірқатар жаңа кино-жобалардың көрсетілімі болды.

Шәкен Айманов атындағы киностудия бұдан 30 жыл бұрын салынған, жабдықтары да әбден ескірген болатын. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігіне отандық кинематографияның дамуына баса көңіл бөлу тапсырылды. Ең алдымен техникалық жаңарту талап етілді. Бүгінде киностудия қазіргі заманғы кинокартиналар өндірісіне кең мүмкіндіктер беретін ең заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. 

«Қазақфильм» бүгінде Орталық Азиядағы ең жақсы жабдықталған киноиндустрия орталығына айналды. Кинофильмдер өндірісіне биыл республикалық бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінді. 

Киностудия ұжымымен кездесу барысында ел Президенті Қазақстан кинематографтарының алдына жаңа міндеттер қойды. 

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, бүгінде біздің көз алдымызда Қазақстанның жаңа тарихы жасалуда. Еліміз қарқынды дамып келеді, жаңа астанамыз салынды. Сондықтан нақ сол жөнінде жаңа кино түсіру керек. 

- Әлемдік дағдарысқа қарамастан мемлекет бүгінде отандық кино өндірісіне қомақты қолдау көрсетуде. Жұмыс жасауға жақсы жағдай жасалды. Ендігісі өздеріңізге байланысты. Соңғы уақыттары бәрі тарихи тақырыптармен әуестенуде. Тек «Көшпенділер» фильмінің өндірісіне ғана 30 миллион доллар жұмсалды. Өкінішке қарай, соның лайықты қайтарымы болмады. Ал бүгін біздің көз алдымызда тарих жасалуда. Еліміз қарқынды дамып келеді, жаңа астанамыз салынды, қазақстандықтардың болашаққа ұмтылған әдемі де талантты жас ұрпағы өсіп-жетіліп келе жатыр. Бізге неге соны әлемге көрсетпеске?! Бір жақсысы, «Қазақфильм» осындай жобаларды бастап кетті. Оларға отандық және шетелдік киноның шеберлері тартылуда. Мен Тимур Бекмамбетовтің әлемді мойындатқан фильмдерін білемін. Жаңа жобалар сәтті шығады деп сенім білдіремін. Алдағы жыл – Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді. Біз әлемге тек саяси, экономикалық, әлеуметтік салада ғана емес, мәдени, рухани дамуда да зор табыстарға жеткенімізді көрсетуіміз керек, - деп атап өтті Мемлекет Басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар