Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

2 тамыз 2005
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына АҚШ Президенті Джордж Буштан хат келіп түсті. Онда Ақ үй басшысы қазақстан-американ қатынастарының кең ауқымды мәселелеріне, оның қазіргі жағдайына және қазақстандық көшбасшының Жолдауында айтылған біздің еліміздің даму келешегіне қатысты өз ой-пікірлерімен бөліскен.
62.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына АҚШ Президенті Джордж Буштан хат келіп түсті. Онда Ақ үй басшысы қазақстан-американ қатынастарының кең ауқымды мәселелеріне, оның қазіргі жағдайына және қазақстандық көшбасшының Жолдауында айтылған біздің еліміздің даму келешегіне қатысты өз ой-пікірлерімен бөліскен.

 

Хаттың бас жағында американдық көшбасшы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған осы жылғы мамыр айындағы Мәскеудегі екіжақты кездесуді еске алады: «Мен Сізді мамырда Мәскеуде көргеніме қатты қуандым. Жеңіс салтанатын мерекелеу біздің бәріміздің де зорлық-зомбылық пен тағылық күштерге қарсы тұруда және оның тамырына балта шабуда қырағы болуымыз қажеттігінің маңызын еске салды».

 

Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту – АҚШ-тың Орталық Азиядағы сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Ол стратегиялық әріптестікке және өзара сенімге құрылған. 94 келісімнен тұратын ынтымақтастықтың берік келісімдік-құқықтық негіздері жасалды.

 
«Америка Құрама Штаттары Қазақстанды Кіндік Азиядағы стратегиялық әріптесі ретінде санайды және Ирак пен Ауғанстанда демократияны орнықтырудағы біздің күш-жігерімізге Сіздің үлкен қолдау көрсеткеніңізді бағалайды. Біз соңғы айлар ішіндегі лаңкестікпен күрестегі тығыз ынтымақтастықты бағалаймыз және осы ынтымақтастықты кеңіте түскіміз келеді», деп атап көрсеткен Джордж Буш өз хатында.

 

Бүгінгі таңдағы екі елдің өзара іс-қимылының басым бағыттары – халықаралық лаңкестікпен күресу, энергетика, әскери-техникалық салада, құқық қорғау органдарының арасында, сондай-ақ, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды таратпау саласында ынтымақтасу.

 

Баршаға мәлім, Қазақстан Ирактағы халықаралық күштер коалициясының мүшесі болып табылады. Американ тарапының өтінішімен жағдайды тұрақтандыруға практикалық көмек көрсету үшін Иракқа қазақстандық инженерлік-саперлік жасақ аттандырылды. Бұл жасақ орасан көп жарылғыш заттарды зарарсыздандырды және ауруханаларды, мектептерді және басқа да нысандарды қалыпты жұмыс ырғағына қайтарды. Американ тарапы АҚШ Қазақстанға сенімді одақтас және маңызды экономикалық әріптес ретінде ғана емес, «осынау қиын кезеңде өзара түсінушілікті және әлемде тұрақтылықты қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып отырған» мемлекет ретінде қарайтынын әлденеше мәрте қуаттаған болатын.

 

Құрама Штаттар Президенті өз хатында «жақында өткен екіжақты талқылаулар, соның ішінде Сіздің АҚШ энергетика министрі Бодманмен кездесуіңіз біздің энергетика және реформалар салаларындағы ынтымақтастығымыз бен әріптестігімізге тың серпін береді» деп атап көрсеткен.

 

Бүгінгі таңда АҚШ – Қазақстанның ірі сауда әріптесі және қазақстандық экономиканың ірі инвесторы. Өткен жылдың өзінде ғана біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 835,8 миллион долларды құрады. Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың үштен бірі (8 миллиард доллардан астамы) - американдық болып отыр.

 

«Аймақтағы соңғы оқиғалар теңдестірілген экономикалық өсімнің, басшылық жауапкершілігінің және демократияны дамытудың маңыздылығын көрсетеді», делінген бұдан әрі американдық көшбасшының хатында. «Қазақстанның экономикалық нәтижелері терең әсерге бөледі және біз АҚШ халықаралық даму агенттігінің көмегімен Сіздің шағын және орта бизнесті дамыту және Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуіне қол жеткізу жөніндегі күш-жігеріңізге қолдау көрсету үшін Сізбен бірлесе жұмыс істеуге бейілдіміз. Сіздің елдің тұрақтылығы мен гүлденуі аймақтағы басқа елдерге үлгі-өнеге» деп атап көрсеткен Джордж Буш.

 

Американдық лидер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаетың Жолдауында көзделген Қазақстанды әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңартудың жаңа міндеттерінің маңызын атап өте отырып, «Мен осы тұрғыдан алғанда, Сізді экономикалық реформаны тепе-тең дәрежеде Қазақстандағы демократиялық батыл реформалармен бекіте түсуді қамтамасыз етудің шараларын қолға алуға шақырамын. Бұл бағытта, мысалға, егер Сіз келесі президенттік мерзімге дауысқа түсуге бел байласаңыз халықаралық стандарттарға сай келетін еркін және әділ президенттік сайлау өткізу арқылы ілгерілеуіңізге болады және ол Сізге ақпандағы халыққа Жолдауыңызда көздеген мақсаттарыңызға жетуге күшті саяси және моралдық мандат береді».

 
Хатта сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі тілек-пікірлер білдірілген.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар